Ақмола облысы климаттық факторлар бойынша қысқы туризмді дамытуға қолайлы аймаққа жатады. Щучье-Бурабай және Зеренді курорт аймақтарындағы туристік нысандар қыс айларында экотуризм, спорт және сауықтыру бағыты бойынша келушілерге қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Kazinform.

Өңірде жұмыс істеп тұрған қонақ үйлерден бөлек, курорттық аймақта қысқы туризм қызметтерін «Оқжетпес», «Алмаз», «Щучинский», С. Сейфуллин атындағы, «Террассалар паркі», «Самал», «Дискавери Бурабай», «Гранд Прикс», «Зерен» тәрізді шипажайлар ұсынады.

Қыс мезгілінде турист тарту үшін шипажайларда жыл сайын көрсетілетін қызметтердің спектрі кеңейіп келеді.

Оның ішінде мұз айдындары құйылып, шаңғы маршруттары салынуда, сондай-ақ, шаңғы, коньки, сноуборд, қарда жүретін көліктерді жалға беру орындары ашылып жатыр.

Кәсіби шаңғы әуесқойлары «Елікті парк», «Нұртау» және «Ақ желкен» тау шаңғы курорты мүмкіндіктерін пайдаланады.

Экстремалды әуесқойлар үшін «Rixos Borovoe» қонақ үйінің аумағында «Экстрим парк» жұмыс істейді.

Туристерді қызықтыратын орын — «Бурабай лэнд» ойын-сауық паркі.

Ол қысқы ойын-сауықтың бүкіл спектрін ұсынады (хаски шана, атпен серуендеу, шанамен сырғанау, коньки тебу, квадрацикл, қарда жүретін көліктерді пайдалану).

Ойын-сауық саябағында ересектер мен балаларға арналған аттракциондар, шаман ауылы, фотосуретке түсу аймағы бар.

Сондай-ақ, кішкентай қонақтар үшін «Аяз ата резиденциясы» жұмыс істейді.

Жыл сайын балалар ойын-сауық кешені базасында 50 мыңға дейін туристке қызмет көрсетіледі.

Халықаралық деңгейдегі жарыстар Щучье қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығының аумағында өткізіледі.

Қыста мұнда кәсіби шаңғышылар мен спортшылар үшін 20-дан астам спорт шаралары өтеді.

— Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы Қазақстандағы туризмді дамыту драйверлерінің бестігіне кірді. Өңірде туризмді дамыту географиясы кеңеюде. Бурабай бас курортынан басқа, Зеренді және елордалық туризмді дамыту аймақтары дамуда, — дейді Ақмола облысы туризм басқармасының бөлім басшысы Ерназар Құттығожин.

Астана қаласының қала маңындағы аймағында қысқы туризм қызметтерін ұсынатын бірқатар абаттандырылған демалыс аймақтары бар, оның ішінде Аршалы ауданында «Бейбарыс» демалыс базасы, Ақкөл ауданында «ARKA TOUR» ЖШС шаңғы базасы, «Shar Zhum» демалыс орталықтарына келушілер саны жылдан жылға артып келеді.

Қала маңындағы демалысты одан әрі дамыту үшін Целиноград ауданында «Тау паркі» демалыс аймағының құрылысы жобасы (сырғанақтар, мұз айдыны, шаңғы, қарда жүретін көліктер, атпен жүру) жүзеге асып жатыр.

Сандықтау ауданында шаңғы-роллер базасында жыл сайын шаңғы спорты ардагерлерінің дәстүрлі шаңғы марафоны өткізіледі.

Облыста «Four Seasons» күнтізбелік іс-шаралар жоспарына сәйкес тұрақты негізде қыс мезгілі мен маусымаралық кезеңде курорттық аймақтың жүктелуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады.

Кеше, 17 желтоқсанда Бурабай курортында қысқы маусым ашылды.

Айта кетсек, бұдан бұрын Бурабайға бір жылда 1 млн шетелдік турист келетінін жазған едік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA


Вы пропустили

Ақмола облысында АИТВ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты
1 желтоқсанда әлемде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні атап өтіледі. Биылғы жылдың тақырыбы ЮНЭЙДС жариялаған «Дұрыс жолды — адам құқығы жолын таңдаңыз» ұранымен АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарауға шақырады. Бұл туралы брифингте Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясын алдын алу орталығының бас дәрігері Құрманбек Бұрмағанов және осы орталықтың профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Балғын Сарбасова мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Қараша айының басында аймақта АИТВ-мен өмір сүретін 1 080 адам тіркелген. 10 айда 109 жаңа жағдай анықталды, оның 80% — дан астамы қорғалмаған жыныстық қатынасқа байланысты. Науқастардың көпшілігі 30-49 жас аралығындағы адамдар.
«Жұмыстың басым бағыттары профилактиканың, диагностиканың және емдеудің қол жетімділігін арттыру болып қала береді. Он айда профилактикалық бағдарламамен 1200-ден астам адам қамтылды. Жоғары қауіпті аймақтағы адамдар үшін инфекция қаупін азайтуға мүмкіндік беретін байланысқа дейінгі профилактика сияқты заманауи әдістерге ерекше назар аударылады. Бүгінгі таңда бұл терапияны аймақта 120 — дан астам адам алады», — деді Құрманбек Бұрмағанов.
Айта кетейік, бір жыл ішінде Ақмола облысында мыңға жуық адам қамтылған 13 ақпараттық-білім беру кездесулері мен акциялар өтті, онда 275 азамат өздерінің АИТВ-мәртебесін білуге мүмкіндік алды.
«Бірлескен жұмыстың арқасында бүгінде АИТВ-мен өмір сүретін адамдар балаларды асырап ала алады. Бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін емес болған. Мұндай прецеденттер АИТВ-мен ауыратын адамдардың құқықтарын бұзатын нормаларды заңнамадан жоюға және қоғамда барлығына бақытты өмір сүру құқығын беретін толерантты ортаны қалыптастыруға ықпал етеді», – деп толықтырды Құрманбек Бұрмағанов.
Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні аясында Ақмола облысында бірқатар акциялар мен іс-шаралар жоспарланған. Олардың ішінде-Көкшетау сауда-ойын-сауық орталықтарында, жоғары оқу орындарында және қоғамдық орындарда АИТВ-ға жедел тестілеу. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінде жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуге бағытталған педагогтарға арналған облыстық семинар өтеді. Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында Ашық есік күні өткізілетін іс-шараларға ерекше назар аударылады. Келушілер 20 минут ішінде мамандардан кеңес алып, АИТВ-ға тестілеуден өте алады. АИТВ-ға қарсы күрес апталығы «Көкшетау» мәдениет үйінде аяқталады. Онда 600-ге жуық адам жиналады.
«Дәстүрлі кеңес беру форматынан басқа, бұл жұмыс мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жүргізілетінін атап өткен жөн. Әлемдік тәжірибеде бұл тәсіл «web-аутрич» деп аталды. Бұл тәсілдің артықшылығы-адам барлық қажетті ақпаратты онлайн ала алады, содан кейін профилактикалық қызметтерді алу және түрлі зерттеулерден өту үшін біздің орталыққа жүгіне алады», — деп атап өтті профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Балғын Сарбасова.
Дәрігерлер алдын-алу шараларын сақтау қажеттілігін еске сала отырып, кездейсоқ байланыстардан аулақ болу және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға құрметпен қарау. ЖИТС-пен күресу-әркімнің жауапкершілігі екенін еске салды