Қазақстанда АЭС салу керек пе? Бұл сұрақ бүгінде ел аузы­н­­да, қоғам талқысында. Президент Жарлығына сәйкес шешімді референдум арқылы халық айтады.
Эрлан Батырбеков, профессор: Ғылым мен өнеркәсіптің қуатты драйвері болады
gulzhan_gul

«Айқын» ақпарат

10/09/2024 05:00

402
оқылды

Алайда қоғамда түрлі ой, түрлі көзқарас пен пікір қайшылығының болуы – заңды. Дегенмен «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дейтін қазақ үшін қандай мәселеде де маманның пікірі маңызды. Біз  Ұлттық ядролық орталықың бас ди­ректоры Эрлан Батырбековтен атом энергетикасы елі­мізді қанша жылға электр энергиясы тапшылығынан құт­қаратынын сұраған едік.

– АЭС-тің біздің еліміз үшін маңыздылығы қан­дай?

– Атом электр стансалары бүгінде мем­лекеттің экономикалық даму үшін энергияға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алатын тұрақ­ты, жоғары технологиялық және эко­ло­­гиялық таза энергия көздері екені дәл­ел­денген. Әлемнің 32 елінде жалпы белгіленген қуаты шамамен 375 ГВт (эл) болатын 415 атом энергоблоктары жұмыс істейді, бұл қолда бар барлық энергия генерациялаушы қуаттардың 10%-ын құ­рай­ды. Қазір әлемде 20 мыңға жуық реак­тор-жылу пайдалану тәжірибесі жинақталған. Сонымен қатар бүгінде тағы 60 атом энер­го­блоктары салынуда. АТЭХАГ-нің опти­мис­тік бол­жамына сәйкес, 2050 жылға қарай атом энергиясын генерация­лау үлесі 14%-ға жетеді. 

Қазақстанда электр энергиясының үдемелі тапшылығы байқалады. Болжалды теңгерімге сәйкес 2035 жылға қарай тапшы­лық белгіленген қуаттылықтың 3 ГВт-қа дейін жетуі мүмкін. Бүгінде Қазақстанның негізгі генерациялаушы қуаттары – КСРО кезінде салынған энергияның жылу көздері, олар өздерінің соңғы ресурстарын өндіруде және тез арада ауыстыруды қажет етеді. Сонымен қатар парниктік газдар шығарын­ды­ларымен байланысты жаһандық экология­лық қатерлердің өсуін ескере отырып, біздің мемлекет 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптандыруға қол жеткізу бағытын қабыл­дады. Еліміздің көміртегі бейтараптан­дыруға қол жеткізудің тиісті стратегиясы Пре­зидент Қасым-Жомарт  Тоқаевтың Жарлығымен бекітілген. 

Қазақстанның электр стансалары жиын­тығының қолжетімді қуаты – қазір 20 ГВт-дан аспайды. Ірі өндірістік кәсіп­орындар электр энергиясының негізгі тұтыну­шылары, олар барлық тұтынушының 70%-ын құрайды. Жақын болашақта олардың саны артады, ал өнеркәсіптік кәсіпорындарға базалық электр қуаты деп аталатын көздерден электр энергиясын тұрақты, тәулік бойы жеткізу қажет. Мұндай көздерге ЖЭС және АЭС жатады. ЖЭС салу тиімсіз болғандықтан, базалық қуатты генерациялау бөлігінде біз үшін жалғыз шешім тиімді, экологиялық таза атом энергетикасын дамыту маңызды. Бұл шешім көлемі бойынша Қазақстан Республикасының әлемдік көшбасшы, атом отыны үшін бастапқы шикізатты – та­би­ғи уранды өндіру фактісімен және Ұлт­тық ядролық орталығы болып саналатын дамыған ядролық ғылымның болуымен негізделген. Сондықтан атом энергетикасын дамыту біз үшін уақытылы және жалғыз дұрыс шешім екені белгілі.

