Малгелді Қайыржанұлы

Жұмағұловтың рухына

Малгелді Қайыржанұлы Жұмағұлов 1943 жылы наурыз айында бұрынғы Көкшетау облысы, Щучье ауданының Түлкілі ауылында дүниеге келеді. 1959 жылы Зеренді ауданының Қарашілік орта мектебін аяқтап, Қатаркөлдің зоотехникалық техникумына оқуға түседі. осы оқу орнын ойдағыдай бітіріп, қолына зоотехниктің дипломын алған жас жігіт Щучье ауданына қарасты Юрьевка, Жамантұз шаруашылықтарында зоотехник болып еңбек жолын бастады. 1963 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыс әскери округінде, оқу ротасының кіші командирі болып Отан алдындағы борышын атқарды. Старшина әскери дәрежесін алды. Осылайша әскери міндетін тиісті дәрежеде атқарып, ауылына келген жас жігіт, отау құрып, үйленіп, Алма Балтабайқызымен шаңырақ көтерді. Елге оралған маман-зоотехник Малгелді Қайыржанұлы аудан басшылығының ұсынысымен Веденов шаруашылығына зоотехник болып орналасты. Осы жерде абыроймен бес жыл қызмет істеген, қолынан іс келетін, жақсы жағынан көзге түскен жас маман М.Қ. Жұмағұлов Юрьев совхозының ауылдық Кеңесіне төрағалық қызметке сайланады. Осы қызметте жүріп өмірлік тәжірибе жинақтап, елдің мұң-мұқтажын түсініп, жәрдем қолын созудан жалықпайтын азамат ретінде қалыптасады. Өмірлік ұстанымы Отанға адал қызмет ету, елге пайдасын тигізу, сөйтіп қоғамды алға қадам бастыру сияқты парасатты адамға тән мінезі де ана сүтімен келген тәрбиесіне еңбек ете жүріп жинақтаған тәжірибесі қосылып білікті басшы бола білді. Осындай озық ойлы азаматқа тән мінезін, байқаған сол кездегі жоғарғы басшылық, аудандық партия комитеті Малгелді Қайыржанұлын сол кездегі дәрежесі биік оқу орны Алматы жоғары партия мектебіне жолдама береді. Бұл оқу орнын жақсы деген бағамен 1979 жылы тәмамдаған М.Қ. Жұмағұловты Юрьев совхозының Коммунистік партия ұйымы партия комитетінің хатшысы етіп бір ауыздан сайлайды. Қызмет ете жүріп тәжірибе жинақтаған Малгелді Қайыржанұлы бұл қызметті де табысты атқарып, мемлекет тарапынан көптеген марапаттарға ие болады. 1999 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін Успеноюрьев селолық округінің әкімі қызметін үлкен абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленді. Отанымыздың жоғары наградасының иегері атанып, кеудесіне «Құрмет» орденін тақты. Ұл өсірді, қыз тәрбиеледі. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Алма Балтабайқызы екеуі ата-әже атанып, немере әлдиледі.

Егемендікке ие болған тәуелсіз Қазақстанға адал еңбек етіп, құрметке ие болып, елі сыйлаған ер атанды. Бурабай ауданының «Құрметті азаматы» атағын алды. Зейнет жасына жетсе де еңбек етуге жалықпайтын азаматты Бурабай аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы қызметіне сайлады. Бұл жұмысты да асыл азамат жоғары деңгейге көтере білді. Ел ардагерлерінің өтініш, арыздарында айтылған көкейкесті мәселелер Малгелді Қайыржанұлының араласуымен шешімін тауып жатты.

Қызығымен қатар әттең-айы қатар жүретін өзен өмірде Малгелді Қайыржанұлының тататын дем-тұзы таусылып, кенеттен өмірден озды. Ойламаған жерде асыл аға дүние салды. Елі күңіреніп келіп, ақ арулап ақырғы сапарына шығарып салды. Дұға бағыштады. Пайымы мол, тілегі түзу қайратты да парасатты Малгелді Қайыржанұлының жарқын бейнесі көзден кетсе де көңілден кетпейді. Ортамызда болса сексенге келер еді…

Артында қалған ұл-қызына, немере-шөберелеріне амандық берсін. Алма Балтабайқызына денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Еске алушы: бір топ жолдастары атынан Жасболат Қойбағарұлы, Өтелбай Төлеуұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA


Вы пропустили

Су тасқыны бақылауда: Ақмола облысында дамбылар күшейтіліп, өзен арналары тазартылуда
Есіл су шаруашылығы бассейнінің аумағында көктемгі қар суының қауіпсіз өтуін және елді мекендерді су басудан қорғауды қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Гидротехникалық нысандарды жөндеу, қайта жаңғырту және салу, сонымен қатар елді мекендер маңындағы өзен арналарының санитарлық тазалығы басты назарда тұр. Бұл туралы «Қазcушаруашылығы» РМК Ақмола филиалының бас инженері Олжас Тұржанов брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Бурабай ауданындағы республикалық меншікке жататын Щучинск қаласының саяжайларындағы су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары толық аяқталған. Ал гидротехникалық нысандары қанағаттанарлықсыз күйде тұрған аудандарда кең көлемді реконструкция жұмыстары басталды.
Мәселен, Аршалы ауданындағы Анар станциясы маңында су өткізу құрылғылары бар қорғаныс дамбасы қайта жаңғыртылуда – жұмыс 70 пайызға орындалған. Бұланды және Жақсы аудандарында «Прохоровско-Колоколовская» және «Чапаевская-1» плотиналарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғысы 73 пайызға дайын.
«Шортанды ауданындағы «Дама» су бөгеті жаңа шлюздер салынып, бұрынғы су өткізу құрылысы консервациялануда. Бұл жұмыстар 39 пайызға орындалды, құрылыс мерзімі – 5 ай. Сонымен қатар Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы сегізінші шағын ауданда қорғаныс дамбасы салынып жатыр. Қазіргі таңда нысан 74,5 пайызға аяқталған, мерзімі – 6 ай. Бұл жобалардың барлығы 2025 жылы аяқталады», – деді Олжас Тұржанов.
Су тасқыны қаупі жоғары өзен арналарының санациясына да ерекше көңіл бөлінуде. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 2025–2027 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында Ақмола облысында 8 жоба жүзеге асырылып жатыр, оның жетеуі Есіл өзені бассейнінде орналасқан. Қазіргі таңда оның төртеуі белсенді іске асырылуда.
Атап айтқанда, Атбасар қаласы маңындағы Жабай өзенінде арнаны тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Ұзындығы – 5,2 шақырым. Жұмыс 13 ақпанда басталды, 37 бірлік техника тартылған. Қазірге дейін 80% жұмыс орындалған. Сандықтау ауданының Балкашино ауылында арнаны бекіту және тереңдету жұмыстары 67% деңгейінде. Астрахан ауданының Старый Колутон ауылы маңындағы Колутон өзеніндегі тазарту жұмыстары 93%, ал Зеренді ауданындағы Шағалалы өзенінде – 98% аяқталған.
Сондай-ақ, Целиноград ауданының Қажымұқан ауылы мен айналма автожол аралығындағы Есіл өзенінің арнасын тереңдету, түзеу және кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы – 18 шақырым. Жоба 2021 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.
Бұдан бөлек, жеке сектор да өз үлесін қосып отыр. 2024 жылы «Казцинк» компаниясы Көкшетау қаласы аумағындағы Кылшақты өзенінің 4,3 шақырымын өз қаражаты есебінен тазартқан.
Су тасқыны кезеңінде елді мекендерді қорғау мақсатында 43 елді мекенде жалпы ұзындығы 24,3 шақырым болатын қорғаныс бөгеттері тұрғызылып, нығайтылған. Барлық нысандар қанағаттанарлық жағдайда және тасқын кезеңіне дайын.
Олжас Тұржанов алдағы вегетациялық кезеңге де тоқталып, барлық су пайдаланушыларды заңнама талаптарына сәйкес арнайы су пайдалану рұқсатын алдын ала алуға шақырды. Бұл қызмет тегін көрсетіледі, бірақ міндетті түрде рұқсат арқылы жүргізілуі тиіс.
2024 жылғы деректер бойынша Есіл бассейнінде суару үшін алынған судың нақты көлемі – 7,313 млн текше метр, суарылған жер көлемі – 11 675 гектар. Ал республикалық желі бойынша лимит – 38,7 млн текше метр және 18,4 мың гектар.
«Бұл көрсеткіштер суды ұтымды пайдалану, әсіресе климаттық өзгерістер жағдайында, қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», – деп түйіндеді бас инженер.