Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында өңірлерді су алып, ел басына күн туғанда жалған хабар таратушылар жығылған үстіне жұдырық болып жатқанын қынжыла жеткізді. Министрдің айтуынша, тіпті кейбір жағдайларда теріс ақпарат салдарынан құтқару бригадалары көмек қажет емес жерлерге аттанып, қымбат уақыттарын текке шығындаған.
«Қазір еліміздегі су тасқынымен күрес қарқынды жүріп жатыр және оның қаупі әлі бәсеңдеген жоқ. Қарғын сумен күреске қолдағы барлық күш пен резерв, адам ресурсы мен қажетті техникалар түгел жұмылдырылды. Су басқан өңірлердің тұрғындары, олармен бірге 20 мыңнан астам волонтер мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс істеп жатыр. Отандастарымыз ауызбірлік пен жанашырлық танытып, жұдырықтай жұмылды. Өз кәсібіне адал төтенше жағдай қызметкерлері, әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазір әрбір адам, әрбір техника мен еңбек күші өте маңызды. Көп ресурсты қажет ететін осы бір қиын сәтте біз ақпарат таратуда дәл осындай жүйелі түрде қимылдап, үлкен жауапкершілік танытуымыз қажет», деді министр.
Аида Балаеваның айтуынша, ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында жалған ақпарат деңгейіндегі 29 факт анықталған. Ол хабарламалардың барлығына уәкілетті органдар тарапынан тиісті тексеру жүргізіліп, шынайы емес екені белгілі болып отыр. «Жалған ақпараттар көбіне мессенджерлер арқылы таралады. Ең көп тараған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр стансаларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады», деді министр.
Ол Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпаратты кейін Ақтөбе облысының әкімдігі жоққа шығарғанын, сондай-ақ Қостанай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны ресми түрде терістегенін мысалға келтірді. Осы фактілер бойынша төтенше жағдайлар қызметкерлері сол жерлерге арнайы барғанымен, ақпараттың расталмағанын ерекше атап өткен сала басшысы басқа жерде шын көмекке мұқтаж жандар күтіп отыратынын, олардың арасында балалардың бар болуы мүмкін екенін ұмытпауға шақырды. Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр.
«Тасқыннан зардап шеккендерге арналған төлемдер туралы да әдейі жалған хабарламалар тарату үлкен қауіп төндіреді. Кейінгі күндері су тасқынынан зардап шеккендерге Мемлекет басшысы тарапынан уәде етіледі деген миллиондаған доллар төлемдері, Премьер-министр мен Үкімет мүшелерінің атынан ақшалай қаражат жинау туралы жалған хабарламалар пайда болды. Мұндай ақпаратқа сенбеуге шақырамын. Алаяқтар су тасқыны жағдайын өздерінің жеке мақсатына пайдалана бастады. Теріс ниеттілер азаматтардың жеке деректері мен қаржылық ресурстарын ұрлау үшін интернетте «Төлемдер үшін ЖСН-ді тексеріңіз», «3 миллион теңгеге дейін өтемақы алу», «Мемлекеттен мүмкіндігінше тезірек жәрдемақы алу» деген сияқты хабарламалар жариялайды», деп атап өтті Аида Балаева.
Мәдениет және ақпарат министрі жарнамаларын сенімді көрсету үшін қылмыскерлер отандық банктер мен мемлекеттік мекемелердің атауын пайдаланатынын, мысалы, Facebook, Instagram және Telegram желілерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әртүрлі банкпен бірлесіп төлейтін төлемдері туралы хабарламалар жиі жарияланатынын жеткізді. Сондай-ақ Қаржы министрлігі жаңа қаулы қабылдап, шығынның орнын толтырып жатыр екен деген жалған ақпарат жүргенін айтты. Адамдарды жаңылыстыру үшін алаяқтар әр жазбаның астына алғыссөздері бар бот пікірлерін жазады.
«Бұл көрінеу жалған хабарламалардың барлығы мемлекеттік органдар арқылы жедел теріске шығарылып, барлық факті бойынша құқық қорғау органдарына хабарламалар жіберілді. Барлық анықталған заңсыз фактілерге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Сондықтан тек ресми және расталған ақпаратқа сеніңіздер. Барлық күмәнді фактілерді бірнеше рет тексеріңіз және күмәнді хабарламаларды әрі қарай таратпаңыз!», деп ескертті министр.
Аида Балаева барлық жалған хабарламаның мақсаты — үрей тудыру, халықты жікке бөлу, мемлекеттік қызметшілер мен волонтерлердің келісілген жұмысын ұйымдастыруды бұзу және қарапайым халықтың қайғы-қасіретін пайдаланып тез пайда табу екенін атап өтті. «Сондай-ақ су тасқыны мен зардап шеккен өңірлерді қалпына келтіру шараларын объективті түрде жариялап жүрген БАҚ өкілдеріне арнайы алғысымды білдіргім келеді» деді министр.