Түс әлеті еді. Есіктен кірген ұзын бойлы азамат, амандасып өзін таныстырды: — Есімім Бауыржан. Баянбай ауылында нағашым тұрады. Шаңырақ көтергендігіне биыл — 65 жыл толып отыр еді деп, әңгімесін әріден бастады, аға буын ретінде жазып, сұхбаттасып келсеңіз,-деп өтініш білдірді.
Арқаның ақырған аязының ентігі басылып, аздап теріскейден жел соғып тұр. Бауыржан аға екеуміз жолға шықтық. Баянбай ауылы ежелден тарихи ауылдың бірі ғой. Қасиетінен айналайын Абылайдың ата қонысы болған жердің қай жеріне, қай дөңіне көз салсаңыз да өткен шақты баяндап тұрғандай адамға керемет әсер береді. Иә, биыл қыс қаһарлы да, қатты емес. Даланың елігінің құлағы уақытпен үндесіп техниканың үніне үйреніп алған ба, әйтеуір жол бойы жайылып жүрген еліктерді тамашалап, Баянбай ауылына қалай жетіп қалғанымызды білмей қалдық. Ауылдың шет жағына қарай қоныс тепкен Сағындық ақсақалдың шаңырағына сәлем беріп кірдік. Орта бойлы. Қой көзді. Қариямен жиені құшақтасып амандасып. Төрге жайғастық. Сексеннен асқан қария 1940 жылы ақпанның төрті күні дүниеге келіпті.
— Шіркін уақыт-ай!.. Зымырап бара жатқан уақыттың көшіне көз ілеспейді. Кәрілік алапаттай күшті алып, ақ маржандай тісті алып, ақ таяққа сүйеніп, өткенді ойлап, болашақты болжап отырмыз. Аллаға тәубе! Ұл өсіп ұрымқа, қыз өсіп қырымға кетті. Бәрі өз алдына жеке үй. Жеке отау. Осы шаңырақтан тараған ұрпағыма мың да бір шүкір. Ауылдың ауасы таза. Суы бал. Бір жақсысы қалалықтар сияқты ызың-ызың еткен техниканың гүрілі жоқ. Иә, сонымен бәйбішем екеуміз шаңырақ көтергенімізге — 65 жыл!.. Жарықтық жылқы қосында домбырамен хисса айтып отыратын сары тісті қариялар:
Атаның мұрагері — ұл,
Ененің мұрагері — келін.
Қымыз көңіл үшін,
Қыз өмір үшін,
-дейтін. ХХ ғасырдың қияметі мен қиянатын бір адамдай бастан кешіріп, мына ұлы уақыттың жалынан ұстап, үзеңгісіне аяғымызды салып, өмір сүріп жатырмыз. ХХ ғасырдың зобалаңы дегенім әкей марқұм жас кезінен жылқы бағып, қара танымай ел қатарлы өмір сүрді. Батыстан мұздай қаруланып кірген неміс басқыншыларының соғысы басталғанда, ел қатарлы қолына қару алып, көппен көрген ұлы тойға аттанды.
Мен екі жастамын. Үлкен апам және қарындасым бар. Анам марқұм Дәмелі колхоз жұмысында. Кішкентай қарындасыма бас-көз боп үйде отырам. Күндіз бұлт, түнде тұман жамылған қазақтың басына шын қасірет осы жылдары оралды. Екі күннің бірінде қара қағаз келеді. Қара қағаз «майданда ерің, балаң жан тапсырды» деген үрейлі хабар. Анам марқұм пысық, қолынан іс келетін жанның бірі еді. Екі сиыр ұстады. Көкөніс екті. Картоп, қызылша, сәбіз. Ала жаздай жұмыстан кейін қолы босамайтын-ды. Екі сиыр болған соң, үйден ағарған айран, құрт, ірімшік үзілген жоқ. Бірде екі кештің арасында шешен ұлтының жер аударған үлкен ақсақалы мен бәйбішесі үйімізге қонақ болды. Ақсақал ұзағынан отырып аят оқып, ас ішті. «Отағасы соғыста» деп анам көзіне жас алып еді.
— Келеді, алаңдама. Алла өзі сүйген құлына ешқандай жамандық, өлім бермейді,-деп қария басалқы сөз айтты. Иә, әкем соғыстан аман келді. Келді де, баяғы ата кәсібі жылқы бағуды қайтадан қолға алды. Жарықтық, Қамбар атаның төлі қазақтың байлығы ғой. Ішсеңіз сусын, мінсең көлік. Қазір ғой, жылқышының басынан бағы тайғандығы, техникаға иек артып «дырылдақты» мініп жылқы қайырып жүргені. Заманның бұл да бір жетістігі мен жемісі болар.
— Жібек, ас-суыңды дайында, балалар асығып отыр!-деп әмір берді. Әңгіме Жібектен шықты. Жібекжанға тоғыз жасымнан бастап ғашық болдым. Қарауыл елінің қызы. Рудың шежіресінде ұлттың тарихы бар. Жақсы жар, жарты ғұмырың емес пе? Жібектің ағасы Асылбек марқұм екеуміз бала кезден үзеңгі дос болдық. Тоғыз жасымда жылқы бағып отырып, бірде екі кештің ортасында Асылбек үйге апарып тасташы мені деп өтінді. Жанқараның бер жағындағы 20-шы разъезде тұратын еді. Аяңшыл атты ақырын қамшылап отырып, апардым. Барсам, осы Жібек тұр. Асекең айтты:
— Сағындық, мына қарындасымды өскенде саған беремін, екеуміз сосын мәңгілік айырылмайтын дос боламыз деп күлді. Расында да ол кезде Жібек десе-Жібек еді. Сонымен асау уақыттың сұйық жалына жармасып жүріп ер жеттім. Әкемнің шын аты Нұрмұхамбет. Ел Нұрмақ деп атайтын. Мен он тоғызға толған күннен бастап, төңіректегі қызы бар үйдің барлығына құда түсіп жүрді. Ол кезде Уәлихан ауданына қарасты, осы жерден 180 шақырым жердегі Көксеңгір деген жерде жылқы бағамыз. Негізі Көксеңгір көлдің аты. Жарықтық өзінің уақытында ақ айдынданып, бауыры құсқа толған тұнық көл болыпты-мыс.
Әкем келіп, пәленше үйдің бойжеткен қызы бар екен, құда түсіп келдім дейді. Мен жақтырмаймын. Ақыры, бір күні «басқаға емес, 20-шы разъездегі Әбдірахманның қызына үйленем» деп айттым. Желтоқсанның аяқ кезі. Әкем марқұм таң бозынан ерте тұрып алып, қос атты парлап жегіп, қасына басбілгі асқақалды алып, осы Жібекке құда түсуге кетті. Техниканың тапшы уақыты. Қазіргідей ығыр-дығыр қылатын көлік жоқ. Барлық күш-көлік жылқыда.
Солай Жібек екеуміз шаңырақ көтердік. Құдай берген төрт қыз, үш ұл бар. Үлкен ұлым Петерборда тұрады. Ортаншы ұлым қолымда, кіші ұлым Астанада. Қыздар өз алдына бір-бір үйдің иесі, түтінін түтетіп отыр.
Содан Құлтай көлінің жағасына қайта келіп, ауылшаруашылығына жұмысқа тұрдым. Ірі қара бақтым. «Құлтай көлі» дегенді түсінбей отырған шығарсың сен бала? Тың жерді игеріміз деп, шляпасын теріс киген Хрущевтың тұсында мына Баянбай ауылының оңтүстігіне қарай орын тепкен ескі көл болатын. Бертін қоқыс төгетін полигонға айналды. Сол көл Құлтай байдың атымен аталды. Іргелі, дәулетті де, сәулетті бай адам болыпты. Сондықтан Құлтай елі, Құлтай көлі деп аталарымыз айтып отыратын.
Пәлекер боп қарғыс алған жоқпын, қайта дәнекер боп алғыс алдым. Өзім өмір бойы ащы суға жолаған адам емеспін. Анам марқұм жас кезінен құбылаға бет бұрып, бес уақыт намазын үзбей, Аллаға мінәжат қылған сопы мінезді жан еді. Содан болар, әйтеуір «арам дүниеге» бой ұрмадым. Осы жасқа келгенімше ешкімге қиянат жасамадым, ұрлық қылмадым, қастық ойламадым, тақым батырмадым, партия қатарында болмадым. Тек менің басты бағытым ол шындық еді. Шындық бәрінен қымбат!..
Аллаға тәубе!.. Биылғы жылы қар қалың түсті. Түсуін түсті ғой. Жылдағы кәрі құдаң қыстың әлегі. Қазір құланның заманы емес, жекешеленген бұланның заманы. Бәрі жеке меншік қой. Ауламды қар алып қалды деп ешкімге барып бас имеймін, арыз жазбаймын. Әйтеуір әкім қыз қарды тазалатып, өзі бақылап қарап кетті. Қазан айындағы қарттар күні аясында құттықтап кіріп шықты. Біздікі жай көңіл ғой… көңіл қымбат, соған қылау түспесе болды дейміз.
