Орталық сайлау комиссясы төрағасының орынбасары Константин Петров алдағы Мәжіліс сайлауына ұсынылған неше адамның тіркеуден өтпей қалғаны туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтер негізінде кандидатты ұсынғаннан кейін тіркеу кезеңі аяқталғанға дейін 45 кандидат кандидатурасын өз қалауымен алып тастау туралы өтініш жазған. Комиссиялар оларды берілген өтініш негізінде тіркеуге алмады. 125 кандидатттың тіркеу туралы өтініші кері қайтарылды. Оның ішінде бір кандидат ҚР Конституциясы мен «Сайлау туралы» конституциялық заңының Қазақстан Республикасының аумағында кейінгі 10 жыл көлемінде тұру қажеттігі жөніндегі талапқа сәйкес келмегені үшін тіркеуден өтпеді», — деді ОСК төрағасының орынбасары.
Оның айтуынша, бірнеше кандидат Бас прокуратураның мәліметі негізінде тіркеуге алынбаған.
«Бас прокуратураның мәліметі негізінде, 4 кандидат бойынша есептен шығарылмаған және өтелмеген соттылықтың болуына байланысты, 5 кандидат бойынша сот сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін немесе сыбайлас жемқорлық бойынша заң бұзғаны үшін кінәлі деп танығандықтан бас тартылды. Бас прокуратураның мәліметі бойынша 9 осындай канидат бар болып шықты», — деді ол.
ОСК өкілінің сөзіне қарағанда тіркеуден бас тартылған кандидаттардың басым көпшілігі құжаттардың толық пакетін ұсынбаған.
«Жекелеп айтсақ, кандидаттардың кейбірі сайлау жарнасын ұсынбады. Осыны негізге алып, кеше оларды тіркеуден бас тартылды. Бір кандидаттың өтініші сайлау насихатын заңмен белгіленген мерзімнен тыс уақытта жүргізгені үшін кері қайтарылды. Тіркеліп қойғаннан кейін 4 кандидаттың тіркеу құажытының күші жойылды. Оның біреуі өз қалауымен, үшеуі тапсырған декларациясындағы мәліметтердің жалған боулына байланысты», — деді Константин Петров.
Еске салсақ, кеше Мәжіліс пен мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталды.
Сондай-ақ, кеше Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын жеребе арқылы анықтаған болатын.