– Халық арасында АЭС салуға емес, оны кім салатынына алаңдаушылық басым  сияқ­ты. Әлемдік тәжірибеде қай елдің атом электр стансасы қауіпсіз деп саналады және біз кім­ді таңдауымыз керек деп ойлайсыз?

– Қазақстанда АЭС салу үшін қандай да бір реакторлық технологиялардың қолай­лылығына қатысты Ұлттық ядролық орталық ұсынылатын реакторлық техноло­гия­ларды бағалау үшін алдын ала өлшем­­шарттар әзір­легенін атап өту қажет. Олардың негізгілері келесі­лерді айқындайды: реактор референтті болуы тиіс, яғни қазірдің өзінде салынған үлгісі және пайдаланудың оң тәжірибесі болуы тиіс. Қарастырылып отырған реактор база­сындағы АЭС III немесе III+ буынына жатқызылуы керек, реактор әлемдегі ең кең таралған және жақсы жағынан танытқан жылу нейтрон­дарында екі контурлы, су-сулы болуы және реактор қондырғысының қуат диапазоны 1000 – 1400 МВт аралығында болуы керек. 

Біз әзірлеген өлшемшарттарды ескере отырып, қазір Қазақстанда АЭС салу жөнін­дегі жобаны іске асыруға қызығушылық білдірген және келіссөздер жүргізіліп жатқан реакторлық технологияларды жеткізушілердің шорт-парағы қалыптастырылды. Бұл парақ­қа әлемдегі төрт жетекші: EPR-1200 реакторы бар француздық EDF, ВВЭР-1200 реакторы бар ресейлік «Росатом» МК, APR-1400 реакторы бар кореялық KHNP және АPR-1000 реакторы бар қытайлық CNNC ком­паниялары кіреді. Техникалық жоспарда барлық ұсынылған реактор қажетті өлшем­дерге сәйкес келетіндіктен, Қазақстанда АЭС салуға қатысты референдумда мәселе оң шешілген жағдайда ел мен техноло­гия­ларды жеткізуші компанияны таңдау кезінде мәселелердің барлық жиынтығы, мысалы: болашақ АЭС үшін құрылыс пен отын өндірісін оқшаулау мәселелері, кре­дит­теу шарттары және ұсынылатын жобаның қаржылық схемасы, пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу мәселелері, әрине, құрылысқа жоспарланған күрделі шығындар және тағысын тағылар қаралуы тиіс. Сон­дық­тан қай ел салатыны туралы сұрақ әлі де талқылауға жатады.

– АЭС үшін қажетті кадр мәселесі қалай шешіл­мек, оны салуға және дұрыс пайдалануға отандық мамандардың әлеуеті жете ме?

–  Ұлттық ядролық орталықың мысал­ында ғана оның қалыптасуы кезінде негізгі міндеттердің бірі – елімізде атом энергетика­сын дамыту үшін ғылыми-техникалық, тех­нологиялық және кадрлық база құру. Қазір Ұлттық ядролық орталық атом сала­сының кадрларын даярлау мәселелеріне көп көңіл бөлуде. Өз қызметіміз барысында біз жоғары білікті деген көптеген ғылыми кадрды дайындадық. Кәсіпорында өңірлік университеттердің бітіруші кафедраларының 3 филиалы жұмыс істейді.

Еліміз атом энергетикасында жұмысын жаңадан істеп жатқан жоқ – Ақтауда 1973 жылдан 1999 жылға дейін әлемдегі алғашқы ЖН-350 жылдам нейтронды тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор сәтті пайдаланылды, қазір 3 зерттеу реакторы, екеуі Ұлттық ядро­лық орталықта және біреуі Ядролық физика институтында жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге Қазақстанның атом саласы атом энергетикасының бастапқы шикізатын жеткізуші және ірі кәсіпорын – Қазатом­өнеркәсіп компаниясымен, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында жұмыс істейтін басқа да ұйымдар түрінде ұсынылғанын атап өткен жөн. Жалпы, жобалық пысықтауды ғылыми сүйемелдеу, құрылыс, АЭС-ті пайдалану және пайдаланудан шығару мәселелері бойынша біз тұтастай алғанда қажетті кадр­лармен қамтамасыз етілгенбіз.