Сонымен осы ауылда Баянбай ауылының ауылшаруашылығында бригадир, фуражер болып жұмыс істедім. Тоқсаныншы жылдары ашқарақтанып совхоздың дүниесіне қол салып жатқанда, қазына-мүлкіне арғы атамнан қалған еншідей екіленіп қол салмадым. Сарайдың сайтаны, жыртық үйдің Құдайы бар деген қазақ. Жетпіс жыл бойы жинаған қызылдардың қып-қызыл қиянатын ел ұмытқан жоқ. Талай-талай тақымы мықты байлардың шаңырағын ортасына түсіріп, дінді, ділді, тілді ұмыттырып, құдайға қарсы шыққан атеистердің соңы барып құрдымға тірелді. Қазіргі ұрпаққа осы ауылда пәленше мың ірі қара, жылқы болды десе, сенбейді. Өйткені, заман ритмі мүлдем басқа. Ғылымның жетілгені. Уақыттың толықсығаны толғаны. Айшылық алыс жердегі адаммен жүзбе-жүздесіп сөйлесіп отырасың. Кейде ойлаймын совет үкіметі, жоқты жүдетіп, ашты аздырып таң бозынан халықты жұмысқа салып, ойландыруға мүмкіндік бермеген ғой, таң бозынан көзіңді тырнап ашып, қазына жұмысына кетесің, күйбең-күйбең. Демалыс атымен жоқ. Саясат дегенді білмейсің. Дін не боп жатыр, тілдің ахуалы қалай? Ойланатын мұрша жоқ. Жұмыстан келесіз де, ас-суыңызды ішесіз, ертеңіне тағы жұмыс. Қанаушылық қой, таза қанау…
Нағыз әлгі биліктің айтқаны жүзеге асады, болмай бара жатса, тізеге басадының кері. Жетпіс жыл бойы біздің адал еңбегіміздің сұрауын таба алмай қалдық. Тәжін ауыстырмаған патшаның миы ауысады деген осы екен. Совет үкіметінің құрдымға кетіп құрығаны да жақсы болды. Зейнеткерлікке шыққан соң, ауылда «имам» болдым.
Игілік ауылындағы сұңғыла кісі Өзбек ақсақалды білетін шығарсыз? Көргені көп, оқығаны мол абыз, осы ауылға имам бол деді. Үлкеннің айтқанын орындап өскен, тәрбиелі ортаның баласымын ғой. Келістім. Ауыл халқы да қолдады. Иә, сонсоң бертін имамдылықты жас жігітке бердім. Ауылда мешіт жоқ. Мешіт салайық деушілер бар. Салғаны дұрыс. Бірақ, құдайдың салауат айтатын үйіне ие керек. Дін мемлекеттен бөлек. Оған әкімдік жауап бермейді. Отыны бар, көмірі бар, суы бар тағы басқасы бар, ертең жабылып жатса атымызға ұят келеді ғой деп те ойлаймын. Рамазан айында кім ауызашар береді, сол үйде тарауық оқимыз…
Айтпақшы балам-ау, әңгіме аралап кетіппін ғой, Жібек екеуміздің шаңырақ көтергенімізге януардың жиырма төрті тура алпыс бес жыл!.. Балалар атаулы датаны атап өтейік дейді. Келіспей отырмын (януар-қаңтар айы ғой) өзім осылай атаймын, сөзімнің мәтелі. Келіспей отырғаным өздері жиналсын, үйде барлығымыз әңгіме дүкен құрып, немерелерім келіп бір жасап қалсақ, соның өзі айт пен той ғой. Анау жоқ, мынау жоқ дегенді суқаным сүймейді. Сондықтан да бар, тәубе!.. Бар десең оңаласың, жоқ десең жоғаласың демекші осыдан алпыс бес жыл бұрын, жалындаған жас едік. Өмір өткелінің біразынан өтіп, міне тоқсанға қарай көңіл дүрбісін салдық. Бала-шағам, бәйбішем аман болсын!..
Баяғыда бір қалжыңбас досым «Мәселе Баянның өзінде емес, Қозының көзінде» деп айтатын. Сол айтпақшы тоғыз жасымнан ғашық болған Жібек екеуміз қол ұстасып өмір өткелінде біраз қуанышты күндерді бастан кешірдік. «Ищай» деген күніміз болмады. «Әп бәрекелді!» деген күніміз көп болды,-дейді баянбайлық Сағындық Нарбаев ақсақал.
P.S. Әлгіндей емес, қайтадан ұйтқып боран соғып, ымырт түсе арқаның ашулы аязы көтеріле түсті. Көкшенің құз басына аппақ бұлт үйіріліпті. Қарияның әңгімесі әлі құлағымыздан кетпей тұр. Ел ішінде көкірегі көмбе қариялар әлі бар. Қарты бардың қазынасы бар деген осы екен, біраз жер-су аттарын ел жадына жаңғыртып жазып қояйын деп ойладым. Шаңырағы шаттыққа толған отбасыға тек қана жақсылық тілейміз.
Жеңіс Оспанов