Қазақстанда әлеуметтік саланы қолдау және дамыту мәселелеріне басымдық беріледі: мемлекет жұмыс орындарын құру және азаматтардың жалақысын көбейту бағытында жұмыс жүргізіп келеді, түрлі мемлекеттік әлеуметтік көмек бағдарламалары іске асырылып, тиісті инфрақұрылымды жаңғыртуға қаражат бөлінуде.

Мемлекет басшысы бұл жұмыстың маңыздылығы туралы әрдайым атап өтеді.

«Әлеуметтік кепілдіктердің ағымдағы көлемі қысқармауы керек, ол шынымен мұқтаж азаматтардың пайдасына қайта бөлінуі тиіс. Мемлекет әлеуметтік жәрдемақысыз күнелте алмайтын топтарға қажетті көмек көрсететін болады. Әлеуметтік кепілдіктердің бәрі жәрдемақылар төлеуге емес, өнімді жұмыс орындарын құруға бағытталған белсенді әлеуметтік саясатқа негізделуі керек. Бұл “Жалпыға бірдей жұмыспен қамту” қағидатын іске асыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді биылғы көктемде өткен елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев.

Геосаяси тұрақсыздыққа қарамастан, республикада әлеуметтік міндеттемелердің барлығы мүлтіксіз орындалуда. Сондай-ақ бюджеттің мүмкіндігіне қарай зейнетақы, жәрдемақы және басқа да қолдау шаралары ұлғаюда.

Табыстарды арттыру, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік сала

● 11 айдың қорытындысы бойынша өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 908,5 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде:

— 257,1 мың – ұлттық жобаларды іске асыру барысында;

— 294,3 мың – бос жұмыс орындарына;

— 357,1 мың – Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында.

● Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан азаматтарға бизнес ашу үшін 400 АЕК (шамамен 1,3 млн теңге) мөлшерінде 9,1 мың мемлекеттік грант берілді. Осының арқасында жаңа тігін шеберханалары, наубайханалар, сұлулық салондары, сүт өндіру және басқа да кәсіпорындар жұмыс істей бастады.

● Мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына биыл 196,3 мың адам жұмысқа тұрды, оның ішінде:

— әлеуметтік жұмыс орындарына – 17,3 мың;

— жастар практикасына – 33,1 мың;

— қоғамдық жұмыстарға – 120,7 мың;

— «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 9,6 мың;

— «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – 488;

— «Күміс жас» жобасы бойынша – 15,1 мың.

● Наурызда 21 жастан 35 жасқа дейінгі өз ісін бастағысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысып жүрген жастар үшін 2,5% жеңілдікпен несие беру бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде жалпы сомасы 25,4 млрд теңгеге 5,4 мың бизнес-жоба мақұлданды.

● Мемлекет басшысының «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы аясында оны орындау тетігі әзірленіп, қажетті заңнамалық түзетулер қабылданды. Жоба 2024 жылғы 1 қаңтардан басталады. Енді Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық балалардың арасында үлестіріледі. Осылайша, жиналған қаражатты білім алуға немесе баспана сатып алуға жұмсауға болады.

● 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 600 мыңға жуық азаматтық қызметшінің жекелеген санаттарының жалақысын жыл сайын орта есеппен 20%-ға кезең-кезеңмен көтеру үрдісі жалғасын тапты. Нәтижесінде 2025 жылға дейін олардың жалақысы 2 есеге артады. Салалық мемлекеттік органдар да осындай жұмыс жүргізіп жатыр.

Атап айтқанда, мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары педагогтарының, ішкі істер және қорғаныс органдары жүйесінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары педагогтарының, біліктілігі жоғары медицина мамандарының жалақысы көтерілді.

Құтқарушыларға (лауазымдық жалақының 70%-ы), сондай-ақ мемлекеттік орман күзеті қызметкерлеріне, табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларына, жануарларды қорғауға мамандандырылған ұйымдардың инспекторларына және т.б. (лауазымдық жалақының 100%-ы) денсаулыққа және адам өміріне зиян келтіруі мүмкін жұмыс үшін қосымша төлем белгіленді.

Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша:

— 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды;

— 1 шілдеден бастап «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері табысталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғайтылды;

— 1 шілдеден бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдерін, мүгедектігі және асыраушысынан айрылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды, арнаулы мемлекеттік жәрдемақыларды алушылар қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем мөлшері 15,7 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

● 1 қаңтардан бастап республикалық бюджеттен төленетін барлық жәрдемақының мөлшері 8,5%-ға көбейді. Бұл шамамен 2 млн адамға әсер етті.

Оған қоса 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар және асыраушысынан айырылған адамдар үшін жәрдемақы мөлшері тағы 14,5%-ға ұлғайтылды. Бұл жәрдемақының жылдық мәнде 23%-ға өсуін қамтамасыз етті.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша барлық жәрдемақы алушылардың саны шамамен 2 млн адамды құрайды. Төлемдерді жасауға 1 қаңтардан бастап барлығы 1,1 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

● 1 қаңтардан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақы 10,5%-ға өсті. Оған қоса Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 60%-на дейін, ал ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қолданылатын ең жоғары табыс мөлшері 46-дан 55 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Нәтижесінде 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 120 838 теңге болды.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша Қазақстанда 2,3 млн зейнеткер бар. 1 қаңтардан бастап зейнетақы төлеуге барлығы 3 трлн теңгеден астам қаражат жұмсалды.

● Отбасының цифрлық картасы аясында табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға проактивті түрде әлеуметтік қолдау тағайындау енгізілді. Төлем тағайындалатын адамға SMS-хабарлама жіберіледі, ол жауап ретінде өз келісімін беруі қажет. Өтінішті рәсімдеу және жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режимде жүргізіледі, содан кейін қаражат төлем алушының банк шотына аударылады.

● 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) 113,6 мың отбасынан 595,7 мың адамға тағайындалды. Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінді. АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA


Вы пропустили

95 млн деревьев высадят в Акмолинской области к 2027 году

Ақмола облысы құс еті және жұмыртқа өндірісі бойынша көшбасында
Ақмола облысы Агроөнеркәсіптік кешендегі өз позициясын нығайтып, құс еті мен жұмыртқа өндірісі бойынша Қазақстанның көшбасшылары қатарынан көрінді. Сонымен қатар, өңірде сүтті және етті мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі де артқан. Бұл туралы брифингте облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикасының іске қосылуының және «Ақ Дала Агро» қуатының артуына байланысты Ақмола облысының құс етін өндірудегі республика бойынша үлесі 30 пайызды құрады. Мұнда жыл сайын шамамен 125 мың тонна құс еті өндіріледі. Сонымен қатар, аймақ жалпы республикалық көлемнің 16 пайызын қамтамасыз ете отырып, тауық жұмыртқасын өндіру бойынша елдегі бірінші орынды иеленеді, бұл жылына 700 млн данаға тең.
Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың басым бағыттарының қатарында сүт және етті мал шаруашылығы бар. Қазіргі уақытта жалпы саны 2,4 мың басы бар 46 ет фермасы, сондай-ақ 36,5 мың басқа есептелген сегіз ірі бордақылау алаңдарынан тұратын желі жұмыс істейді. Сүт саласында жалпы саны 15 мыңнан асатын 57 мамандандырылған ферма бар.
«Жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 6 мың басқа арналған жеті ірі тауарлы-сүт фермасын құру жұмыстары жалғасуда. Бұл тауарлық сүт өндірісін 40 мың тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Целиноград ауданында «АФ Родина» 1,1 мың басқа және «Али Дала» 1,5 мың басқа, сондай – ақ Аршалы ауданында «Temir Agro» 600 басқа арналған үш тауарлы — сүт фермасы пайдалануға берілді», — деді басқарма басшысы.
Облыс бойынша мал қыстату үшін қажетті бір жарым жылдық шөп қоры дайындалды.
Жыл басынан бері өңірде тірі салмақта 146 мың тонна ет, 184 мың тонна сүт және 526 млн тауық жұмыртқасы өндірілді. Бұл көрсеткіштер өңірдің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақты өсуін білдіреді.
Сонымен қатар, өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жақсы дамып келеді. Қазіргі уақытта 67 өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді, оның 16 ет өңдеумен, 15 сүт өңдеумен, 28 ұн тартатын кәсіпорын, ал 8 майлы дақылдарды өңдеуге маманданған.
Жыл басынан бері азық-түлік өндірісі 4,8 пайызға артты. Әсіресе сүт, өсімдік майы және ұн өндірісінің өсуі байқалады.
«Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік сектордағы қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойды. Осы мақсатқа жету үшін өңірде 80 инвестициялық жобаны іске асыру бойынша Жол картасы бекітілді. Биыл 17 жоба іске асырылып, инвестиция тарту жұмыстары жалғасады», — деп атап өтті Кенеш Әлімжанов.