Ауданымызда еңбек еткен ер мінезді, азаматтарды жазсам деп көптен ойлап жүргенмін. Иә, жазу керек. Келешек ұрпақ білуі керек. Сонау айқай әмірі жүріп тұрған совет үкіметінің тұсында да, одан кейін тәуелсіздіктің ақжарылқап таңы атқанда еңбек етіп, қос заманның қызығы мен қиындығын қатар еңсерген аға буынның алдында Сіз бен Біз борыштымыз… Елге пайда, ерге абырой деген атам қазақ. Сондай жанның бірі №4 мектепте басшылық жасаған Роза Тайырқызы Джаканова (Жақанова ғой құжат бойынша әу баста солай кеткен). Жарықтық иманы шат болсын Кәрімжан Жақанов ағамыз көзінің тірісінде осы өлкенің біраз тарихын жазып, кітап қылып хаттап кетті. Кәрекеңдей асыл азаматпен шаңырақ көтерген Роза Тайырқызының еңбегі зор. Сонымен әлқисадан һәм әріден бастайық.
Ескі атауы Қызылжар… Сәбит Мұқановтың еңбектерін де Қызылжар деп атайды. Патшалық империяның заңы кірмей тұрып, бұл өлкені бабаларымыз Қызылжар атаған. 1940 жыл. Совет үкіметі іргесін бекітіп, елең-алаң атыс-шабыстан халық үрейленіп болған уақыт. Желтоқсан айының оныншы жұлдызы. Қызылжарда милицияда қызмет атқарып жүрген Тайырдың шаңырағына іңгәлап сәби келді. Қыз бала, кестетігер, есімін азан шақыртып Роза деп қойды. Әкесі Тайыр бесікте тербетіліп тәтті ұйқының құшағында жатқан кішкентай Розаның болашағы жарқын болса екен деп тіледі. Анасы бастауыш сынып мұғалімі. Бұл әулет әу бастан ағартушылық саласында қызмет атқарып, игілікті жолда жүрген жандар. Роза Тайырқызының атасы Ахмет Абдуллаұлы да мұғалім болған.
Бұлдыр-бұлдыр заманның уақыты. Бір жылдан соң екі алып империя соғысып, қаншама миллиондаған адамның қаны судай төгілетіндігін, қаншама ер азамат ауыздықпен арғымағы су ішіп, қызыл аяқ қар кешетіндігін қайдан білсін…. Кішкентай Роза бесігінде бұл дүниеден бейхабар еді.
Роза Тайырқызы Қызылжар қаласындағы мектепті аяқтап, жоғары оқу орнына түсіп, атасының, анасының жолымен ағартушылық саласына бет бұрады. Орыс тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болып Щучинск қаласындағы №4 мектепке орналасады. Орыс классиктерінің шығармаларын жатқа айтып, өзінің бойындағы білімін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, білек сыбана қаншама шәкіртті білім ордасынан қанаттандырып ұшырады. Өнерпаз болсаң, өр бол демекші, Роза Тайырқызының бойындағы адами қасиетін, қабілетін байқаған басшылар осы мектепке директор етіп тағайындайды. 1986 жылы №4 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, оқушылары түрлі аудандық, облыстық сайыстарға қатысып, көзге түсе бастайды. Роза Тайырқызы басқарған уақытта мектеп ұжымы әрдайым озат болып, бір үйдің баласындай еңбек шыңдарынан көріне бастады. Атап айтар болсақ 2001 жылы № 4 мектеп ауданымыздағы 53 мектептің ішінде жоғары көрсеткішке ие болды.
Бүгінде сексеннен асқан қарт ұстаз балаларының қолында бақытты өмір сүріп жатыр. Жағдайымен танысып хабарластық. Сөйлесіп, сұхбаттастық.
— Роза Тайырқызы, Сізді, Кәрімжан ағаны ауданымызда облысымызда жақсы біледі яғни жақсы таниды. Ұзақ жыл ұстаз болдыңыз, бұрынғы ұстазбен қазіргі ұстаздың айырмашылығы бар ма?
— Әрине бар. Бұрын біз арнайы кітаппен дайындалып, баланың бойындағы ерекше қабілеттерді қарап мән беретін едік. Соңғы уақыттарда байқап жүрмін, мұғалімдерге артатын міндет, жауапкершілік көбейді. Қағазбастылық басым… Бірақ ақырындап шешіліп жатыр ғой. Оның үстіне технологияға иек артқан уақыт. Баланың өзінің бейімі электрондық дүниеге ауып кеткен. Кітап оқитын оқушы сирек. Кітап — жан азығы. Тәрбиесіз алған білім-білім емес. Ал ұстаздың бойында жауапкершілік молынан болуы қажет. Өйткені, ұстаз болашақтың іргетасын қалап жатыр. Қазіргі оқушы ертең елді басқаратын бір-бір тұлға.
