Ат төбеліндей шаһарда Мағауия Нұғыманов есімді ақсақал тұрады, білгені көп, оқығаны мол деген соң ат көлігімізді сайлап, арнайы ақсақалды іздеп бардық. Ұлы Әсеттің қолында тұрады екен. Қазақы жолмен сәлем беріп, қарияның қолын алып, жайғастық. Қоңыр үнді қарияның үнінде зор сенімділік бар. Күмбірлеп сөйлей жөнелді. Бәтуәсіз емес, әңгімені тарихтан бастады. Жаңажол ауылының тумасы, белгілі жазушы Есағамыз жайлы Естай Мырзахметовтың шығармаларына біраз тоқталып, қазақтың өткен тарихына шолу жасады. Қарияның көкірегінде өткен күннің қаншама қатпар-қатпар сыры мен аңызы, әңгімесі жатқандығы ә дегеннен-ақ көрініп тұр.
Мектептің жаны мұғалім демекші, ғұмырын ағартушылық саласына арнап, мыңдаған шәкіртіне ұстаз болған Мағауия Зейноллаұлы сонау алты қырдың ар жағында қалған балалық шағынан бастады: — Шешей ерте дүние салды. Ой-һой, өмірде анаң дүние салмасын, «анасыз жетім шын» дейді ғой. Бірақ, жетімдік көрген жоқпыз. Дейтұрғанмен, анасыз үй қуыс қараңғы, сәулесі аз, сұрғылт, нұрсыз сияқты болып көрінеді. Екінші дүниежүзілік соғыс қызу жүріп жатқан жылы яғни қаңтар айының 25 жұлдызы күні жарық дүниеге келіппін. Әкем денсаулығына байланысты алапат соғысқа қатысқан жоқ. Ол кезде қайбір ит май жемей жатқан, шекесі шылқып отырған тұс дейсің, елдің барлығы түлкіқұрсақ жүрген уақыт, сондай қысылтаяң уақытта Бурабай ауданына қарасты Жаңажол ауылында дүние есігін ашыппын. Содан Мағауия деп азан шақыртып, ат қойғызыпты.
газетіміздің №41 санынан 8 бетінен толық оқи аласыздар