Таяуда Үкімет есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы жоспар қабылдайды. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Полиция өз жұмысын белсенді және тиімді жүргізуі керек. Мен бұған ерекше мән беремін. Елімізде 2016 жылдан бері есірткімен күрес жұмыстарын реттейтін арнаулы құжат болған жоқ. Сондықтан, былтырғы Жолдауымда кешенді жоспар әзірлеуді тапсырдым. Үкімет таяу күндері осы мәселе бойынша арнайы жоспарды қабылдайды», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуына қарағанда, бұл қазақстандықтар үшін өте маңызды құжат.
«Осы құжаттың аясында жан-жақты жұмыс атқарылады. Білікті заңгер Серік Ақылбай атап өткен құқықтық сананы қалыптастыру мәселесі де өте өзекті. Жастардың құқықтық сауатын арттыру аса маңызды. Сонда әркім өзінің құқығын қорғай біледі және өзгенің құқығын таптамайды. Заң мен тәртіп үстемдік құрған мемлекеттің тұғыры қашанда мықты болады», — деді Президент.
Айта кетейік, биыл Түркістанда өтіп жатқан ұлттық құрылтайдың негізгі отырысына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда.
Құрылтай жұмыс секцияларының отырысы кеше басталып кеткен еді.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы былтыр 16 маусымда Ұлытау облысында өткен болатын.
Сол кезде Президент келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынған.