2024 жылдың 3-мамыр күні Бурабай кенті Оқжетпес мәдениет үйінде Ақмола облысы білім басқармасы мен Оқу-ағарту министрлігі жанындағы «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ арасындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі жасалған меморандум негізінде «Бурабай өлкесі — ұлттық құндылықтардың шығармашылық аймағы» тақырыбында форум өткізілді. Форум ұйымдастырушылары: «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ Ақмола облысы білім басқармасының Бурабай ауданы бойыншы білім бөлімі, «Щучинск қаласының №9 мектеп-гимназиясы. Бурабай ауданы әкімдігі, Ұлттық құндылықтар академиясының мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, КХА республикалық Аналар кеңесі, Ақмола облыстық әкелер Одағы, БАҚ өкілдері, Бурабай ауданы бойынша білім бөлімінің мектептерінің директорлары мен орынбасарлары, мұғалімдер, магистрлар мен докторанттар, ата-аналар қатысты.
Форум бағдарламасы аясында №9 мектеп-гимназиясының ұлттық құндылыққа негізделген ғылыми, шығармашылық, қолөнер көрмесі жұмысы таныстырылды. Сонымен қатар, панельдік сессия және «Тарих тағылымы», «Отбасы құндылығы және ұлттық тәрбие», «Ұлттық құндылықтар білім контексінде» тақырыбындағы сессияларда спикерлер ой бөлісті.
Әуезді әуен шырқалған Оқжетпес ауылының Мәдениет үйін аралап, әр өңірден келген алқалы топ сахнаға жайғасты. Мұндай игілікті шараға ұйтқы болып отырған ұзақ жылғы тарихы бар Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының әкімшілігі. Иә, бұл мектептің арғы-бергі тарихына үңілетін болсаңыз, кезінде Көкшетау өңірінің бергі беткейде өмір сүрген қазақ ауылдарының біразының балалары келіп осы мектептен білім алған, сондықтан да болар көпшілік үшін бұл-қасиетті де, қастерлі білім ордасы.
Аудандық ақсақал кеңесінің төрағасы, аудандық «Бурабай» газетінің директоры Өтелбай Бейсенов салтанатты кешті жүргізіп бастады. Ашық форматта өткен «Бурабай өлкесі — ұлттық құндылықтардың шығармашылық аймағы» жиынға Алматы, Астана т.б ірі қалалардан елдің бетке ұстар азаматтары, ғалымдары зиялы қауым өкілдері жиналған еді. Иә, бұл жиында басты көтерілген күн тәртібіндегі ілездеме ол қазақтың жайсаңдары мен жақсыларына құт мекен болған Бурабай өлкесінің кешегі тарихы мен бүгінгі ұрпақтың арасындағы ортақ сабақтастық төңірегінде әңгіме өрбіді. Аталмыш жиында Кертаева Ғалиябану Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Ұлттық құндылықтар академиясы» РҚБ төрағасы, х.ғ.к. Дүйсебек Әділхан, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық — демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Шанай Назипа, қатысып пайымды пікірлерімен бөлісті.
Тарих тағлымы. Түбі түркіден басталатын қазақтың тарихы тым әріден екендігін бәріміз жақсы білеміз. Замана соқпағымен талай-талай қиындықты көріп, сан зұлматты уақытты бастан кешіріп, куәсі болған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағымыз. Бүгінгі күні тәубе, сол бабаларымыз аңсаған азаттықтың аясында бақытты өмір сүріп, болашаққа көңіл дүрбісін салып, еңсемізді тіктеп өмір сүріп жатырмыз. Ш. Уәлиханов атындағы педагогикалық университетінің проректоры, т.ғ.к., белгілі тарихшы Аманай Сейтқасымов сөз алып, Көкшетау төңірегіндегі тарихи тұлғалар жайлы өзінің ойымен бөлісіп, осындай тәлімді, тәрбиесі мол жиын өткізуіне мұрындық болып отырған жандарға алғысын айтып, Абылайдың қырық сегіз жыл хандық құрған Бурабай өлкесінің тарихын әріден таратып, ширатып мазмұнды баяндамасымен бөлісті.
«Қазақстан тарихын оқытудағы заманауи дағдарысы» тақырыбында педагог зерттеуші Төлтаева Ләззат сөз алып, заманауи тарихтың қалыптасуына айрықша тоқталып, өзінің зерттеу саласындағы еңбегін ортаға салды.
Белгілі тарихшы т.ғ.докторы, профессор, этнограф Жамбыл Артықбаев қазақ халқының бай тарихына тоқталып, соның ішінде әлі де зерттелмей жатқан қасиетті Көкшетау төңірегіндегі тарихи жерлері туралы айтып өтті.
Отбасы құндылығы және ұлттық тәрбие. Отан отбасынан басталады деген атам қазақ. Өзінің ұлттық тәрбиесін дала мектебі арқылы қалыптастырған халықпыз. Қазіргі күні таным басқа, түсінік басқа, түйсік басқа. Әр заманның өзінің ырғағы һәм ритмі бар. Баяғыда отбасылық дау-жанжал сирек болатын. Қазір күн сайын жаңалықтардан еститін болдық. Ол үшін не істеу керек? Бұл сұрақтың жауабы осы жиында кеңінен қозғалды. ҚХА Аналар кеңесінің төрайымының орынбасары Баян Ақатай ашып жүргізіп, алғашқы сөзді, «Бүгінгі бала жеті атасын біле ме?» деген тақырыпта арнайы баяндамасын дайындап әкелген Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.докторы Бауыржан Сейдахметовке сөз берді. Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттын қамын жер деген атам қазақ, философиялық тұрғыдан қарағанда, жеті атасын жаттау арқылы қазақ баласының болмысы айрықша болған тектілік пен дегдарлықты қалыптастыра білген.
«Қызы үйде, қылығы түзде. Қыздар арасындағы буллинг» деген тақырыпта Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, п.ғ.докторы Атемова Қалипа жарысөзге шығып, әсерлі баяндамасын көпшілікпен бөлісті.
Республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты, Ақмола облыстық «Үздік оқырман отбасы» шығармашылық конкурсының бас жүлде иегері, республикалық «Үздік педагог-2023» атағының иегері. «Мерейлі отбасы атанудың маңыздылығы» тақырыбы аясында, Гүлайым Қалмағанбетова өз ойын ортаға салды.
«Ұлттық құндылықтарға негізделген қарым-қатынас-тұлғалық дамудың негізі» жайында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры п.ғ.к. Албытова Назымгүл баяндама оқыды.
«Жат қылыққа әуестіліктің алдын алу» ҚХА Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Баян Ахатай өзінің тәжірибесіне сүйене отырып көпшілікке жат қылыққа әуестіктің алдын қалай алу керектігі жайында ойымен бөлісті.
ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Шанай Назипа айтылған мәселелерді сараптап, ертеңгі ел болашағы жайлы бәріміз осы бастан-ақ ойлану керекпіз деп баяндамашыларға алғысын білдірді.
Ұлттық құндылықтар білім контексіндедеген тақырыпта «ПШО» ЖМ Көкшетау филиалының директоры Нугербаев Төлеген келесі отырысты ашып жүргізіп, сөз кезегін: «Қазақстан мектептерінде ұлттық құндылықтар хабын (технопаркін) локализациялаудың ғылыми-педагогикалық негіздері» деген тақырып аясында, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, п.ғ.к. Құрсабаев Мұхамедрақымға сөз берілді. Ұлттық мінезді мектептен қалыптастыру керек. Өйткені, бүгінгі күні біздің алдымыздан білім алып жатқан жас ұрпақ, ертеңгі күні көшімізді сүйрейтін солар болады,-деп бастады баяндамасын Мұхамедрақым Қыдырбайұлы. Өзінің ойын ортаға салып, көпшіліктің көңілінен шықты.
«Жеке траекторияның негізі ретінде мектеп оқушыларын ерте жастан мамандыққа баулу» тақырыбы бойынша Халықаралық «Global Cапа» білім беру орталығының директоры, Тілектес Шингужина, «Әлемдік трендтердің оқу мен оқытудағы әсері» тақырыбы аясында Нугербаев Төлеген, «Ұлттық Құндылықтар академиясы» РҚБ төрағасы, х.ғ.к. Әділхан Дүйсебек жиын барысында салмақты ойларын айтып, пайымды пікірлерімен бөлісіп, жиынды қыздыра түсті.
Жиын соңында ән айтылып, күмбірлеп күй төгіліп, келген меймандар естелік суретке түсті.
«Бурабай-ақпарат»