Бұл туралы ҚР ЭМ Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Ғани Мәди BAQ.KZ тілшісіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 АЭС салуға қауқарымыз барына сенімсіздік білдіретіндер бар. Сіз осы саланың басы-қасында жүрген маман ретінде оларға не айтар едіңіз? Қазақстан АЭС салуға дайын екеніне қандай дәлел келтіруге болады?

– Атом энергетикасын дамыту үшін бізде барлық қажетті жағдайлар бар. Қазақстан өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орында және іс жүзінде бізде толық ядролық отын циклі бар.

2021 жылы Үлбі металлургия зауытының базасында атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын өндіретін зауыт ашылды, оның өнімі Қытайға экспортталып жатыр.

25 жыл бойы Ақтау қаласында әлемдегі алғашқы жылдам нейтронды ядролық реактор (БН-350) сәтті пайдаланылды. Қазіргі уақытта атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында ғылыми зерттеулер жүргізілетін Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында зерттеу реакторлары жұмыс істейді. Осы зерттеулердің нәтижелері әлемде жұмыс істеп тұрған атом электр станцияларында практикалық тұрғыдан қолданылып жатыр.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК және «Ядролық физика институты» РМК атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрлар даярлау бойынша белсенді жұмыс істейді. Сондай-ақ елімізде атом өнеркәсібі де жақсы дамыған. Уран қоры бойынша Қазақстан әлемде Австралиядан кейін екінші орында, ал өндіру бойынша бірінші орында. Еліміз әлемдік өндірістің шамамен 40%-ын қамтамасыз етеді. Қазақстанда уран кенін өндіруден бастап ядролық отын өндірісіне дейінгі ядролық отын циклінің буындары жұмыс істеуде. Соңғы үш жылда қазақстандық ядролық отын Қытай атом электр станцияларына жеткізіліп жатыр.

Мұның бәрі отандық атом энергетикасын дамыту қажеттілігі туралы сенімді түрде айтуға мүмкіндік береді.

АЭС салу тек энергетикалық және экологиялық міндеттерді шешіп қана қоймай, ғылыми зерттеулер мен білім беру бағдарламаларын дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

АЭС салу материалдар мен жабдықтар өндірісіндегі құзыреттілік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бюджетке инвестициялар мен салық түсімдерінің ағынын қамтамасыз ете отырып, елдегі технологиялардың дамуына елеулі үлес қосады.

Сонымен қатар, құрылыс кезеңінде шамамен 8000 жұмыс орны құрылып, пайдалану кезеңінде 2000 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, атом электр станциясындағы әрбір жұмыс орны аралас салаларда 10-ға дейін жұмыс орнын ашады, бұл еңбек нарығына және бүкіл аймақтың дамуына оң әсер ететін болады.

 Неліктен Жапония еліміздегі ядролық технологиялардың бастапқы тізімінен шығарылды?

– Қазақстан әлемдік ядролық технологияларды жеткізушілердің 6 технологиясының техникалық-коммерциялық ұсыныстарын, оның ішінде Американың Nuscale Power (Nuscale реакторы) компаниясының және американдық-жапондық General Electric-Hitachi (BWRX-300 реакторы) компаниясының шағын модульдік реакторларын қарастырды. Жапондық компаниялардан басқа ұсыныстар түскен жоқ.

АЭС құрылысының бірінші кезеңінде қуаттылығы жоғары референттік реакторлар, яғни пайдалану тәжірибесі бар реакторлар қарастырылады. Әлеуетті жеткізушілердің «шорт тізіміне» келесі компаниялар кірді: қытайлық «CNNC» – HPR-1000 реакторы (ҚХР-да 28 энергоблок салынуда), ресейлік «Росатом» – ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары (Ресей Федерациясында 4 энергоблок Түркияда 4 энергоблок, Бангладеште 2 энергоблок, Египетте 4 энергоблок салынуда), корейлік «KHNP» – APR-1400, APR-1000 реакторы (Оңтүстік Кореяда 2 энергоблок салынуда) және француздық «EDF» – EPR1200 реакторы (Францияда 1 энергоблок салынуда).

Сонымен қатар, қазіргі уақытта шағын модульдік реакторлар референттік емес, яғни оларда жұмыс тәжірибесі жоқ екенін атап өткен жөн. Қазіргі уақытта шағын қуатты реакторлардың көпшілігі құрылысқа рұқсат алу үшін реттеуші органдардың мақұлдауын алу сатысында немесе лицензиялау процесінде. Осыған байланысты шағын модульдік реакторлар әлеуетті жеткізушілер тізіміне қосылмады.

Осы технологияларды пайдаланудың оң тәжірибесі пайда болғаннан кейін және олар өздерінің тиімділігі мен қауіпсіздігін тәжірибеде көрсеткеннен кейін шағын модульдік реакторлар Қазақстан үшін неғұрлым тартымды нұсқа болуы мүмкін.

 Атом электр станциясы үшін аймақты таңдаудың негізгі критерийлері қандай болды?

– 2013 жылы Ведомствоаралық комиссия мен жұмыс тобы құрылды, олар АЭС-тің бірнеше ықтимал орналасу орындарын мұқият және жан-жақты зерделегеннен кейін екі аудан ұсынды: Абай облысының Курчатов қаласы және Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылы.

Екі ауданда да мамандарды тарта отырып, алдын ала зерттеулер жүргізілді, тарихи және ғылыми құжаттар зерделенді. Екі алаңның да атом электр станцияларын салуға жарамдылығын расталды.

Мемлекет басшысының Қазақстанда атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында реакторлық технологияларды таңдау бойынша бұрын жүргізілген зерттеулерді өзектендіру, блоктардың бірлік қуатын және АЭС салу ауданын айқындау бойынша жұмыс жүргізілді.

Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша, қауіпсіздіктің барлық қажетті аспектілерін, табиғи-климаттық факторларды, энергетикалық инфрақұрылымның дамуын, сондай-ақ бірінші кезекте елдің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ескере отырып, АЭС құрылысының неғұрлым қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданының Үлкен ауылының ауданы ұсынылды.

ЭНЕРГЕТИКА АЭС РЕФЕРЕНДУМ

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram — ға

От Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA