Керім-айлап ән салған әжелер-ай!..

Қазақ даласы әнсіз болған емес. Көшпелі халықтың даласында әні болмаса, сәні келмеген. Күні кешегі жаугершілік уақытта «елім-айлап» көшкен қазақтың зарлы әні «Елім-ай!» еді. Е заман-ай, қанша жерден жұлқынып келген жаудан үдере көшсе де ән салтанаты кеудесінен үзілген жоқ. Қазақтың жаны музыкаға құмар. Жұмыр жер бетінде қазақ халқындай ән мен күйге, жалпы өнер атаулысына жаны құмар халық кемде-кем шығар!? Біз сөз еткелі отырған «Керім-ай» вокалдық тобы. Иә, кезінде тәуелсіздігімізді алмай тұрып, сол бір кеңестік кезеңде түрлі салада еңбек еткен бурабайлық бір топ жастар, бүгінде ұлды Ұрымға, қызды Қырымға жіберген жаулықтары ақша бұлттай желбіреген ардақты ана, салиқалы әже боп отыр. Осыдан бес жыл бұрын яғни 2018 жылы жергілікті еңбек ардагерлерінің басын қосып, Бурабай кенті, Оқжетпес ауылының тұрғындарының ішінен әжелердің вокалдық тобы құрылды. Бұл әжелердің барлығы өнерден құр алақан емес! Сызылтып ән салғанда Бурабайдың сәмбі талы иіліп, құйқылжытып сайраған бұлбұлы үнсіз қалып, дүние тылсым терең күйге түсіп, көлді өңірдің толқыны жағаны ақырын сүйіп қана үнсіз тына қалады.

Қазақы үлгіде сәнді киініп сахнаға шыққан «Керім-ай» вокалдық тобының әжелері кәдімгі бір үйдің баласындай апта сайын дайындыққа жиналып, қазақтың ұмытылып бара жатқан ескі әндерін, есті әндерін шырқап жұрт көңілін ұтып жүр. Бүгінгі күні «Керім-ай» вокалдық тобының репертуарында Халық әндерімен қатар жас сазгерлердің отызға жуық әндері бар.

Облыстық, аймақтық, республикалық, Халықаралық өнер сайыстарына қатысып, сахнаға сән берген аталмыш топ аз жылдың ішінде нәтижелі жетістіктерге молынан қол жеткізді. Осындай жетістікке жетуіне айрықша ат салысқан қызметкерлеріміздің де есімдерін атағанымыз жөн болар. Топты ұйымдастырушысы Ж. Нұрымова, музыкалық жетекшісі Ж. Нығметжанова, Е. Есімов, М. Мұхамеджановтардың еңбегі орасан зор.

Әнші әжелеріміз облыстық, аудандық мерекелік іс-шараларға белсене қатысады. Туризмнің орталығына айналған, табиғаты сұлу, көз тартар көркем аңыз Бурабайға келетін түрлі шетелдік туристерге қазақтың сонау заманнан бері келе жатқан салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын насихаттап жүр.

Өнер өлкесінде «Керім-ай» вокалдық тобының жұлдызды сәттері, жеткен жетістіктері де аз емес. Атап айтар болсақ: ХІІІ Халықаралық «Асыл ұра-2021» фестивалінде Бас жүлде иегері атанды.

Осы жүлдеге қол жеткізулері үшін «Керім-ай» вокалдық тобы ерекше шабытпен ән салып, айрықша дайындалды. Бастысы ұлттық киімге назар аударып, сахна мәдениетін әп-сәтте меңгеріп үлгерді. Осы сайыста қанжығалары майланып, қасиетті Бурабайдың байрағын желбірете түсті.

VII Халықаралық өнер фестивалі «Дарындар сазы 2023» — бас жүлде иегері атанды.

 «Асыл әжелер — 2019» — аудандық байқауында бас жүлдеге Жеміс Сабирова ие болды.

 2022 жылы «Шуағын шашсын әжелер» аудандық байқауында Жібек Бердалина бас жүлдеге ие болып, қазақтың төл өнерін, оның ішінде ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып келе жатқан мәдениетін тереңнен танытып, көпшіліктің қолдауына ие болды.

2023 жылы облыстық «Атам мен әжем» байқауында Бердалина Жібек «Өнерлі әже» номинациясына ие болды.

 2022 жылы — «Әнші ауыл», «Ата ақылы- қасиет, әже әлдиі — өсиет» аудандық байқау — фестивалінде жүлделі бірінші орынды иеленді.

2023 жылы «Шуағын шашсын әжелер» атты аудандық байқауында әжеміз Майра Рахматулина бас жүлдеге ие болды.

Өзіндің стильдерін қалыптастырып өнер шыңына қанат қағып келе жатқан жастарға үлгі болып жүрген «Керім-ай» вокалдық тобының бес жылда жеткен жетістіктері міне осындай. Ән қанатында қалықтаған «Керім-ай» тобының алда алар асулары мен шыңдары көп. Сонымен қатар асыл әжелерімізді 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Отбастарына амандық, мықты денсаулық тілеймін! Асыл аналарымыз жасай берсін!

Жұмабике Нұрымова

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA