Қазіргі таңда өзекті тақырыпқа айналып үлгерген АЭС тақырыбы жайлы алып қашпа әңгімелер туралы нақты жауап білу үшін, «ҚАЭС» ЖШС бас менеджері Асуан Сиябековпен сұхбаттастық. 

— Қарапайым халық АЭС десе түтінмен ауаны ластап, радиациясымен флора фаунаны улап жатқан дүниені елестеді.  Қарапайым тілде халыққа  әуелі АЭС құрылымын түсіндіре кетіңізші.

— АЭС дегеніміз – электр энергиясын алу. Мәселен ЖЭО-нан, көмірден, судан, желден, күннен де энергия аламыз. Ал бұл жерде атом реакцияларының әсерінен энергия алу көзі болып табылады. Бұл жердегі негізгі бөлшек – атом. Атомдар тізбектік реакцияға түсіп, жылу бөлінеді. Атом энергетикасының құрылымын айтар болсақ, бұл жерде атом реакторы жұмыс істейді. Яғни, уран қолданылады да, ураннан жылу бөлінеді. Жылу жібергіш құбырлар арқылы АЭС-тың бірінші контурына барады. Бұл жерде қысым қолданылғандықтан су қайнамайды. Артынша, жылу екінші контурға беріледі. Ол жақтағы су қайнап буға айналады. Ары қарай бұл бу трубиналарға бөлініп, электр энергиясын генерациялайтын құрылғыдан электр энергиясы алынады.

— Қазір қазақстандықтардың басым көпшілігі АЭС-тің Қазақстанда салынуына наразы. Бұл қаншалықты қауіпсіз және Қазақстан оны қалай пайдаланады?

— АЭС көбінесе халықтың пікірінше жарылып кетеді деп ойлайды. Қазіргі таңда 3 және 3+ реакторлардың жарылуы мүмкін емес. Атом бомбасы мен атом электр станциясының айырмашылығы жайлы айтайық. Атом бомбасы жайлы бәрі біледі шамасы. Семей полигонында сыналып, халықтың зардап шеккені, 50 жыл бойы қаншама сынақ жасалып соның салдары ауыр болғаны жайлы баршамыз білеміз. Қазіргі таңда осылардың әсерінен үлкен қорқыныш, радиофобия бар. Атом бомбасының құрылымы жайлы айтатын болсам, мәселен атомдар бөліну реакциясы деген дүние болады. Жоғарыда айтқанымдай тізбектік реакциясы болады. Атом станцияларында қауіпсіздік өзектері арқылы бақыланады. Сондай —  ақ, бұл жерде отынға да тікелей байланысты. Яғни, Уран — 235-тің реактордағы үлесіне байланысты. Табиғатта уранның екі түрі кездеседі. Олар: Уран 238 және Уран 235. Бізге қажеті екіншісі. Алайда Уран 235 табиғатта сирек кездеседі. Сол себепті де оны көбейту арқылы ала аламыз. Уранның бұл түрінің 5 пайызы ғана АЭС-те қолданылады. Тіпті бес пайызға да жетпейді. 4.45, 4.5 пайызы қолданылады. Ал атом бомбаларындағы Уран-235-тің үлесі 90% шамасында. Яғни, өте үлкен. Айырмашылық жер мен көктей. Сондықтан да, аталған 5% атомның жарылуына әкеп соқтырмайды. Отынның бір-біріне жақын орналасуы жағынан жаңа айтқандай қауіпсіздік өзектері орнатылғандықтан олар жақын жанасып реакцияға түсіп кетпейді.