— Еліміз тәуелсіздік алған жылдары ел ішінде аздап қиыншылық болды. Қазір тәубе, ескімізді жаңартып, жоғымызды түгендеп жатырмыз. Бұрынғы уақыт пен қазіргі уақыттың айырмашылығы қандай, жалпы көзқарасыңыз?
— Әрине бар… Ол кезде қанша мықты болсақ та Мәскеуге қарап, солардың жарлығына бас ұратын едік. Өйткені басшымыз да, кіші құдайымыз да солар болды. Еліміз тәуелсіздігін алғанда алғашқылардың бірі болып қуанған едім. Атам марқұм «әркімнің өзіне лайықты қалыбы бар» деуші еді. Тәуелсіздігімізді енді көздің қарашығындай сақтап, осы бағытпен болашақ ұрпақтың еншісіне табыстап кетсек, содан асқан зор бақыт, содан асқан ұлы бағыт жоқ шығар! Кейде ойлаймын, көрші елдердің ішінде біразы соғыстан көз ашпай жатыр. Соғыс қасірет қой. Соғыс ананы баладан, баланы анадан, баланы әкеден айыратын зұлмат. Менің балалық шағым ІІ-дүниежүзілік соғыстың тұсында өтті. Бала болсам да ес кірген уақытым ғой. Жарымжан адамдарды, соғыс ардагерлерін көзбен көрдік… Соғыстың беті аулақ.
— Өмірлік ұстанымыңыз жайлы айта кетсеңіз?
— Өмірлік ұстанымым шындық. Бауыржан Момышұлының сөзін «Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық» деп әкем марқұм айтатын. Мен ұзақ жыл мектепте басшы болдым. Мақтанғаным емес-ұжымымда ешкім өтірік айтып, я болмаса бос сөз айтып, селтең-селтең жүрмейтін-ді. Барлығының мақсаты тек болашақ шәкірттерінің бойындағы шырағын жағу еді. Иә, жаға білдік… Бүгінде біраз шәкірттеріміз еліміздің әр түкпірінде қызмет атқарып жүр. Міне бұлар менің мақтанышым. Шындықты, ақиқатты айту керек. Сонда ғана дүниенің жүзі жылы болады.
— Мұғалім болғандықтан әрбір мұғалім өзінше ізденіп, кітап оқиды. Қандай кітап оқып жатырсыз?
— Кітап — жан азығы. Кітапсыз білім-білім болып жарытпайды. Мен кітап оқымасам жан әлемім мұздап бір түрлі боп жүрем. Ұлы Абайдың қара сөздерін жиі оқып отырам. Немерелеріме де кітап оқытамын. Кітап адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелейді. Жаратылыстың барлаушысы — кітап. Сондықтан кітаптан қол үзбеймін… Шетел классиктерінің біразын оқығанмын. Шәкірттеріме де оқыттым. Менің бойымда ұстаздық мінез атамнан жалғасқан. Мұғалім болудың қызығы да, қиындығы да бар. Сондықтан, мұғалім болғаныма мақтанам… Қырық бес жыл өмірімді мұғалімдікке арнадым. «Республиканың Үздік мұғалімі» деген марапатқа қол жеткіздім. Тұңғыш Президенттен «Алғыс хат» алдым. Бұның барлығы еңбегімнің еленгендігі шығар.
— Роза Тайырқызы, оқырманға айтатын тілегіңіз қандай?
— Тілегім елім, Отаным аман болсын! Менің туған өлкем Қызылжарымды қарғын су басып жатыр екен. Кеше Президент барды. Бұқарамен кездесті. Әрине оңай емес. Жиған дүние, үй, барлығы тілсіз жаудың суық құшағында жатыр. Бастысы сабыр ғой. Сабыр түбі — сары алтын деген данышпан халқымыз. Президент өзі жіті бақылауында ұстап отыр. Арты қайырлы болсын. Оңай емес. Жан-жақтан гуманитарлық көмек те барып жатыр. Ел ғой, ел іші ғой, сондықтан да барғаны дұрыс, көмектескені де дұрыс. Тоғыз облысты су басып жатыр деген хабарды естіген сайын, тілегі оң, мінезі қалыпты Қазақ еліне не болды деп төбе шашым тік тұрады. Бәлкім «пенделікпен» қателескен, бір ағат кеткен жеріміз бар шығар!? Тілсіз жаудың беті әрі қараған соң, ел болып жұмылып, бір жағадан бас шығарып, бір жеңнен қол шығаруымыз керек. Бастысы бірлік болсын!.. Менің аналық тілегім осы, айналайын!..
— Роза Тайырқызы, уақыт тауып әңгімелескеніңізге рахмет. Жасай беріңіз!
— Сізге де рахмет! Оқырманыңыз көп болсын!
Жеңіс Оспанов