Көктем туысымен атам қазақ әу бастан айналасына айрықша мән бере бастаған. Көктемнің басы тіршіліктің гүлденіп, қыр-қыраттың сәні кіретін уақыт. Бурабай төңірегіне Арқа өңіріне көктем кеш туады. Қайта биылғы жылы, көктемнің басы мен ортасында күн күрт жылынып, қар лезде босап, еріп кетті. Көктемнің дәл былай құбылуын күтпеген ел қарғын судың құшағында қалды. Халыққа сабырлық тілейміз. Ғалымдардың айтуына қарағанда бір ғасырда бір қайталанатын табиғаттың мұндай тосын мінезін, ешкім байқамай да қалады. Тоғыз облысты су алды. Табиғи апатқа ұшырағандарға Президент барып, жайымен, жағдайымен танысып, су басқан өңірді көрді. Дүниесі, үй-жайы суға кеткендерге үкімет тарапынан «өтемақы» төленетінін жеткізді.

Жасыратыны жоқ, елге орасан қиындық тудырған мұндай сәтте ел қоғамдасып, бірлігін танытып жатыр. Орта Азияның кіндігі болып табылатын Қазақ еліне Қырғызстан, Өзбекстаннан гуманитарлық көмек кеп жатқанда еріксіз ойланып, көзіңе ыстық жас келеді екен. Бұл достықтың айқын нышаны, татулықтың басты белгісі. Түбі түркінің баласын, исі бір мұсылман баласын бірлігінен айыра көрме.

Әлқисаға қайта оралайық. Президент су басқан өңірлерді байқап, көзбен көріп, көңілге түйіп келген соң, бірден іске кірісті. Жауаптыларға тапсырма жүктеді. Жауапкершілік танытпағандарға ескерту жасады. Дұрыс!..

«Таза Қазақстан» республикалық акциясын қолға алып, жалпыхалықтық сенбілікке шығу керектігін айтты. Жол жиектерін абаттандырып, тазалау керектігін баса айтты.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Щучинск қаласының тұрғындары да аталмыш сенбілікке бір адамдай кірісті. Мұғалімдер, оқушылар, еріктілер, бюджет саласындағы мемлекеттік қызметкерлер сенбілікке ұжымдасып кірісіп, қаланың ішіндегі қыс бойғы жиналған қоқысты сыпырып-сиырып, тысқа шығарды. Туристік аймақтың басты орталығы болып саналатын Щучинск қаласына келіп-кетпейтін адам жоқ. Оның үстіне бірер айдан соң «жазғы маусымда» алыс-жақын шетелден мыңдаған адам Бурабайға демалуға келеді. Қаланың көрікті боп гүлдеп, құлпырып тұрғандығы бәрімізге қажет.

Сенбілік бір ғана барша халыққа арналған, мүмкіндік болып жатса, уақыт тауып ел болып шыққаны да абзал. Жалғыз аудан орталығы Щучинск қаласы ғана емес-ауданға қарайтын елді-мекендердің тұрғындары да аталмыш игілікті іске мұрындық болып ауласын, айналасын тазалады. Әлбетте дұрыс. Бурабай өңірі болғандықтан, экологияға мән беру әрбір бурабайлықтың басты жауапкершілігі деп ұққанымыз абзал!..

Бурабай қазақтың ұлы ханы тұрған өлке, аңыздар мекені, тектілердің жүрген жері, мекендеген елі!.. Сондықтан, алдағы уақытта болатын сенбілікке бәріміз бір атаның баласындай болып жұмылғанымыз абзал шығар!..

Президент бастамасы оңынан болсын!.. Қиындықтарды еңсеріп, игілікті жолда елге еңбек сіңірейік, ағайын!

Сенбілік тазалықтың бастамасы екендігін естен шығармайық!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA