Перзентіне жарық дүние сыйлайтын анадан асқан құдірет жоқ шығар? Жұмыр жер бетіндегі тіршілікті сабақтастырып ұрпақ алмастырып отыратын ана деген ұлы құдіретке кімде болсын бас иеді. Өйткені ол АНА! Патшалардың патшасының өзі ана алдында дәрменсіз күй кешіп, басын иген. Тіпті тарихта есімі қалған, ғаламды уысында ұстаған Шыңғыс хан, асқақ мінезді Ақсақ Темірлер әз ананың алдында шешімін өзгертіп, құдірет күшіне тәу еткен. Әуелі Құдай. Сосын АНА!.. Ақиқаты осы. Кешегі посткеңестік кезеңде қазақ аналарының арқасында қазақтың «бесік жырының» әуені сақталып қалды. Өйткені, ол кездегі алтын құрсақты аналарымыз он, он бірден дүниеге сәби әкелді. Уақыттың ызғарына да, ыстық, суығына да төзе білді. Ол кезең, өтпелі кезең өтті. Қазіргі күні тәубе бәрі бар… Тек еңбек, маңдай терді талап ететін уақыт. Білімді ұрпақ та өсіп келе жатыр. Ендігі ұрпақтың бет алысы қалай болады? Бұл енді бүгінгі келіншектердің һәм аналардың тәрбиесіне байланысты.
Аналар мерекесіне орай бүгінде Абылай хан ауылында бір әулеттін анасы болып отырған Айтжамал Сабырқызы Болатова жайлы айтқымыз келіп отыр. Жарық дүниеге алты ұл, бір қыз әкеліп, тәлім мен тәрбие берген бақыттың ананың бірі. Алты ұл, бір қыздан он жеті немересі бар. Айтжамал Сабырқызы 1950 жылы 26 желтоқсан күні Щучинск қаласында дүниеге келген. Абылай хан ауылының тумасы Қанат Малаевпен шаңырақ көтеріп, түтінін түтетіп, бақытты отбасы болып отырған Айтжамал апамызды Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймыз. Өмірдің ащысын көріп жасымаған, бар болса тасымаған әзиз аналарымыз әрдайым жұлдызы жоғары болып жасай берсін!.. Қазіргі жас аналарымызға үлгі болып қартаймасын!..