– Тәштай молданы естуіңіз бар шығар? Иә… Бурабай төңірегінде өмір сүрген адам. Оқымысты, мықты ғұлама, қари атанған, кісі емдеген жан еді. Жатқан жері жарық болсын, менің әкем Әубәкір сол жарықтық Тәшекеңнің алдынан ескіше хат таныған адам. ІІ дүниежүзілік соғыстың тұсында Степняк қаласындағы «Конный двор» атанып кеткен алтын өндіретін өндірісте бригадир боп қызмет атқарды. Елдің апталдай азаматтары батыстан кеңес одағының шекарасына баса-көктеп кірген неміс басқыншыларының аптығын басамыз, ашуын қайтарамыз деп жан алып, жан берісіп жатқан тұс.
Сол жылы қыс орасан қатты болыпты. Бұрқасын боран ұйтқып соғып, әлсін-әлсін аяз көтеріліп, арқаның алда келер жібек мінезді көктеміне ырық бермейін дегендей қыс көрпесін қымтап ұзағынан жатып алыпты. 1944 жыл 27 ақпан, қыстың аяғы. Әз Наурыздың басы. Бірер күннен соң көктем есіктен кіреді. Қасат қардың көбесі сөгіліп, дүние жіпсіп жаңарады. Жер бусанып түлейді. Қытымыр уақытта шыр етіп дүние есігін ашыппын, содан болар, менің мінезімнің жұмсақтығы да аз. Иә, әкем тізгін ұстар күткен шығар. Бірақ, кестетігер қыз болып дүние есігін аштым. Есімімді көрші қария азан шақыртып Ұлмекен деп қойыпты.
Әкемнің кіндігінің қаны тамған жері Қымызнай ауылы. Қазақтың ғажап салты бар, бірақ осы салт күн өткен сайын, әлгі дүниенің төрт бұрышынан түрлі тәлім алып, білім алып келгендер «кемпір-шалдың қолына баланы беруге болмайды» деп көлгірсиді. Мен әжемнің қызы болдым. Әжем көпті көрген, ертегі аңызды, әңгімені көркемдеп жеткізетін, мінезді кісі еді жарықтық. Мені бауырына басып алып ылғи да ыңылдап отырып ән айтатын-ды. Ол кездің әні мұңлы еді. Жүрек шерлі еді. Алапат соғыс жүріп жатыр. Оның үстіне мұсылман баласын дінінен, діңгегінен айырып ұлтсыздандыру саясаты абалап тұрған уақыты. Әжем Ұрқия Мұсабайқызы бес уақыт намазын оқып, Аллаға деген құлшылығына әсте дақ түсірген жоқ. Иманды болсын..!
Бәлкім естуіңіз бар шығар, бұрынғы Чкалов ауданының төңірегінде бір басына бес мың жылқы біткен Қажыбай деген бай болған. Анам сол Қажыбай байдың қызы-Күлшат. Ақ қашып, қызыл қуып дүниенің дүр дидары бұзылып тұрған мезетте нағашы атам кәмпескеге іліккен. Енді қазбалап, өткен шақты еске ала бермейік. Қиянатты белден келетін үкімет өктемдігін жасап, білгендерін істеді ғой. Мен… иә, мен Степняк қаласындағы Абай атындағы мектепті бітірдім. Әкем менің қыздарымның барлығы дүкенші болуы керек деп отыратын. Шындығын айтқанда дүниенің қат кезі. Дүкенді ұстап тұрған адамда, екінің бірінің қолы жете бермейтін барлық тауар бар.
Ол кезде ақша бар, дүние қат. Тіпті, бума-бума ақшаға дүние таба алмайсың. Қазір ғой мода қуған заман. Ер адамдар бертінге дейін бақа бас туфли киді, балағы кең шалбар киді. Бұл барлықтан емес-дүниенің жоқтығынан деп ойлаймын.
– Әкем Көкшетауға білім ал деп алып барды. Дүкенші боласың деді. Мен мектепте үздік оқыдым. «Мұндай оқуды оқымаймын. Мен дәрігер боламын» деп бірден айттым. Әкем аң-таң: «Айналайын, қызым-ау лөктір болу қиын ғой, ұ-зақ жыл оқуың керек, қартайып қаласың ғой»,-дейді. «Жоқ, қалай да дәрігер боламын» деп айтқанымнан қайтпадым. Өйткені, кішкентай кезімде сіңілім дүние салғанда, бала болсам да мен өскенде осындай ауруларды емдейтін, ажалынан қақпайлап алып қалатын дәрігер боламын деп ант бергем.
