«Еңбек адамы» жайлы жазу керек деген соң, ұзақ ойландым. Қазақтың бәрі еңбекқор. Ескі масылдық ойдан. Іркіттей іріген санадан арылған қазақ. Әсіресе, тоқсаныншы жылдардың басында. Ұзақ жыл. Сәбет үкіметінің ықпалында жүріп таңды атырып, кешті батырған қазақ алғашқы тоқыраудың лебі кезінде, асау толқынға қарсы тұра алмай есеңгіреп қалды.
Қайтып жан бағамыз?
Қайтып мал бағамыз деп. Жекеменшіктің әуені де, ызыңы да басқа еді. Еріні қимылдағандар жырақталып «жеке шықты» иықтары көрініп, бастары қылтиғандар ортақ өгізден, оңаша бұзаудың күші артық екендігін көзі жетіп, түсінді.
Әйтпесе, құр айқай ән болмастың керімен жүргендер алғашында абдырап қалды. Жеке-жеке шаруашылық құрылды. Баяғыда, бала кезімізде «Бәленше майталман механизатор, темір тұлпардың құлағында ойнайды» дегенді еститін едік. Қазір екінің бірі механизатор. Тіпті ауылдың бесіктен белі жаңа шыққан баласына дейін трактордың құлағында ойнап, асау аттай шықпыртып шөп шауып жүр, малының қысқы азығын жинап әкесіне жәрдемдесіп жүр.
Қысқасы «қазақты жалқау» дегеннің өзі надан!
Қазақты жалқау деп айтқанның аузы былғаныш, сөзі мәкүрік.
Президенттің «Еңбек адамы» деген бастамасы, күні-түні қары талмай еңбек етіп жүрген адамның еңбегін бағалау, елге насихаттап жеткізу. Ұзақ ойландым. Бұрынғыдай емес, ауыл әкімдеріне хабарлассаңыз Құдайдың құтты күні, күндері қараң екі қолдары босамай, мұрындарынан шаншылып «алдын-ала» сан сылтауын айтып, байбаламдап шыға келеді. Жарайды дейсің. Бәлкім расында да, қауғырт шаруадан қолдары босамай жатқан шығар деп тақа мән бермейсің.
Баяғыда сәбет үкіметінің гүрілдеп тұрған уақытында ауылшаруашылығының мамандарының ішінен талайлары «герой» болды. Ол геройлар миллион пұт астық өндірді, мал басын көбейтті. Ауыл ол кезде гүрілдеп тұрған. Айы оңынан туып.
Рас, ақиқаты сол. Ауылсыз қазақтың күні қысқа. Ауыл болмаса ет пен сүт, жейтін нан мен тұзына дейін қат болар еді.
Біздің елде әрбір атаулы мереке бар. Бірақ, осы тасада қалып жүрген мамандықтың бірі малдәрігерлері.
Өйткені, бұл мамандықтың қадыры кетіп қала жаздаған. Алдыңғы буын малдәрігерлері қазір құрмет демалысына шыққан. Аға буын ақсақал, қария саналады. Бір жылы ауданымызда бұл салаға маман табылмай жан-жақтан маман іздеді. Алыстан емес іргеміздегі ауданымызға қарасты Қатаркөл ауылшаруашылық колледжі бар. Сол жерде ынталы жасқа. Оқимын деген балаға білім алуға болады, мол мүмкіндік берілген. Оқуын бітірген соң ауылға барып жұмыс істе. Еңбекақысы да жақсы.
Қырдағы қазақ әйтеуір малсыз жан бақпайды,
Малсыз күні өтпейді.
Азығы да, тіршілік тәртібі де малында. Күнкөрісін сонымен айырады.
Төрт түлік малы қазақтың со-нау заманнан келе жатқан күнкөріс көзі. Қазақ одан алшақтамайды. Бірақ, кім білсін алдағы уақытта сол малды емдеп, ауыра қалса укол беретін маманның өзі тапшы болуы да мүмкін.
Еңбек адамын іздеп, Қызылағаш ауылдық округіне қарасты Қарабауыр ауылына қарай жол тарттық. Әзібайдың жуантөбесі көрінді. Баяғыда Абылайдың заманында осы төңіректе, бір өзіне бес мың бас жылқы біткен атақты Әзібай деген бай бопты. Аяқ жағы тоқбалтырлы жуан тауды жарықтық Әзекең жайлап тұрыпты-мыс.
«Төре қорасы» дейді. Абылайдың ұрпағы осы жерді жайлаған. Бертін сәбет үкіметі орнаған тұста, осы төре қорасын қыстап отырған төрелердің соңына шырақ алып түскен қызылдар, ақыры колхоздандырып барып тыныш тапқан. Бертін кеңшардың қойы тұрған мал қорасы болды.
Жарайды өткенге оралып одан опа таппасбыз. Қарабауыр ауылының қысы ұзақ болмайды. Ірі қарасы далада қыс бойы жайылып, тек арқаның ақтүтек бораны қатты соққан кезде ғана қораға келіп қолға қарайды. Әйтпесе, күн ашық күндері ағаш ішіндегі шалғын шөп жетеді. Сол талғажу ірі қараға.
