Ажал жетпей жан шықпас
Бұқар жырау
Екі мыңыншы жылдары ғой. Тәуелсіздік алған ел он жылдан кейін енді-енді ес жиып жатқан уақыты. Дүр дүние түлеп жатқанда, халықтың да еңсесі тіктеліп, қиямет, қиындықты ұмытып, асқақ арман, зор мақсатпен алға көз тігіп отырған кезеңі. Ол кезде біздің ауданымыздың аты да ресми тілде болатын. Щучье ауданы. Егемендігіміздің арқасында, тілімізді он сындырып айтатын атаудан арылып, қасиетті Бурабайдың атымен аталып, жатқан тұс.
Бурабай ауданына полковник Қайырлы Молдахметұлы Қинаятов ішкі істер бөлімінің бастығы болып келді. Қазақы мінезді, бөтен сөзі жоқ. Қой көзді, ашық қабақ, маңдайы кең, зор денелі азамат еді. Жұмыс барысымен алдына барып, бір сағаттай әңгімелестік. Жылы күліп қарсы алды. Ұмытпасам полиция қызметкерлерінің күні қарсаңында білем. Шағын сұхбат берді. Одан кейін көшеде, жиындарда кездескенде «қалың қалай?»-деп сұрайтын. Жылт етіп уақыт өтті. Жиырманың ар жақ, бер жағында жүргенде, ол тәтті кезең, алаңсыз шақтың өзі артта қалып, міне қырыққа қарай қадам басып келіп қалыппыз. Күндер өтіп жатты. Суыт хабар естідім. Полиция полковнигі Қайырлы Қинаятов дүниеден өтті дегенде, төбемнен жай түскендей ойланып қалдым. Қайырлы ағамыздың дүниеден өткеніне де біраз уақыт болыпты.
Құдайға да жақсы керек. Ерте кетті, елі үшін, егемендігі үшін, ертеңі үшін еңбек ететін жанның дүние салғандығы расында да үлкен қайғы. Бойына жамандықты жолатпай адамгершілік қасиетіне дақ түсірмей жүрген Қайырлы ағаны әріптестері ұмытты-ау деп жүргем. Өткен сенбі Қ. Қинаятовты еске алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімінде волейболдан турнир өтеді дегенде, елеңдеп қалғаным рас… Ерді ел ұмытуы тиіс емес. Жарады деп іштей қуандым.
Қайырлы Молдахметұлы біздің ауданымызда ішкі істер бөлімін басқарып тұрғанда, өз ісінің кәсіби маманы, білгір басшы ретінде, айтқанынан қайтпайтын біртуар офицер ретінде елдің аузында аңыз болып қалды. Әу баста полиция қатарына сапқа тұрғанда кіші сержанттықтан бастап осы саланың ішкі «кухнясына» кіріп, қиындығы мен қызығын қатар көріп, тәжірибе жинап, лауазымы жоғарылады. Былай деп отырғаным Қайырлы ағамызбен әріптес болған жігіттердің естелігін тыңдағанда, көре қалса бұрылып алдымен қалымызды сұрайтын. Бірдей-бір полковник келіп қалыңды сұрап тұрса, оның өзі зор ықылас, зор мархабат қой. Мәз болып иығымыз көтеріліп қалатын. Жұмысқа деген құлшынысымыз артып, бастығымыздың атына кір келтірмеуге тырысатынбыз. Ол кезде нағыз қиын уақыт, тоқсаныншы жылдардан аман-есен өтіп, милицияның атауы жойылып, полиция дейтін жаңа атауға еніп жатқан кезіміз. Әр ауылдан келген жігіттермен қатарымыз көбейіп, жастар шен алып, шекпен киіп жатқан мезгіл. Қылмыс та көп болды. Тобығын сүйреткен тоқыраудан енді ес жиып жатқанда, ұсақ-түйек қылмыстан бұрын, осы шағын қаламыздың өзінде ауыр қылмыстар көп болды. Кісі тонау, пәтер тонау, т.б. Сол кезде республика бойынша қылмыс ашу жағынан біздің аудан екінші орында болды. Ауданның ішкі істер бөліміне басшы болып келген Қайырлы Қинаятов, барлық жауапты басшыларды өзіне жинап алып, жеке-жеке тапсырма жүктеді. Алдымен қоғамның тыныштығына біз жауаптымыз, самарқаулықтың аяғы өкінішке ұрындырады,-деп қатты ескертті. Жігіттер басшының айтқанын екі еткізбей, әрдайым кез-келген қылмыстың алдын-алуға барынша күш салып еңбек етті.
Иә, Қайырлы Молдахметұлы басқарған жылы ғой Н. ауылына зейнетақы апара жатқан инкассаторға қарақшылар шабуыл жасап, жүргізуші жігітпен кассирді жаралап тастап кеткендігі көпшіліктің есінде болар. Жол торушылар жайлы дабыл қағылған кезде жігіттер бірден іске кірісті, арам ойларын іске асыра алмаған қарақшылар қолға түсіп, заң алдында тиісті жазаларын алды. Осы қылмыскерлердің жолын кесу кезінде Қайырлы Молдахметұлы күні-түні бойы байланыста болып, ақыл-кеңесімен қатар, бақылауында ұстап үйіне бармастан, тапжылмай отырыпты. Бұл біз үшін үлкен жетістік,-дейді сол кездегі әріптестері.
Иә, өмірзая еңбек пен бақыт егіз деген ұғымда өмір сүрген Қайырлы Қинаятов аяқ астынан дүниеден өтті. Дүниеден талайлар өтіп жатыр. Бірақ, Қайырлы ағамыздың азаматтық болмысы, ол кісінің тұлғалық қасиетін елі ешқашан ұмытпайды.
Елің сені елесе,
Еңбегіңнің жанғаны.
Елің сені шенесе,
Көз қырына алғаны,-
демекші өзінің тұла бойына біткен үлкен қасиетінің арқасында Қайырлы Қинаятов келесі ұрпақтың есінде мәңгілік қалады. Өйткені, ол кісінің ешкімге зияны жоқ, қарапайым жан еді. Сөзі аз, ісі саз азаматты әріптестері еске алып турнир өткізгендігін көріп, өткенді еске алдық. Қайырлы Қинаятов ағамыздың жаны жаннатық болсын!
Турнирдің ашылуына қатысқан Ақмола облысы ішкі істер департаментінің өкілдері, аудан әкімі Әсет Мұздыбаев Қайырлы Қинаятов туралы естеліктерімен бөлісіп, ол кісінің жарқын бейнесі елдің есінде мәңгілік қалады,-деп бір минут үнсіздікпен еске алды.
Дүниенің сағаты алға жылжып, тіршілік дейтін үлкен теңіздің толқыны жағалауға асығып жатқанда, Қайырлы Қинаятов жайлы осылай ой түйдім. Қайырлыны елі ұмытпайды. Бұл өткен турнир осының бір айғағы екендігін елдің есіне саламыз.
Ж. Оспанов