Ел экономикасының дамуы және келешегі энергетикалық жағдай мен табиғи байлық қорына байланысты. Бізде мұнай, газ және уранның мол қоры бар. Бірақ осыншама байлықтың есебі қайда дегенде іркіліп қалатынымыз да рас. Шикізаттың дайын өнімге айналмай жатқаны жұртшылықты қатты ойлантады. Өндірген өнімнің негізгі бөлігі тым арзан құнмен экспортқа шығады. Ал шикізат өнім күйінде сатылса, бағасы жоғары болатыны белгілі. Тәуелсіздік алғалы үлкен өндірістерді іске қоса алмадық. Өркендеген экономика құру қолдан келмеді.
Egemen Qazaqstan
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Бізде «жасыл» экономиканың тұжырымдамасы қабылданған. Бүгінде бірнеше жоба Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында іске асырылды. Қазғұрт ауданындағы Өгем өзені орта ағымында су электростанса каскадының (бірнеше) алдын ала жобалау жұмысы аяқталып, жобалау жұмысы басталды. Бес ГЭС-тен бірінші кезеңде 72 Мвт электр қуаты өндіріліп, өңірдегі 5 ауданға ауызсу мәселесі шешіледі. Жылына 110 млн текше метр су алынады. Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің бойында бірнеше жоба, Отырарда қуаты 50 Мвт күн электр стансасы салынып жатыр. 2019 жылы Сайрамсу өзенінің жағасында ШГЭС «Кеңес-1» 2,5 Мвт іске қосылды. ШГЭС «Кеңес-2» жобалау жұмысы басталды.
Жоба бойынша елде 23 000 Мвт электр қуатының 17 000 Мвт-ы тұтынылады. Әрине, әзiрге жеткiліктi. Егер ертеңді ойлайтын болсақ, органикалық шикiзат шексiз емес екенiн түсiну керек. Келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сұрақ туады. Сол үшін қазіргі энергетикалық жүйенi баламалы қуат өндiруге бет бұрғызғанымыз абзал. Мысалы, жел мен өндiретiн қуаттың ел бойынша әлеуеті – 92 млрд квт/с. Ал өзендер арқылы алынатын электр қуатының әлеуеті – 62 млрд квт/с. Күннен өндiрiлетiн қуаттың көлемi де сол шамалас.
Елдің үдемелі дамуына, оның технологиялық әртараптандыруына күрделі және маңызды екінші қадам – атом энергетикасының дамуы. Өйткені уран барын, оның қоры бойынша әлемде екінші орында екенімізді ескерсек, АЭС салу ісіне жүрексінбей кірісуге болады. Онда атом өнеркәсібі мен медицина саласында ғылыми зерттеу, ауыл шаруашылығы, экономиканың барлық бағытында дамуға зор мүмкіндіктер туады. Заманауи технологиялардың деңгейі атом стансасын салуға жетеді. МАГАТЭ талаптарына сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, керекті міндеттелген стандарттарын қолданып, шыққан қалдықтарды залалсыздандырып, тиісті шараларын орындап отырса, ешқандай қорқыныш болмауға тиіс.
АЭС жан-жақты дамуға үлкен мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыдан қарасақ, тиімділігі жоғары. Электр энергиясының құны төмен. Уран – салыстырмалы түрде арзан әрі тиімді отын. Бізде ол көп. Ұзақ уақыт қызмет етуіне байланысты (60 жылдан астам) атом реакторының пайдалану шығындары да төмен болады. Яғни бастапқы үлкен шығынына қарамастан, ұзақмерзімді экономикалық тұрғыдан тиімділік әкеледі. Жалпы, АЭС тұтынушыға ауыртпалық түсірмей, өзін-өзі ақтайды.
Елдің энергожүйесін, энергобалансын, базалық қуатын әртараптандыруға және жабдықтау тұрақтылығына АЭС елеулі әсер етеді. Атом энергетикасын дамыту – халық шаруашылығының барлық саласын әртараптандырып, инновациялық, технологиялық серпіліс сыйлайды.
Еліміздің парниктік газ шығарындыларын азайту бойынша халықаралық ұйымдар алдында міндеттемелері бар. Осы орайда Президент жариялаған жалпыхалықтық референдумға халық үн қосады, қолдайды деп ойлаймын.
Меніңше, келешекте Атом өнеркәсібі министрлігін құруды қолға алу керек. Ал АЭС-ті Америка, Жапония, Франция, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай технологиясы арқылы салуды ашық бәсекеде шешуге болады. Сонымен қатар газ электр қуатын да естен шығармаған жөн. Қысқамерзімді келешекке бағыттасақ газ стансасының пайдасы өте зор болады. Біздің елде шыққан газдың жартысынан көбі жер астына қайта жіберіледі. Ол газды пайдалану үшін газ өңдейтін бірнеше зауыт салу керек.
Ең күрделі мәселе – энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттырып, елдің ішкі жалпы өнімінің энергия сыйымдылығын 2050 жылға қарай кем дегенде 2 есе төмендету бойынша мақсат қойылған. Бүгінде ІЖӨ-нің энергия сыйымдылығының көрсеткіші орташа әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есе, ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда 4 есе жоғары. Ал ТМД елдері арасында 5-орында келеміз.
Бұл мәселенің маңызын, тиімділігін, экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін мойындап, әлемдегі дамыған елдер қатарына қосыламыз десек, қазірден бастап қолға алып, шұғыл әрекетке кірісуіміз қажет. 2012 жылы «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» Заң қабылданды, оны іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Мемлекеттік энергетикалық тізілім жасалды. Электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылды. Энергия тиімділігінің картасы түзілді. Энергетикалық аудит, энергия сервистік шарттар жүйесі енгізілді.
Мемлекеттік деңгейдегі экономиканы әртараптандыру, осы бағыттағы технологиялық, инновациялық үдемелі қадамдардың керектігі, өңірлік саясат жүргізу, кадр дайындау шаралары бүгінгі күні кезек күттірмейтін, өз шешімін күтіп тұрған күрделі мәселелер. Өз пікірімді қорытындылай келе айтарым – ел экономикасы болашақта дамыған экономикалармен терезесі тең тұруы үшін энергетикалық сала әлеуетін арттыруға бүгіннен кіріскен абзал. Ол мақсаттарға жету үшін біз бүгіннен бастап еліміздің барлық өңірінде жаңартылатын энергия көздерін көбейту, атом энергетикасының дамуын, сол бағытта атом стансасын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет деп санаймыз.
Мақсұт Ордабаев,
ТМД еңбек сіңірген энергетигі, инженер