Қарағандыға оқуға бардым. Емтиханның барлығынан сүрінбей өттім. 13 бала қабылдандық. Соның -12-і оқуды аяқтады ғой деймін… Дәрігерлік дипломды алып тұрғанымда ұстаздарым: «Осында қал, әрі қарай біліміңді жетілдір»,-деді. Туған жеріме деген махаббатым шығар, бірден елге барам деп, осы жаққа ат басын бұрдым.
Менің ұстаздарым мықты болды. ІІ дүниежүзілік соғыстың алдында одан кейін Сталиндік ұрда-жық ұранымен жер аударылып келген мықты ғылым иелері академиктер болатын. Талаптары қатаң еді. Мен стипендия алған сайын барып кітап сатып алатын едім. Медицина саласы жайлы жазылған авторлардың кітаптары. Иә-деп, күлді. Оқу бітіріп осы жаққа келерімді екі қап кітаппен келдім. Пойызбен… Кітаптарымды тастаған жоқпын, мен үшін құнды кітаптар болатын. Щучинск қаласына келіп терапия бөліміне жолдамамды көрсетті. Басқа ұлт өкілдерінің үстемдік құрып тұрған уақыты. Алты жыл білім алып келген практикалық тұрғыдан тәжірибесі аз маған кадр ретінде сенімсіздікпен қарап «акушер-гинеколог бола тұр…»,-деп сол бөлімге жіберді. Кеудемде намыс бар. Оның үстіне тағдырдың сан түрлі тауқыметін бастан кешіріп дәріс оқыған ұстаздарымның ақыл-кеңесі құлағымда қалып, санамда жатталып қалған «ешқашан кері шегінбе, өмір күрес, сен адамды ажалдан арашалап қалатын дәрігерсің»-деп дәріс берген сайын жиі айтатын-ды. Санамда сол тұрды.
«Данышпандар өз данышпандығын көз жасымен суарады, қасіретімен қопсытады» деген сөз бар. Менің дархан мінезді ұстаздарым білімділігі үшін қасірет шекті. Ол кісілер адалдығы үшін тағдыр тәлкегіне түсті, «тіршіліктің қадірі адамда, адамның қадірі ақылында» деп өмір сүрді. Бізді үйретті. Ауруға төсек, ақшаға есеп дегенді білмеді.
Гиппократ антын бұзбау үшін басшылар айтқан бөлімде ақырын жүріп қызметімді істей бастадым. Өйткені ант дегеніміз адамның абыройы. Көктегі құдірет құдай болса, жердегі құдірет еңбек. Парасат пен еңбек, жеңбейтінді жеңбек деген аталарымыз. Міне бірер күннен кейін сексенге қадам басып келемін. Сексен деген жасты да көрдік, құдайға шүкір, тәубе!.. Иә, әңгімеміз үзіліп қалды. Қай жерге келіп едім?
Аудандық ауруханаға қызметке орналастыңыз…
– Содан ақырындап өзімнің білімімді көрсете бастап едім, «Менің бөлімімде істе, сен сияқты білімді, білікті дәрігер керек» деп барлық бөлім басшылары маған жабыса кетті. Ақыры терапия бөліміне ауыстым. Тіпті осы жерде ұзақ жыл қызмет атқардым. Еңбегі жанғанның жұлдызы жанады деген ғой. Білмеймін енді, бағамды халық бере жатар. Өзімді-өзім мақтағаным әбестік болар,-деді күлімдеп Ұлмекен Әубәкірқызы Бекмағанбетова.
– Қазіргі дәрігерлермен Сіздің тұсыңыздағы дәрігерлердің айырмашылығы қандай?
– Жалпы көзқарасымды айтайын, менің жас әріптестерім өкпелей қоймас, дейтұрғанмен, әр заманның заңы басқа ғой. Еліміз егемендігін алып «нарықтық жүйені» енгізгенде адамның санасын ақша биледі. Ол жылдары біздің аурухананың жағдайы өте қиын болды. Оны біреу білер, біреу білмес, шындықты айтайын сол кезде терапия бөлімінде ауырып жатқан адамдарға төсек-орын, тіпті тамақ болмады. Бизнес өкілдерінің атқа жаңа мініп, жүйелі жұмысты бастап жатқан уақыты. Қазіргі таңда «банкротқа» ұшыраған біраз бизнес өкілдері сол кезде ауруханаға көмектесіп төсек-орын т.б. керекті дүниелерін алып беріп жатты. Өзі, шындығын айтайық «соқырішек» болып келген адамға ұйықтатын дәрі таба алмайтын сұмдық уақыт болды ғой. Аурухананың іші суық. Қалың киініп алып, кісі қабылдаймыз. Ауыр кезең. Иә… сол кезден бастап Гиппократ антын бұзу басталды. Дәрігерлер ақша болмаса дұрыс емдемейтін күйге жетті. Әлі сол… Қазір неге түрлі аурулар көп? Біздің тұсымызда барлық ем-шараны, емдеу тәсілін кітаптан оқып, ізденіп, зерттеп барып қарайтынбыз. Оқу бітіргенімде «екі қап кітаппен келдім» деп едім ғой. Сол кітаптардың барлығы да мен қызмет істеген жылдары өз жемісін толығынан берді. Әрбір дәрігер Гиппократ антын береді. Ол ант Отан алдындағы әскери борышымды адал атқарып, қырағылықпен Отанымды қорғаймын деген жауынгердің антындай жауапкершілігі зор. Бірақ, и…ә жасыратын несі бар? Осы күнгі дәрігерлер науқас адамға-науқас емес қоғамның бір керексіз, қауқарсыз мүшесіндей боп қарайды. Ал шынтуайтқа келгенде жаны сырқат, тәні сырқат әрбір адамның денсаулығын жақсартып беруге ақ халатты дәрігер міндетті!
– Сонда жас әріптестеріңізге көңіліңіз толмай ма?
– Қай жерде оқығанымды білмеймін, бірақ шетелдің бір классик жазушының «Егер, сен білікті дәрігер болам десең, алдымен антыңа адал бол!..» деп айтқаны бар екен. Дәрігердің үстіндегі халаты қандай кіршіксіз таза болса, оның жан жүрегі, әлемі әдемі әрі кіршіксіз болу керек. Науқас адам-саған сәлем беру үшін хал-жағдайыңды білу үшін келмейді, жанына батқан дертіне шипа іздеп келеді. Интернетпен диагноз қоятын дәрігерлер бар деп естимін. Ол қандай дәрігер!? Демек дұрыс білім алмаған көк қағаздың құнымен соның дәрежесімен білім алған білімсіз, біліксіз дәрігер. Мен өмір бойы дәрігермін. Компьютер білмеймін. Интернет қарамаймын. Бірақ, осы күні алдыма: «Ольга Аубакировна мынадай диагноз қойды, қарап беріңізші» деп келетін бұрынғы пациенттерім бар. Әрине, мен қазір зейнеткермін. Ауырған адамға жеңіл-желпі диагноз қоятын құқығым бар. Мынадай дәрі іш… Мынаны істе деуге еш құқығым жоқ.
– Сөздің тоқетеріне келейік, Ұлмекен Әубәкірқызы… Қазіргі әріптестеріңізге сонымен көңіліңіз толмай ма, сұрақты қайталады деп айыпқа бұйырмаңыз.
– Қиындау сұрақ… Бірақ қазіргі жастар мүлдем кітап бетін ашпайды. Ізденіп оқымайды. Өзім де ауруханада жаттым. Сонда байқадым «обходты» сирек жүргізеді. Мысалы кейбір оталардың өзіне салғырттықпен қарайтын хирургиялық жұмысты толық білмейтін хирургтар бар. Тәжірибе алмасып отыру керек. Баяғыда Шығыс Қазақстан облысына Көкшетау облысы бойынша төрт дәрігер жұмыс сапарымен бардық. Алдыма суішерлігі бітті деген сегіз баланың анасын алып келді. Шіркін ананың жанарында өмірге деген зор махаббатын, өліп қалсам балаларым жетім қалады-ау деген күйік, шерін байқадым. Үйіне барып тұрып емдедім. Іссапарым біткенше келіншекті аяғынан тұрғыздым. Ел осыны естіп, сырқаттарын айтып, жан-жақтан келе бастады. Келіншектің күйеуі «Сізге алғыстан басқа айтарым жоқ, бір тай берейін сойып бер десеңіз сойып берейін, әйтпесе жеткізіп берейін»,-дейді. Құдай сақтасын!-дедім. Мұндайды естігенде төбе шашым тік тұрды. Қазір жас дәрігерлерге айтып көріңізші, бас тартпайды, бұл медицина саласындағы ең бір сорақылық, мәжбүрліктен туындаған жемқорлықтың алғышарты. Менің ойымша басқа оқуды ақылы қылса да медицина саласын ақылы қылу-ақылға сыймайтын харекет. Әрбір дәрігер ақылы оқу оқыған соң, әйтеуір оқып жатырмын деп, немқұрайлы оқиды. Олар кімдер адам жанының арашасы емес, қайта араша болмай, келген ажалға сеп болулары мүмкін!.. Ал енді көңілімнің толған-толмағанын осы бір диалогта аңғарып отырған шығарсыз?..
– Адам өкінішсіз болмайды ғой. Дәрігер боп жетістікке жеткен адамсыз, қазір өкінішіңіз бар ма?
– Жастығым өтті деп өкінбе, түк тындыра алмадым деп өкін депті баяғыда біреу. Я болмаса Абай атамыз «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» деген өкінішін білесіз. Әрине, тағдыр маған адал жарды, ақжүрек ұлды, мамандық берді. Медицина саласы бойынша тағы да бір оқу бітіріп алмаппын деп өкінем. Сонда, қазір зейнеткер ретінде әрі қарай жұмысымды жалғай беретін едім. Мен қарт дәрігер ретінде жастардың денсаулығына алаңдаймын. Білесіз бе? Жаңа туған баланы баяғыдай жөргекке орамай, памперспен қымтап тастайды. Әсіресе ер балаға бұл үлкен қауіп. Қауіп дейтіндігім, ұрығының даму процессін бұзады. Ол бала ертеңгі күні ұрпақсыз қалуы мүмкін. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Жолға шыққанда біршама уақытқа ғана арналған дүние ғой. Ал біздікілер баладан оны айырмайды. Бұның қасіретін ертең қазақ тартуы мүмкін. Осы мені қатты алаңдатады. Бірақ бізді кім тыңдайды?!
– Иә, Ұлмекен Әубәкірқызы. Осыдан екі жыл бұрын ел ішінде коронавирус ауруы таралып, қатты дүрбелең болды. Қытайдан шықты деген ел ішінде қаңқу бар. Бұл аурудың тарихы ХХ ғасырдың басында Еуропада болған деп мен бір жерден оқыдым. Тіпті совет үкіметінің сол кезде медицина саласында білім алған жастарына да осы ауру туралы дәріс оқылған деп жазады. Бұл қаншалықты рас, Сіз сол кезде студент болдыңыз, оқытты ма?..
– Шынымды айтайын, бұл өзі бір түрлі ауру. Талай адамды жалмады ғой. Мен дәрігер ретінде біршама елдерде, шетелдерде тәжірибе алмасып оқыған адаммын «Үздік терапевт» деген атағым да бар. Бірақ әлем бойынша кеңінен таралған аурулардың қатарында дәл осы ауру туралы мен естімеппін. Студент кезімізде бізге дәріс берген мүйізі қарағайдай академиктердің аузынан аталмыш ауру туралы ештеңе естіген жоқпын. Бәлкім уақыт ырғағымен бертін шыққан аты беймәлім ауру шығар. Қайдан білейін…
– Экология бұзылды ма, әлде ішіп жатқан тамағымыздың биологиялық құндылығының жоқтығы ма, соңғы кезде жас туған нәрестелерге дейін «қант диабеті» ауруымен ауырады деп дабыл қағылуда. Бұл ненің әсері болуы мүмкін?
– Иә, күнделікті ішіп жейтін ас-суымыздың өзінде химиялық қоспа көп. Үшке толар толмастан әлгі кішкентай шыны ыдыстағы «Агуша» деген пәлені береді. Оның ішінде не бар? Балаға зиянды қоспа бар ма, жас бала жас организм. Ол химияны тез қабылдайды. Сосын барып «обыр ауруы» ерте басталуы мүмкін. Ал енді жастар ішетін химиялық қоспасы бар дүниелердің барлығы адам денсаулығына өте зиянды. Мысалы мен осы күнге дейін аяғымды жылы ұстап режим сақтаймын. Біздің жастарымыз сәндік үшін шолақ етік, шолақ шұлық киіп жүр. Барлық суық аяқтан, балтырдан өтеді. Ал ол суық бүйрекке барып тіреледі. Сонсоң «диалез» алатын жастар көбейген. Мемлекет саған жалаңаш жүр деп бұйрық берген жоқ. Денсаулығың өзіңе байланысты. Қыстың көзі қырауда, сәндік қуған қыз-келіншектер жалаңбас жүреді. Бастың ішіндегі ұсақ тамырларға суық тиеді. Ол суықтан адамның қан айналымы бұзылады. Қан айналымы бұзылса, ақырындап адам ауруға ұшырайды.
– Ұлмекен Әубәкірқызы, алда келе жатқан мерейлі жасыңыз, сеңгірлі сексен жасыңыз құтты болсын! Екі ұлыңыздан тараған үш немереңіздің қызығын көріп, жастан-жасқа жете беріңіз. Сіз Гиппократ антына адал жансыз. Оны ісіңізбен де, қызметіңізбен де дәлелдеген жанның бірісіз!.. Амандықта жүздесейік.
– Рахмет! Сізге де амандық тілеймін. Шығармашылық табыстарға жете беріңіз!
Жеңіс Оспанов