Арқаның аюдай ақырған қысының мысы басылып, наурызкөк көктемей жатып, Қарабауырдың қыр-қыратының қары алғашқы көктемнің лебімен қара бауырлана бастайды.
Иә, табиғаты да тамаша, көзге тартымды. Біздің іздеп бара жатқан адамымыз Азамат Жалмуханов Қарабауыр ауылының тумасы. Осы ауылда малдәрігері болып қызмет атқарады. Бес баланың әкесі.
Шағын ауылда туып, өзінің туып өскен ауылынан тасқалаға қарай бет алмай, елде отыр.
Осы елдің жанашыры. Осы елдің елгезек, ақкөйлек азаматының бірі. Қыстың қамын жаз ойлаған ауыл тұрғындарына тән мінезбен Азекең далада жүр екен.
— От пен судан аман қылсын, былтырғы қыс тұралатты ғой, биыл Алла қашанға «қабырғадан қыса берейін» дегендей жауында молынан боп, шөпте мейілінше көп шықты. Қырдың үстінен ерінбеген адамға атжалға түсіретін шөп жетерлік. Қазір бұрынғыдай емес-қолшалғының дәурені қалды. Әлгі қытайдың дөңгелек басты тырылдағымен шөп шабуға көшті халық. Әрі ыңғайлы. Әрі шармамайсың. Дегенмен қолшалғы адамның барлық денесін қозғап отырып, бойдағы сарысуды сыртқа термен алып шығады екен,-деп бастады Азамат ағамыз әңгімесін.
Ауылдан ұзап қайда барам? Баяғы тоқсаныншы жылдардың ортасында Қатаркөл ауылындағы ауылшаруашылық техникумын бітіріп кеп, ауылға малдәрігері боп жұмысқа тұрғам. Одан тоқырау басталды. Қазынаның малы жекеге кетті. Сандалып, сарсаңға түскен уақыт болды. Өткінші уақыт қой. Сосын кеңшар ыдыраған соң, жекеменшіктің малына малдәрігері болып қызмет атқардық. Қазір ауылдық округте мал дәрігерімін.
Алты ай қыс, алты ай жаз дамыл жоқ. Оның үстіне білесіз қазір бізде маман тапшы, жастар бұл оқуға бармайды. Кір, лас жұмыс дейді. Құдай-ау, баяғыда ауылшарушалық саласының мамандарына сұраныс көп болатын-ды. Екінің бірі барып жоғарғы оқуға түсе алмай таулары шағылып келетін. Қазір ғой, қадірі кеткен мамандық.
Мақтанғаным емес- еңбекақымыз ай сайын жақсы. Ертең алдағы он жылда бұл саланың мамандарына сұраныс артқанда іздеп таба алмайтындай күйге жетіп қалуымыз мүмкін. Бес баланың әкесімін. Екі қызым — тұрмыста. Ұлы Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Қалғандары мектеп жасындағы оқушылар.
Әкем Көпей де осы ауылда еңбек етті. Басқарма болды. Қысқасы ата-анамның жүрген жері, түлеген елі ғой. Жалпы жайымыз да, жағдайымыз да жақсы. Ауыл малмен күн көріп отыр. Семіз жылқы іздесең Қарабауырға кел, бал қымыз іздесең Қарабауырға кел!
Қазақ үшін күнкөріс көзі әрине мал.
Атам қазақ «төрт түлігің сай болсын!» деп жай тәпсірлемеген болар. Бірақ сол малдың да құны кетіп бара жатыр. Ауылдағылардан делдалдар арзанға алып, базарда бұлдап сатады. Оларға да күнкөріс керек шығар. Бірақ, ауылдағы адамның ерен еңбегі бағаланбайды. Малды ұстау үшін оның азығы, оны баптауы, бордақылауы нағыз ауыр бейнет қой,-дейді ауылдың малдәрігері Азамат Жалмуханов.
Кейіпкерімізбен қош айтысып жолға шықтық. Көкшенің басы мұнартып, қалғып тұрғандай. Дала жарықтық буылдыр күйге түсіп табиғаттың аз-мұз күніне елтіп, маужырап тұр. Алда қазан айы келе жатыр. Құс қайтады. Құс қанатымен жел тұрады. Жаңбыр жауып арты қарға айналады.
Арқаның ақ бораны ұлып, шыңылтыр аязы бетке ұрып дүние күміс қырауға малынып ұйи қалады.
Шіркін-ай, нағыз еңбектің торысы ауылда ғой. Қасымыздан «түктеп» телешкеге шөп артып алған трактор өтті. Балаң жігіт, темір тұлпардың тізгін нықтап ұстап алған. Қыс азығын жаз жинаған қырдың осы көрінісі кімді болсын, еріксіз ойға қалдырады. Әйтеуір жан баққан тіршілікте қазақ үшін алдымен малының қамы бірінші орында ғой.
«Мал-жан аман ба?» деп сәлемін алдымен осылай бастайтын қазақтың ауылы аман болсын! Ауылда тек қана таза еңбегін сауғандар ғана тұрады. Ылайым еңбектері жана бергей.
Жеңіс Оспанов