Әлемдік тәжірибеге сәйкес АЭС-ті пайдаланушы персоналын жасақтау үшін орта есеппен 2 энергоблокты АЭС-ті пай­далану кезеңінде жоғары және арнаулы орта білімі бар 2000 адамға дейінгі персонал қажет. Ол үшін атом энергетикасын дамыту­дың болашақ мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде кадрлар даярлаудың тиісті жоспары көзделеді.

Қазір Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық және инженерлік саладағы ғылыми және білім беру негізін кеңейту бойынша нақты жұмысқа кірісті және нақты шешімдер қабылдап, шетелдік техникалық жоғары оқу орындары­ның филиалдарын ашу, техникалық маман­дық­тарға гранттарды ұлғайту және тағы басқа да кезеңіне шықты. АЭС реактор қон­дырғысын жобалаушылар мен өндірушілер кез келген жағдайда әдетте, персоналды даярлаудың мамандандырылған бағдарлама­сын қарастыратыны атап айтуымыз керек.

– АЭС салу үшін екі алаң таңдалғаны белгілі. Дегенмен нақты таңдау Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылына түсіп отырған сияқты. Сіздің ойыңызша, қайда салған тиімді?

– Бүгінде Ұлттық ядролық орталық Қазақстанда АЭС салу бойынша дайындық жұмыстарына ғылыми-техникалық қолдауды қамтамасыз ететінін айта кету керек. Бұл бағытта біздің кәсіпорын негізгі қатысу­шылардың бірі болып табылатын жұмыс пен зерттеулердің үлкен көлемін орындады. Ең өзекті зерттеулерде АЭС-ті орналастырудың басым аудандары белгіленді, олар Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен кенті және Абай облысы Курчатов қаласы. Зерттеулерде сондай-ақ Қазақстан жағдайында құрылыс үшін реакторлық қондырғының оңтайлы түрі айқындалды, АЭС қауіпсіздігінің қажетті аспектілері қаралды, қолда бар және қажетті инфрақұрылым, радиоактивті қалдықтармен және пайдаланылған ядролық отынмен жұмыс істеу мәселелері, құрылыс пен жобаны басқарудың ықтимал схемалары, сондай-ақ көптеген басқа да мәселе, оның ішінде бола­шақ АЭС үшін кадрлар даярлау қажеттілігі талданды. Еліміздің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ес­кере отырып, стансаның қуаты 2 800 МВт дейінгі АЭС құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының ауданы ұсынылды.

– Егер біз еліміз үшін стратегиялық және экономикалық шығындар тұрғысынан АЭС құрылысының тиімділігіне назар аударатын болсақ… Бұл өзін ақтай ма?

– АЭС құрылысы еліміздің энергетикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте электр қуатының тапшылығы проб­лемасын шешуге ықпал етеді, сонымен бір­ге тек атом саласында ғана емес, әлемдік тәжірибеден белгілі болғандай, атом сала­сындағы бір орын өнеркәсіптік аралас сала­ларда 10 орынға дейін басқа да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. АЭС қазақстандық ғылым мен өнеркәсіптің қуатты драйвері болады, біздің табиғи бай­лығымызды, атап айтқанда, шетелге сататын уранды барынша толық және ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

АЭС тікелей орналасатын аудан үшін тікелей инвестициялардың көзі болады, бұл – осы аймақтың инфрақұрылымы мен эко­номикасының дамуына айтарлықтай әсер етеді деген сөз. АЭС құрылысы және оны пайдалану жобасына тікелей тартылған экономикалық белсенді халықтың да, қызмет көрсету саласында жұмыспен қамтылған халықтың да ағынының өсуіне алып келеді. Өңірдің бюджетіне түсетін салық түсімдерін бірнеше есе арттырады және оның тұрғын­дарының өмір сүру сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұл оң өзгерістердің мысал ретінде келтіруге болатын толық тізімі емес.

– Атом электр стансаларының климаттың өзгеруіне, экологияға әсері қандай?

– Егер экология туралы және оған атом электр стансасының құрылысы қалай әсер ететіні туралы айтатын болсақ, жауабым біржақты – сөзсіз оң әсер етеді. Әлемде көмір­сутек шикізатын жағатын жылу стан­салары атмосфераға шығаратын көмірқышқыл газы мен басқа да зиянды заттектердің кон­центрациясы қауіпті түрде өсіп келе жатқаны ешкімге құпия емес. Тіпті, көмірді жағу өнімдерін тазартудың заманауи жүйе­лерімен жабдықталған жылу стансасы, бір жыл ішінде атмосфераға қуатына қарай және әртүрлі бағалау бойынша 7-ден 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 2-ден 20 мың тоннаға дейін азот тотығын, 700-ден 1 500 тоннаға дейін күлді шығарады, ал арнайы тазартусыз екі-үш есе жоғары және 3-тен 7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Сонымен қатар жүздеген тонна улы метал – күшән, кадмий, қорғасын, сынап және т.б. орын алған жүздеген мың тонна күл түзіледі. Бұл оғаш болып көрінуі мүм­кін, бірақ эксперименталды түрде ірі ЖЭС аймағында сәулеленудің жеке дозалары АЭС маңындағы ұқсас дозадан 5-10 есе асып түсетіні анықталды. Бұл атмосфераға жану өнімдерімен бірге шығарылатын ЖЭС-ке арналған бастапқы шикізаттағы табиғи радионуклидтердің орын алуымен шартталған. 

Сонымен бірге АЭС жанында қалыпты пайдалану үдерісінде тек  қарапайым, табиғи радиоактивті фон тіркеледі. АЭС-тің бел­гі­ленген қуаттылығының бір ГВт-ы жылына 5,9 млн тонна көмір немесе 2,2 млн тонна мазут немесе 2,6 млрд текше метр газ үнем­деуге мүмкіндік береді. Бұл ретте егер көмір стансасы туралы айтатын болсақ, органикалық отынды жағу кезінде пайда болатын зиянды газдардың көп мөлшерінің шығарылуына және жылына 830 мың тоннаға дейін қатты қалдықтардың пайда болуына жол берілмейді.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

Ғылым өнеркәсіп Эрлан Батырбеков АЭс салу қуатты драйвер

Үйлену бойынша көш бастап тұрған 3 өңір аталдыМәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов туған ауылдағы халықтың ахуалы қалайМырзағали Айтжанов қызын Махмұт Сабырханға ұзаттыҚорғаныс министрлігі Ақтаудағы сарбаз өліміне қатысты мәлімдеме жасады«Өзім аң-таңмын»: Мырзағали Айтжанов «танымал боксшыға қызын тұрмысқа берді» деген ақпаратқа пікір білдірдіАтышулы блогер Мұрат Әбділда бостандыққа шықты

СҰХБАТЖАҢАЛЫҚТАРA-NEWSPAPER

Гаухар Тасбергенова: Консерваторияны жаңа деңгейге көтеру – басты мақсат

Жаңа оқу жылы басталды. Еліміздегі жоғары оқу орындарына ондаған мың студент оқуға түсті. Соның ішінде биыл 280 талапкер Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын таңдап, музыка өнерін меңгеруге бел буды.
Гаухар Тасбергенова: Консерваторияны жаңа деңгейге көтеру – басты мақсат
gulzhan_gul

«Айқын» ақпарат

07/09/2024 06:20

553
оқылды

Қазақстан мен шетелдерде қажет білікті мамандарды даярлауды жоғары деңгейде қамтамасыз етіп келе жатқан еліміздің жетекші музыкалық жоғары оқу орнына биыл – 80 жыл. Көпке белгілі музыканттарды тәрбиелеп шығарған бірегей білім ордасының бүгінгі жағдайы, консерваторияның биылғы мерейтойын қалай тойлау жоспарланып отырғаны, оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен оқыту үдерісіндегі мәселелер, студенттер мен профессорлар қандай қиындықтарға тап болып жатқаны туралы ректор Гауһар Тасбергеновамен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Гауһар Қошқарбекқызы, ректор қыз­метіне тағайындалғаныңызға көп уақыт өт­пе­ді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның ғана емес, бүкіл дүниежүзіндегі музыка сахнасына кадр дайындап отырған білім ордасының басшысы қызметіне кіріскен­іңізге екі ай болды. Студенттерді қабылдау­ға дай­ын­дала алдыңыз ба? 

– Қызметке жаңа тағайындалғаныммен, консерватория өзім түлеп ұшқан мектебім. Менің бүкіл өмірім консерваториямен бай­ланысты. Осы жерде фортепиано сыныбын бітірдім. Кейін осында «Арт-менеджмент» бағдарламасы бойынша PhD докторы атандым. Сондықтан консерва­тор­ия сту­денті болудың қандай екенін жақсы біле­мін.

Дайындыққа келетін болсақ, жаңа оқу жылына тастүйін әзірміз десек те болады. Биыл 250 студентті грантқа, 30 студентті ақы­­лы негізде қабылдадық. Қазір бізде 20-дан астам мамандық бойынша 14 кафед­ра бар.

Біздің жоғары оқу орны бұрыннан өз оқытушыларының жоғары кәсіби шебер­лі­гімен танымал. Соның арқасында біз Қа­зақстаннан тысқары жерлерге де таны­мал әйгілі музыканттардың тұтас бір шо­ғы­­р­ын тәрбиеледік. Оқуын жаңа бастап жат­қан студенттеріміз де бүкіл ел мақтан ететін көрнекті өнерпаздар болатынына шын жүректен сенемін.

– Қандай мамандықта болсын, оқыту­дың академиялық жағынан бөлек, практи­ка  мә­се­лесі өте өзекті. Музыканттарды дай­ын­дау­да практика қалай жолға қойыл­ған?

– Иә, музыканттарды дайындау ерек­ше тәсілді қажет етеді. Студенттердің бар­лы­ғы бірдей солист немесе концертмейстер бола бермейді. Көбі екінші немесе үшінші скрип­ка ретінде оркестрде жұмыс істейді. Бұл да арнайы тәжірибені қажет етеді.

Біз студенттермен жұмыс істеуге бел­гілі музыканттарды шақырамыз. Осылай­ша, олар нағыз кәсіби мамандардан сабақ алады. Мысалы, бізде «Астана Опера» театрының бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабаева, дарынды дирижер Қанат Омаров­ сияқты шеберлер сабақ береді. Бұл сту­денттердің солист шеберлігін мең­геріп қана қоймай, оркестрде жұмыс істеуді үйренуіне мүмкіндік береді. Бұл олар­дың болашақ мансабы үшін өте маңыз­ды.

– Консерваторияның өз студенттік ор­кестрі бар ма?

– Әрине. Консерваторияда бірнеше студ­енттік оркестр бар. Қазір бес оркестр – симфониялық, камералық, халық аспап­тары, фольклорлық және үрмелі аспаптар оркестрлері жұмыс істейді. Бұл музыкант­тарды дайындаудың маңызды бөлігі. Біз студенттердің прак­тикалық тәжірибе алуын барынша қамта­масыз ету үшін белсенді қызмет атқарамыз. Өңірлерден келген муз­ы­ка­лық колледж­дердің үздік студенттерімен тәжірибе алма­суды да енгізіп жатырмыз. Бұл оларға біздің студенттермен оркестрде бірге ойнауға мүм­кіндік беріп, кәсіби өсуі­не, одан әрі дамуына ықпал етеді.

Симфониялық оркестріміз жоғары дең­гейде өнер көрсетіп жүр. Тамыз айында Мәскеуде атақты маэстро Юрий Башмет ұйымдастырған Әлемдік жастар оркестр­лері фестиваліне қатысты. Консерватория­ның сегіз студенті Юрий Абрамовичтің же­­тек­­шілігімен Моцарт бағдарламасын орын­даған ТМД елдерінің біріккен жастар симфония­лық оркестріне іріктеліп алын­ды. Бұл жас музыканттар үшін үлкен жетіст­ік. Сондай-ақ біздің оркестр сту­дент­­тік оркестр болса да, үздіксіз дамып, үлкен жетістік­терге жетіп келе жатқаны­ның дәлелі.

– Жетістіктермен қатар консерва­тор­ия­дағы кейбір мәселеге де тоқтала кетсек. Мысалы, жақында ғана Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов консерваторияда бірнеше проблема барын айтып пікір білдірді.

– Иә, Ринат Рифхатұлының пікірін мен де естідім. Әрине, өзі консерваторияға келіп, көзімен көріп кетсе жақсы болар еді, 100 рет біреуден естігеннен бір рет өз көзі­мен көрген артық қой. Өйткені про­блема­л­ар жоқ емес, оны ашық айту керек, соның ішін­де депутаттардың да мәселені білгенін құп көреміз. Мысалы, жақында бізге бір­қа­тар мәселе бойынша Мәжілістің Әлеумет­тік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов арнайы келді. Бұл кез­десу өте маңызды қадам болды. Шығар­ма­шы­лық университеттер саласындағы заңнаманы жетілдіруге қа­тысты бірқатар мәселені талқыладық. Мысалы, Doctor of Art мамандандырылған докторантурасын ашу, магистратура бағдарламалары мен док­торанттардың жарияланымдарына қойыла­тын талап­тарды өзгерту, сондай-ақ концерт­мейс­терлердің жалақысын көтеру. Бұл өзгер­іс­тер музыкалық білім беру сапа­сын айт­ар­лықтай жақсартады.

Ең алдымен, консерватория мәселе­лері­не назар аударып отырған барлық жан­ашыр қайраткерге, соның ішінде Мә­жіліс депутат­тарына шын жүректен алғыс­ымды білдіре­мін. Бұл біз үшін өте маңыз­ды. Өзекті мәсе­лелерді жоғары дең­гейде көтеру оны тиімді шешуге мүмкіндік бер­еді.

Ұзақ уақыт бойы консерватория бас­шы­лығы белгілі бір шешімдерге жауап­керші­лікпен қараған жоқ. Салдары­нан бүгінде көптеген мәселе туындап отыр. Иә, консер­ва­торияда қиындық тудырып отыр­ған мәсе­лелер бар. Мысалы, матер­иал­дық-тех­ни­калық база ескірген, жаңар­туды қажет етеді. Жалпы, қаржылан­дыру көлемі ұл­ғайса, жоғары білікті маман­дарды даяр­лауға, Қазақстанның музыка өнерін дамы­ту­­ға үлкен септігін тигізер еді. Тарихи ма­ң­ы­зы зор кон­церт­тік залдарымыз күрделі жөн­деуді қажет етеді. Әсіресе, орган залы. Оны қал­­пы­на келтіру үшін айтарлықтай қар­ажат қажет. Бұл мәселелер жедел шешуді талап етеді. Біз­­дің меценат­тар мен демеу­шілер де осы қажет­тіліктерге назар аудара­ды деп үміт­­тенемін.

Ректорлық қызметке тағайындалған кезімде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева консерваторияға қатысты проблемалық мәселелерді анықтап, оның алдағы даму стратегиясын ұсынуды тап­сыр­ған болатын. Біз осы бағытта негізгі ұсынымдарды дайындап, талқыладық. 

Ал­да­ғы уақытта министрлікпен бірлесе отыр­ып, осы мәселелерді шешу бойынша жұ­мыс істейтін боламыз.

Консерваториямыздың келешекте да­муы үшін аса маңызды мәселелерді ше­шуде қамқорлық танытып, белсенді қол­дау көр­сет­кен депутаттарымызға тағы да алғыс айта­мын. Бірлескен күш-жігердің арқасын­да өнер ордасын жаңа деңгейге көтеріп, оның одан әрі өсіп-өркендеуін қамтамасыз ете аламыз деп сенемін.

Проблемаларға осылай көңіл бөліп, ашық айтудың арқасында біз консерва­торияның оқу үдерісі мен материалдық-техникалық бөлігін тиісті деңгейге жеткізе аламыз деп ойлаймын. Ал сұрағыңызға қайта оралсақ, профессорлық-оқытушы­лық құрамды қысқарту болған жоқ. Қыс­қарту алдағы жоспарымызда да жоқ екенін толық жауапкершілікпен айта аламын. Себебі біз үшін әрбір ұстазы­мыздың орны ерекше. Түптеп келгенде, олар қазақ мә­ден­­иетіне қажет бірегей кадрлар.

– Консерваторияның алдағы мерейтойын қалай және қай деңгейде өткізуді жоспарлап отырсыздар?

– Биыл Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына 80 жыл толып отыр. Бұл – әйгілі музыканттардың тұтас бір буынын тәрбиелеп, әлі де Қазақстан мен әлемнің музыка өнерінің дамуына үлес қосып келе жатқан оқу орнымыз үшін маңызды да атаулы дата.

Мерейтойлық шаралар қараша айы­ның соңында басталып, жоғары деңгейде өтеді. Желтоқсан айының басында үлкен мерей­тойлық концерт болады. Оған консерва­тор­ия­ны дүниежүзіне танытқан атақты түлек­терді шақырдық. Қонақтар арасында біздің консерваторияның құр­метті про­фес­сор­лары да болады. Олар – музыкадағы әлем­дік есімдер. Бірақ нақты кім келетінін айт­­пай-ақ қояйын. Бұл біздің қонақтары­мыз бен қатысу­шы­ларымыз үшін ерекше тосынсый болмақ.

Мерейтойлық шаралар бір аптаға созы­лады. Әрі тек концерттермен шек­тел­мей, мерейтойға маңызды шығарма­шылық элемент қосатын шеберлік сабақ­­тарын да қамтиды. Барша қазақ­стандықты Алматы­ның ең үлкен алаң­дарының бірінде өтетін осы айтулы шараға қатысуға шақырамын. Бұл біздің консерваториямыз үшін тарихи оқиға болады деп сенемін.

Біз өз тарихымызды мақтан тұтамыз және алда әлі талай жетістіктер мен үлкен жеңістер күтіп тұрғанына сенімдіміз!

– Әңгімеңізге рақмет! Қызметіңізге сәт­тілік тілеймін. Алдағы мерейтойларыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан 

Ардақ СҰЛТАН

Ғылым өнеркәсіп Эрлан Батырбеков АЭс салу қуатты драйвер

Үйлену бойынша көш бастап тұрған 3 өңір аталдыМәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов туған ауылдағы халықтың ахуалы қалайМырзағали Айтжанов қызын Махмұт Сабырханға ұзаттыҚорғаныс министрлігі Ақтаудағы сарбаз өліміне қатысты мәлімдеме жасады«Өзім аң-таңмын»: Мырзағали Айтжанов «танымал боксшыға қызын тұрмысқа берді» деген ақпаратқа пікір білдірдіАтышулы блогер Мұрат Әбділда бостандыққа шықты

Бүгін TRENDS
  1. Мақпал Жүнісова әлеуметтік желі арқылы халықтан кешірім сұрады  5,207
  2. Боксшы Қамшыбек Қонқабаев Бишімбаев отырған түрмеге барды  4,156
  3. Қазақстанда кімдер өмір бойы жәрдемақы алатыны белгілі болды  2,829
  4. «Нағыз бақыттың не екенін түсіндім»: Ерке Есмахан жан сырын ақтарды  2,256

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA


Вы пропустили

Выставки декоративно-прикладного искусства организовали на участках Аршалынского района

Выставки декоративно-прикладного искусства организовали на участках Аршалынского района