Қазіргі таңда барлық жерде айтылып жатқандай энергетиканың болашағы бұлыңғыр. Қарапайым мысал, Екібастұздағы жағдайды еске алайық. Соңғы мәліметтер бойынша энергетика өндіретін электр қондырғылардың, линиялардың 70%-ы тозған. Одан бөлек Қазақстан қазіргі таңда әртүрлі келісім шарттарда отыр. Мәселен дүниежүзілік декорбанизация арқылы бүкіл әлемде таралып жатқан көмірқышқыл газдарын азайту мақсатында келісім шарттарға қол қойылып жатыр. Әрине қазіргі таңда бізде көмір қоры өте көп. 300 жылға жететін көмір бар. Оны жағып отыра берсек те болады. Бірақ та, аталған келісімшарттардың арқасында біздің нарыққа шығаратын заттарымызға өте үлкен салық мөлшерлемесімен кесірі тиіп кетуі мүмкін. Бұл біздің елдегі қымбатшылыққа әкеліп соғады.

Жылдан-жылға электр энергиясын тұтыну көбейіп келе жатыр. Былтырғы көрсетікіштер бойынша бізде 16 Гвт электр энергиясын тұтынып отырмыз. Бұл жыл өткен сайын көбеймесе, азаймайтыны анық. Елдегі энергетиктердің, экономика саласының мамандардың болжауы бойынша 2035 жылы осыншама энергия жетіспеушілігі болады деген пікір бар. Олардың баламалы энергия көздерінің де шамасы жетпей жатса энергияны қайдан аламыз деген тақырыпты қозғауы да бекер емес. Әр генерацияның өз орны бар. Баламалы энергия көзін базалық энергия көзі ретінде ала алмаймыз. Сол себепті де АЭС салу қажет деп ойлаймын.

— Атом энергиясының жел, күн, су энергиясынан тиімділігі қаншалықты?

— Жоғарыда айтқанымдай әр генерация көзінің өзіндік орны бар. Желдің де, күннің де, судың да, АЭС-тің де. Біз баламалы энергия көздерін мүлде алып тастай алмаймыз. Бұл бізге керек. Оны біз қолдануымыз керек. Алайда, баламалы энергия көздерін, мәселен жел мен күнді базалық генерация көзі деп айта алмаймыз. Яғни бізде, электр энергиясын қолданудың әртүрлі санаттары бар. Мысалы, пиктік кезеңдер болады. Таңертең және кешкі уақытта, қыстыгүндері қолдану жиілеген кезде баламалы энергия жүйелері ондай қуаттылықты  бере алмайды. Берген күннің өзінде, сөніп қалса жарықсыз немесе жылусыз отыра алмаймыз ғой. Сондықтан да, базалық энергияны біз ЖЭО-дан аламыз және де базалық энергия көзі деп біз АЭС-ті қарастырамыз. АЭС – үздіксіз 60 жыл бойы бір қуаттылықта жұмыс істеп тұра алады. Ал біздің көмірмен алатын генерация көздері 40 жылға дейін шамасы жетеді. АЭС жұмысы оптимистік тұрғыда эксплуатациясы жарамды болса, 60 жылдан ары қарай 20 жылға жұмысын ұзартуға болады.

— Бізде Қазақстанда Маңғыстау өңірінде бұрын АЭС болған деседі. Осы туралы айта кетіңізші?

— 1973 жылы Ақтау қаласында БН-350 реакторы жұмыс істеген болатын. БН (быстрый нейтрон) яғни жылдам нейтронды өнеркәсіптік реактор болып табылады. Бұл жердегі жылу жібергіш зат натрийлі жылу тасығыш деп аталады. Аты айтып тұрғандай 350 қуатты энергия көзін беретін реактор болатын. Оның ішінде 150 мВт электр энергиясы 100 Мвты жылу энергиясын беретін. Бұл реактор бізде 1998-99 жылдарға дейін жұмыс істеп келді. Артынша реактордың жұмысы біткендіктен жабылып қалды. Ары қарай оны газбен жұмыс істейтін қондырғыларға ауыстырып тастады. Қазір ол Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының құрамындағы реакторлардың бірі болып саналады.

— Бүгінде АЭС құрылысы Балқаш маңындағы Үлкен ауылында салынады деп бекітілді. Бұл Балқаш көліне, ондағы тіршілік иелеріне кері әсерін тигізбей ме? Радиоактивті қалдықтар қайда кетеді?

— АЭС-ті салмас бұрын қоршаған ортаға әсерін болмауын негізге алады. Бұл қағидаттарының бірі болып табылады. Бұл тақырыпты көптеген институттар, дүниежүзілік университеттер, лабараториялар зерттеген. Оның ішінде АЭХА-ның (Атом энергетикасы бойынша халықаралық агенттік «МАГАТЭ») зерттеулері де қаншама. Радиоактивті қалдықтардың шығып кету қаупіне қатысты қаншама дәлелдемелер бар. Құрылыс кезінде және де пайдалану кезінде технологиялардың барлығын сақтай отырып салынса, қоршаған ортаға ешқандай зияны болмайды. Мәселен энергия дозасы деген нәрсе болады. Сіз бен біздің күнделікті ауадан, күннен алатын энергияның мөлшері болады. АЭС-тің тура қасында алатын энергия әсері де дәл сондай. Адам құрамында калийі бар бананды жеп те көп доза алады. Апатты жағдайларды есептемесек, доза мөлшері АЭС маңында да және барлық жерде бірдей болады. Апатты жағдайдың болу ықтималдығы 10-7 – ге тең.

АЭС-тан шығатын радиоактивті қалдық өте аз. Оны тұрмыстық қалдық секілді алып АЭС шетіне апарып көме салу, суға ағызып жіберу деген дүниелер мүмкін емес нәрсе. Радиоактивті қалдықтарды ешқайда тығып та қоя алмаймыз. Тығып қойғанның өзінде де, АЭХА-ның спутниктік қондырғылары өте сезімтал болып келеді. Оны көмген жерге тастасақ, бірден білініп қалатын нәрсе. Өзімізді алдап не керек? Сондықтан да, оның өзіндік сақтайтын регламенті бар. Реактордың жұмыс өтілі біткеннен кейін қалдықтардың жылу бассейндеріне салып қоямыз. Әрине, уранның жартылай ыдырау периодынан кейін қауіпті болуы мүмкін. Бірақ оның өзіне 4.5 миллион жыл қажет болады.

— Елімізде АЭС салынған күнде де, кадрлармен қамтамасыз етілу жағына қалай баға берер едіңіз? Елімізде бұл салаға жауапты бола алатын маман бар ма?

— Ядролық энергетиканы жеткізушіні таңдаған кезде осы сұрақ та қызу талқыда болды. АЭС-ті саламыз деп келісім шарт жасалғаннан кейін ішінде арнайы пункттері бар. Мысалы, 10 жыл бойы АЭС салынып жатқан болса, құжаттар дайындау бойынша 5 жыл негізгі құрылым, ал он жылда екі буынды дайындап үлгеруге болады. Одан бөлек тағы бір айта кететін жайт, бізде Қазақстанда атом саласында жүрген 20 мың адам бар. Алматыда бәріміз білетін Ядролық физика институты бар, Курчатов қаласында ұлттық ядролық орталық бар. Ол жердің өзінде қаншама адам жұмыс істейді. Жаңа айтқан Ақтау қаласында БН-350 – де жұмыс істеген мамандар бар. Өскемен қаласында УМЗ зауыты бар. Ол жақта өзіміздің отынымызды жасаймыз. Сонымен қатар, үкіметтік органдарда қаншама адам, қаншама лабаратория бар. Соның барлығын қосқанда бізде 20 мың адам шығады. Ал бізге АЭС-ке 2000 адам керек. Атом технологиясы бойынша жұмыскерлерді іріктеп алуға болады. Одан бөлек «Болашақ» бағдарламасымен оқыған мамандар қаншама. Өзіміздің ҚазҰУ және де ЕҰУ-да да ядролық физика бойынша студенттер даярланады. Сол себепті де кадр тапшылығы болады дегенге сену қиын. Шет елден әкеліп жұмыс істеткенше, өзіміз 20 мың адам арасынан іріктеп алғанымыз дұрыс болатын шығар.

— АЭС-те қандай жағдайда төтенше жағдай орын алады?

— Жерді таңдайтын кезде оның метеорологиялық,гидрологиялық, сейсмикалық жағдайы қарастырылады. Ең бірініші сейсмикалық жағдайына қатты мән береді. Қазіргі реакторлардың қауіптілігінің жылдамдық бойынша үдеуі шкала бойынша 8-9 баллдық жер сілікінісіне шыдайтын реакторлар. Біз қазір тек қана соны қарастырып жатырмыз. Неге Америкаық технологияны, неге Жапонияны қарастырмайсыздар деген пікірлер де айтылады. Десе де, бізге қажеті қауіпсіз, қолайлы түрі.

Әңгімелескен:

Дина ЛИТПИН

От Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA


Вы пропустили

Ақмола облысында АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты
1 желтоқсанда әлемде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні атап өтіледі. Биылғы жылдың тақырыбы ЮНЭЙДС жариялаған «Дұрыс жолды — адам құқығы жолын таңдаңыз» ұранымен АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарауға шақырады. Бұл туралы брифингте Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясын алдын алу орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов және осы орталықтың профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Балғын Сарбасова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қараша айының басында аймақта АИТВ-мен өмір сүретін 1 080 адам тіркелген. 10 айда 109 жаңа жағдай анықталды, оның 80% — дан астамы қорғалмаған жыныстық қатынасқа байланысты. Науқастардың көпшілігі 30-49 жас аралығындағы адамдар.
«Жұмыстың басым бағыттары профилактиканың, диагностиканың және емдеудің қол жетімділігін арттыру болып қала береді. Он айда профилактикалық бағдарламамен 1200-ден астам адам қамтылды. Жоғары қауіпті аймақтағы адамдар үшін инфекция қаупін азайтуға мүмкіндік беретін байланысқа дейінгі профилактика сияқты заманауи әдістерге ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда бұл терапияны аймақта 120 — дан астам адам алады», — деді Құрманбек Бұрмағанов.
Айта кетейік, бір жыл ішінде Ақмола облысында мыңға жуық адам қамтылған 13 ақпараттық-білім беру кездесулері мен акциялар өтті, онда 275 азамат өздерінің АИТВ-мәртебесін білуге мүмкіндік алды.
«Бірлескен жұмыстың арқасында бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар балаларды асырап ала алады. Бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін емес болған. Мұндай прецеденттер АИТВ-мен ауыратын адамдардың құқықтарын бұзатын нормаларды заңнамадан жоюға және қоғамда барлығына бақытты өмір сүру құқығын беретін толерантты ортаны қалыптастыруға ықпал етеді», – деп толықтырды Құрманбек Бұрмағанов.
Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні аясында Ақмола облысында бірқатар акциялар мен іс-шаралар жоспарланған. Олардың ішінде-Көкшетау сауда-ойын-сауық орталықтарында, жоғары оқу орындарында және қоғамдық орындарда АИТВ-ға жедел тестілеу. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған педагогтарға арналған облыстық семинар өтеді. Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында Ашық есік күні өткізілетін іс-шараларға ерекше назар аударылады. Келушілер 20 минут ішінде мамандардан кеңес алып, АИТВ-ға тестілеуден өте алады. АИТВ-ға қарсы күрес апталығы «Көкшетау» мәдениет үйінде аяқталады. Онда 600-ге жуық адам жиналады.
«Дәстүрлі кеңес беру форматынан басқа, бұл жұмыс мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүргізілетінін атап өткен жөн. Әлемдік тәжірибеде бұл тәсіл «web-аутрич» деп аталды. Бұл тәсілдің артықшылығы-адам барлық қажетті ақпаратты онлайн ала алады, содан кейін профилактикалық қызметтерді алу және түрлі зерттеулерден өту үшін біздің орталыққа жүгіне алады», — деп атап өтті профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Балғын Сарбасова.
Дәрігерлер алдын-алу шараларын сақтау қажеттілігін еске сала отырып, кездейсоқ байланыстардан аулақ болу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарау. ЖИТС-пен күресу-әркімнің жауапкершілігі екенін еске салды