– Екінші дүниежүзілік соғыс басталатын жылы қаңтар айының он сегізінші жұлдызында дүниеге келіппін. Бурабай жері жарықтық әу бастан аңыз бен ақиқатқа толы ғой. Шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейін сірә, қырық күннен соң шығар нағашым бауырына алыпты. Әкемнің аты да Мұхамеджан, нағашымның аты Мұхамеджан. Шешейдің есімі Бәдиша. Ауылдан қалаға көшіп келдік. Келмес едік… өсіп келе жатқан немерелерге мектеп қиын болды. Оның үстіне жұмыс та жоқ. Сосын «балалар қалаға көшейік» деді. Жарайды дедім. Бұл қала маған әу бастан бөтен емес. Қазіргі базардың көшесін қалай атаушы еді Октябрь көшесі ме, иә… Еркін Әуелбеков көшесінің базарға қарай тұрдық. 9 мектепте білім алдым. Сосын Бурабайға кардонға көштік. Әкем орманшы болды. Мына Бурабайдағы сыңсып тұрған қарағай мен қайыңдардың көшетін өз қолымызбен өсірдік. Суардық, баптадық. Ол кезде жоғарыдан кәдімгідей тапсырма келетін-ді. Пәленше гектар жерге осыншама көшет отырғызу керек деген. Құс шырылымен оянып, темір трактордың тізгініне жармасып бозала таңнан тұрып табиғат аясында ағаш отырғызатын едік. Иә, содан кейін Жаңаталап ауылының тумасы Ермек есімді азаматқа тұрмысқа шықтым. Отыз жеті жыл қой бақтық.
Осындай көктем айында бел жазып жату деген жоқ, түні бойы көз ілмейсің. Жарлық қатты. Жан тәтті. Марқұм жолдасым да еңбекқор еді. Таң бозынан қозыларды теріп аламыз, кейбір саулықтар қозысын алмайды, сүт берем, әйтеуір ақ тер, көк тер дамыл болмайтын-ды. Сөйтіп жүріп Аллаға тәубе сегіз баланы дүниеге әкелдім. Жаз жайлауда жолдасым қой бағады. Мен бие байлаймын. Онға жуық бие байлаушыы едім. Ол ағарған сатып пайда табу деген жоқ. Жалпы қазақ ұғымында ағарғанды сатпайды. Сатып бермейді. Шұрқыратып құлын, кісінетіп бие байлап отырған ауылға Невский мен Мәдениет, Андығожа батыр т. б көрші ауылдың азаматтары қымыз ішуге келетін. Малшылар, жылқышылар, т. б ел қадірлілері… Қымыз ішіп, батасын беретін. Ел ағалары ақсақалдарды жиі келуші еді.
Е, ұмытып барады екенмін. Осы Шортан қаласында тұрдық дедім ғой. Негізі қазір қаланың атауын өзгертеміз деп айтып жатыр екен. Атауы өзгергені дұрыс қой. Бұл жердің нақты тарихи атауын өз басым білмедім. Бі-рақ «мен ес білгелі» бұл қаланы Шортан дейтін. «Қайдан келесіз?» Шортаннан деп жауап қайтарушы едік. Мына іргедегі көлде шортан балығы болған ғой… Балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған деген қазақ ұғымында теңеу бар ғой, сол сөз, осы біздің жерұйық жерімізге айтылған сияқты. Шортан қаласында жаңаға базар көшесінде тұрдық. Бір күні аулада ойнап жүрсем, еңгезердей біреу біздің үйдің байланып тұрған ала сиырдың бас жібін шешіп алып әкетіп барады. Жүгіріп үйге кірдім «әке біздің сиырды біреу ұрлап кетті»-дедім. Әкем ішіп отырған шайын тастап, артынан қуа жөнелді. Ұры вокзалға жетіп қалыпты. Қолынан тартып алды. Ол кезде қазақ ұғымында «арыз жазу» деген жоқ. Жалпы отыз бірдің аштығынан тірі қалған қазақты, отыз жетінің зобалаңы әкетті ғой. Тып-типыл қылып. Әкем марқұм арыз жазған адамды көрсе ытырынып жақтырмай отыратын. Арыз жазу, бейпіл сөйлеу, сөге жамандау тағы басқа қасиетсіз мінездің барлығы басқа ұлттан жұқты бізге. Әйтпесе атам қазақтың даласында түрме болмаған, атам қазақтың даласында «қанды қол қылмыскер» болмаған. Шындықты бетке айтқан. Аталы сөз айтып, тәлімді тәмсілмен тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін жасап отыратын ақсақалдарды көрдік, сосын айтып отырмын.
Бурабайда екі молда болды. Бірі ел қадірлісі Тәштай. Екіншісі Жағыпар молда. Екеуі де әкеме келіп тұратын. Жағыпар ескіше оқыған. Үсті-басына кіршік жолатпайтын кісі еді жарықтық «бала сүндеттейтін». Қолы епсекті, жүрегі иманды, жүзі жылы жан еді… Сол кісілер, сол бір бұлты сұр, заманы дүр, қорқаулар басқарған кезеңде бес уақыт намаз оқыды, Аллаға құлшылық қылды. Әй осы бізді жетпіс жыл дінсіз үкімет басқарды дейміз ғой. Сол кезде жарықтық Тәштай мен Жағыпар аталарымыздың салиқалы ойлары, шариғаттары тамаша тартымды болатын. Қасиетті құран сөзімен аят сүрелерін айтып, мән-мағынасын түсіндіріп отыратын. Бірді айтып, бірді кеттім ғой. Қой бақтық. Жолдасым озат шопан болды. Мәскеуді көрдім. Ленин көрдім. Алыстан бірақ. Жатыр жарықтық. Совет үкіметінің адамдары үшін Ленин мықты адам болды ғой. Кім білсін, қазір айтып жатыр. Жалпы, Ленинді жер қойнауына бергені абзал шығар!? Құдайдың жаратқан бір пендесі ғой ол да. Бірақ, кім білсін олардың не ойлағандары бар екенін?
Отыз жылдан астам уақыт намаз оқып келемін. Тәуелсіздігімізді алмай тұрып намазға жығылдым. Жүрегіме Алла иман ұялатты. Ауылда тұрғанда жолдасымның бір тамыр орысы болды. Есімі қалай еді? Е… Алексей! Өзі аздап қазақша білетін. Сол келіп қымыз ішіп, ас ішіп, ауылдың кешкі іңірінде табиғатты аралап келіп «Еһ шіркін, бақыттысыздар ғой ауа қандай тамаша» деп тамсанатын. Сосын сүмбіле туа келіп саңырауқұлақ теретін. Біз үшін саңырауқұлақ ас емес. Әйтеуір балалар шығып көлігін толтырып жіберетін. Жылда келіп тұратын еді. Заманның қиын кезінде сол тамыр орыс қолынан келгенін аямай көмектесті. Бертін дүние салды. Ұл ұяға, қыз қияға қонды. Ұлым Манастың қолында тұрам. Келін екеуі жұмыста. Тәубе… Отырам. Тау жақын каръердің тауы Көкше тауы деген осы. Кейде қыстың ақ шыңылтыр аязында немеремді ертіп алып, таудың етегіне барып, төбесіне көз салам… Жарықтық шашбаулы қарағайлары қысы-жазы бір өн бермей, бір қалыпты тұрады. Бұл тауды кезінде тас қазушылар таусылып талқандайтын еді. Жарықтық Е.Әуелбеков алып қалыпты ғой. Әйтпесе «жұқана төбе» болып таусылар ма еді!? Қазақтан талай-талай мықты азаматтар шықты ғой. Әлі де шығады! Бұған шүбә келтірмеу керек. Мен өзі жас кезімнен орман арасында өскендіктен, орманшының қызы болғандықтан табиғатты қатты жақсы көремін. Табиғат ана ғой. Табиғат құдірет қой.
– Ауылды сағынасыз ба?
– Әрине сағынам. Бірақ енді қайтеміз, жарты жыл болды көшіп келгенімізге… Бұл жерге де үйрендік. Үйренеміз. Ауылды сағынғанда балалар апарып келеді. Шаңырағым әлі тұр. Кім біледі… Бәлкім заман өзгеріп ауылды қайта түлетіп жіберсе деген үмітім бар. Тәубе! Әулетіме жапырағын жайған бәйтеректей болып отырмын. Сексен жылдығымды Көкшетауда дүркіретіп балалар өткізді. Жасамай-ақ қойыңдар деп едім, болмады. Бәлкім той жасағанымыз да дұрыс шығар! Бес уақыт намазымда қазақтың басына енді бұлт үйірілмесін, дауылды күннен алапат таңнан сақтасын! деп тілеуқор болып отырам. Одан басқа жасы келген адамда қандай тілек бар дейсіз?
Биыл балалар ораза ұстама,-дейді. Әзірге денсаулығым болып тұрғанда Рамазан айында қалай отырам. Ұстаймын. Ауылдағылар «омыртқасына» шақырып жатады. Барам қалмаймын. Қалмауға тырысам. 8-наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінде, атаулы мерекелерде балалар келіп құттықтап жатады. Сол кезде (тіл-көзден сақтасын!) айнала қоршап отырған әулетімді көріп іштей шүкірлік қылам. Иә, балам біраз нәрсені айтқан болдым. Осы жасқа келіп отырғаным бәлкім бес уақыт намазымның арқасы шығар! Ел аман болсын. Елдің көшін сүйреген ерлер аман болсын!.. Басты тілек осы менде, иә… тілегіміз оңынан болғай! Әумин!..
Хадиша Мұхамеджанқызы Иманбаева әжемізді келе жатқан Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтай отырып отбасына амандық, денсаулық тілейміз. Кезінде ауылшаруашылық саласын өркендетуіне ат салысқан асыл әжелерімізде кейде мерекелі іс-шараларда ұмытып кетіп жатамыз. Бірақ, ол кісілер біреулер құсап өкпелеп арыз, өтініш айтпайды. Себебі, дархан даланың кеңдігін бойларына сіңіріп алған кеңпейіл құшағы кең адамдар ғой. Бастысы әулетінің амандығы деп отырған қарт анамыздың батасын алып қайттық. Жасай беріңіз ардақты ана!..