«IQanat»олимпиадасының II туры  болып өтті

2025 жылғы 17-19 наурыз аралығында Ақмола облысы Щучинск қаласының екі оқу орнында: жоғары педагогикалық колледжінде және орман шаруашылығы, экология және туризм жоғары колледжінде «IQanat» олимпиадасының II туры болып өтті.

Олимпиаданың негізгі мақсаты – еліміздің ауылдық жалпы орта білім беретін мектептері оқушыларының зияткерлік әлеуетін қалыптастыруға ықпал ету, сондай-ақ ауыл мектептері оқушыларының ынтасын арттыру. 

Міндеттері:

— орта білім беру ұйымдарының оқушылары арасында дарынды оқушыларды анықтау, оларды одан әрі зияткерлік дамыту және кәсіптік бағдар беру үшін оңтайлы жағдай жасау;

— тұлғаның өзін-өзі тануына және өзін-өзі дамытуға көмектесу, сондай-ақ оларды болашақ академиялық және кәсіби сын-қатерлерге дайындау.

Олимпиаданы өткізудің негізгі қағидаттары: оқушыларға ұсынылатын тең мүмкіндіктер; олимпиадалық тапсырмалардың жоғары сапасы; олимпиаданы өткізу тәртібінің әділдігі.

«IQanat» білім беру қоры» қоғамдық қоры ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен «IQanat» республикалық олимпиадасын өткізеді, ол жыл сайын 50 мыңнан астам сегізінші сынып оқушысын қамтыса, олардың басым бөлігі – әлеуметтік осал санаттарға жататын отбасылардан шыққан балалар. «IQanat» олимпиадасы Жалпы білім беру пәндері бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар (ғылыми жарыстар) байқауларының тізіміне енген.

Олимпиаданың көмегімен Қор ауыл оқушыларын Қазақстан және әлемнің университеттеріне оқуға түсуге 3 жылдық тегін дайындыққа іріктейді. 

Мықты академиялық дайындықтың арқасында IQanat бағдарламасына енген балалардың 90%-ы Қазақстан және шетелдің үздік университеттеріне грант негізінде қабылдануда.

Бұл бағдарлама аясында ауыл мектептерінің оқушылары Nazarbayev University, University of Purdue, Polytechnic University of Hong Kong, University of Chicago сынды басқа да рейтингі жоғары ЖОО-на грант негізінде оқуға түсуде. Қазір IQanat түлектері әлемнің 15 елінде білім алып жатыр.

Бүкіл Қазақстан бойынша бұл турда 10 мыңнан астам бала сайысқа түседі. Олардың 70 пайыздан астамы – әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар. Дәл осы турда финалға өтетін 1000 бала айқындалады. Финалистердің бір бөлігі Бурабайдағы IQanat мектеп-пансионатында тегін оқуға қабылданса, екінші бөлігі олимпиададан кейінгі үш жылдық қолдау бағдарламасына енеді. Оның барысында балалар ҰБТ-ға, халықаралық емтихандарға белсенді дайындалып, ағылшын тілін, ІТ дағдыларды, soft skills, кәсіпкерлік негіздерін және басқаларды меңгереді. Оқытушылар оларды ынталандырып, жетістіктерін ұдайы бақылайды.

Олимпиадаға І турдан сәтті өткен Ақмола облысының ауылдық мектептерінің  8-сыныптарынан  420 оқушы қатысты.

Екінші тур оқу пәндеріне бағдарланған, мектеп оқушылары математика, физика, биология, химия, Қазақстан тарихы және география сында пәндер бойынша тест тапсырды.  Жалпы оқушылардың белсенділігі басым. Әрине, бұл өте дұрыс бастама. Ертеңгі күні маңдайлары жарқыраған мықты маман иелері болуы да мүмкін. Ел ішінде білім алып жүрген балалардың бойындағы қасиеттерін ашу, бүгінгі еліміздің басты бағыттарының бірі. Ендеше іске сәт болғай!..

                                                       «Бурабай-ақпарат»

От Redaktor

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA