ІІ дүниежүзілік соғыс аяқталып, сүмірейген сүмбіленің соңы тұжырымдалып, құс қайтар уақыт. Алапат соғыстан кейін, елдің еңсесі енді-енді жөнделіп, майданға кеткен сайдың тасындай азаматтар ауыл шетіне ілегіп, уһ деп жатқан мезгіл. Бурабайдың оңтүстік бағытына қарай орналасқан Көрнекті ауылы атам заманнан бері келе жатқан іргелі ауылдың бірі, қарашаның аспаны бұлттанып, сірескен бұлт нөсерін төгіп, артынан жапалақтап қар жауып қыстың басы қабағын түйіп босағадан аттады. Тілеужан үйінде іңгәлап сәби дүниеге келді. Тірлік басқа болса да, тілек бір емес пе, ауыл қариялары шаруа баққан Тілеужанға «нәрестенің бауы берік болсын, ұлы алапаттан кейін дүниеге келіп жатқан сәбидің есімін-Қуаныш деп қойшы!»-деп ұсыныс тастайды. Бесікте жатып іңгәлаған сәбидің есімін азан шақырып — Қуаныш!-деп қойды. Соғыстан кейін қайбір елдің жайы мен күйі жақсарып, дүниенің көзі түзеліп кетіп еді…

Еңсесі езген тағы да сол митың тіршілік. Қуаныш Тілеужанұлы қарт ата-анасы қарақтап жүріп ер жетеді. Мәскеуге жалтақтап қалған қазақ даласының бас еркіндігі болмағандықтан Хрущевтың жарлығымен иен даланың біраз жеріне соқа түсіп бабалар қорымы жермен жексен болып жатқан түсініксіздеу кезең еді. Миллион пұт астықты Мәскеуге жөнелтіп, күш жұмсамай қорлық қылып, тізе батырып, әкіреңдеген системаның дегеніне көніп жүрген қайран қазақтың еңбегін айдалада біреулер көріп, рақаттанып жатты. Қайтсын енді, өзіңдікі деген биліктің барлығын ызғары қатты, жарлығы екі болмайтын басқаның қолында. О сұмдық!..

Қуаныш Тілеужанұлы бала кезінен армандаған арманы көлік тізгіндеу еді. Ол кездегі жастардың барлығының бойында еңбекке деген ерекше құштарлығын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Таң бозынан торғай шырылдаған уақыттан бастап қазынаның жұмысына білек сыбана кірісіп, ұйқыны ұмытып, тек елдің болашағы үшін қызмет қылудан таймайтын. Қуаныш ақсақал 1965 жылдан бастап Қоянды совхозында темір көлікті тізгіндейді. Жас жігіт. Күні-түні совхоздың жұмысы. Демалыс жоқ. Құр ниетпен бек атана алмайсың демекші Қуаныш жалындағын жастық шағында елге аямай еңбек етіп қалайын деп, бойындағы күш-қайратын аямай темір тұлпардың рөлін сығымдап ұстап, болашағын зор сеніммен қарайды. Жеті жыл бойы Қоянды кеңшарының экономикасына бір адамдай еңбегін сіңірген Қуаныш еңбегі еленіп, «ІІІ Дәрежелі Еңбек» орденін жарқыратып кеудесіне тағады. Сонымен қатар «Коммунист белсенді» деген «Алғыс хатпен» марапатталды. Ақырын жүріп анық басқан Қуаныш Тілеужанұлы Мұхамеджанов ұл мен қыздарын өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, алты қырдың ар жағында қалған қиын күндерді қазір еске алып отыр. Еліміз егемендігін алған күннен бастап, құбылаға бет бұрып, маңдайын сәждеге тигізіп бес уақыт намазын қаза қылмай, мұсылманшылық парызын өтеп келе жатыр. Бастысы еліміз аман, еңсеміз биік. Біздің аталарымыз қыннан қылыш суырып, туырлыққа ту іліп, көк найзаның ұшына күдеріден бау тағып бабаларымыз ат үстінде сыртқы жаудан елді қорғап, жанталасып ғұмыр кешті. Сабыр ақылдың серігі деген тәмсіл бар. Сол қиын кезеңнің шет жағасын бізде көрдік. Басымызда еркіндік болмаған соң, ұрда-жық үкіметтің айтқанына көніп, айдағанына жүрдік. Қазір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бақытты кезең ғой. Ерінбегеннің еңбегі жанған уақыт. Баяғыдай бір адамға бағынышты болып жалтақтап, жауыр болатын тұс емес!.. Бастысы тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын. Соғысты көргенім жоқ, бірақ соғыс аяқталған соң, дүниеге келген бала болғандықтан, қанды қасапты басынан кешіріп, сыңараяқ, сыңарқол болып келген жарымжан майдангерлерді көзіміз көрді, отыз екі жылдан бері ашық аспан астында өмір сүріп келеміз, осы мамыржай заманымыз ұзағынан болсын!-дейді қария.

Иә, еліміз егемендігін алып, жер әлемге тәуелсіздігін мойындатқаннан кейін де ХХ ғасырда еңбек етіп, дала қосында темір тұлпарды тізгіндеп мініп, бүгінде немереге ақылшы, елге үлгі болып отырған қарттарымызды еліміз сырт қалдырған жоқ. Қуаныш ақсақал Бурабай ауданының — 90 жылдық мерейтойында «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапатталып, қарияның еңбегі тағы да бір еленіп, жұлдызы жоғарылап қалды.

— Тек, өткен жылы құдай қосқан бәйбішем ұзақ сырқаттан дүние салып, құдай салды мен көндім деп отырмын. Дүниеде сыңарыннан айырылғаннан асқан қасірет жоқ екен. Иә, балалар бар ғой. Дегенмен де, қамшы сабындай қысқа өмірде, жан жарыңның қасында болғандығына не жетсін!? Бір дем әрі, бір дем бері деуші еді аталарымыз. Сол әрі бері демде, бір дастарханнан ас ішіп, үстел басында қарайып отырған жарың аман болса, балаларыңмен ақар-шақар болып отырсаң дүниенің қызығы сол емес пе?..

Қазаққа бірлік керек. Бірлігі бар елдің берекесі артады. Көңіл шіркін әр нәрсеге алаңдап, көк дөнендей жүйткиді. Бірліктен айырылған ел қаңғып қалады деуші еді, қазір қолымыз бос экранға қарап, газет-журнал оқып елдің жаңалығын біліп қадағалап отырамыз. Экраннан тұщымды жаңалық ести алмайтын күйге жеттік. Өз-өзіне қасқырша шапқан елдер, бұралқысы бүлікке құмар. Оу аз адам атқа мініп, көпке шапса, мұндай елден береке, ырыздық қашып, соңы үлкен қасіретке айналуы мүмкін. Тамағың тоқ, көйлегің көк. Кейде, қоқыс қасында жатқан нанды көргенде, бойым түршігіп, шошынамын. Кешегі отыз бірінші жылдың басынан кешірген аға буын баяғыда айтушы еді. Бір үзім нанға зар болып, қаншама үйдің түндігі жабылды деп. Қазір бәрі бар. Ниет бұзылған сияқты ма қалай? Әйтеуір, қыздырманың тіліне еріп, бәрі жоқ деген ауыр сөзді, ауыздарына жиі алады. Аштан өліп, көштен қалып, нан таба алмай зар қағып, бебеулеп жүрген ешкім жоқ. Қиындықсыз заман болмайды. Қанша жерден кешегі келмеске кеткен заман совет үкіметін мақтасаңыз да, ол заманда да жоқшылық болды! Қат дүниелер болды. Бірақ, жоқ деген ешкім болған жоқ. Бастысы қанағат болды. Қанағат қарын тойдырар деп жүрді. Қазір ептеп күн көруге болады. Себеп болатындай іс-әрекет керек. Еңбек ет, мал тап, отбасыңызды асыра. Сөйтіп, мүмкіндігің болса, қабырғаңды бүтінде. Тірлігіңді түзе,-дейді қария. Сексенге қарай қадам басқан Қуаныш қарияға амандық тілеп қоштастық. Жарықтық ұлылардың бір сөзі осы орайда еске түсіп отыр «Қиындықсыз іс тынбайды. Оған тек ердің ері ерлікпен төтеп береді» деген. Ат төбеліндей Көрнекті ауылында туып, бір адамдай ел үшін еңбек еткен қария қазіргі таңда Щучинск қаласында тұрып жатыр. Ауылды сағынсам, іргеде ғой қыс-жаз деп қарамаймын. Барып, туған ауылымның ауасын жұтып, аралап қайтамын дейді. Еңбектің қадірін білген қария, жүз жасаңыз!..

Жеңіс Оспанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA