Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледждің мәжіліс залында қазақтың көрнекті ақындарының бірі, жерлесіміз Марфуға Бектеміроваға Щучинск қаласынан көше берілуіне байланысты арнайы ақынды еске алу кеші болып өтті. Марфуға ақын көзі тірісінде қазақ әдебиетінің қорына сүбелі үлес қосқан ақындардың бірі. Сонымен қатар, орыс халқының классик ақыны атанған Анна Ахматова т.б. көрнекті ақындардың туындыларын қазақша сөйлетіп, оқырманына сыйға тартқан. Иә, алдымен жерлес ақынымыздың өткен өміріне шолу жасап әлқисаны әріден бастайық. Ақын 1958 жылы 26-шы қыркүйек күні Еңбекшілдер ауданына қарасты Ескі Макинка, қазіргі Прогресс ауылында дүние келген. Ауданымыздағы қазақтың талай баласының бағын ашқан №9 мектеп-гимназиясында білім алып, одан кейін Алматыдағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, еңбек жолын Уәлихан, Зеренді ауданының аудандық газеттерінде және облыстық «Көкшетау правдасы» газетінен бастаған. Өзінің уытты шығармаларымен танылған ақын қыз «Қостанай облыстық» радиосының тілшісі болып қызмет атқарды. Қостанай облыстық әкімшіліғінің ішкі саясат бөлімінде қазақ тілі, ономастика, ұлт саясаты және көші-қон жөніндегі жауапты маман болып қызмет атқарған, республикалық «Ана тілі» ғазетінің осы облыс бойынша меншікті тілшісі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қостанай облыстық филиалының директоры болған. «Есіл» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы қызметін атқарған.
«Жыр тәңірі», «Тың тынысы», «Көңіл әуендері», «Арман қанатында», «Қарлығаш» атты ұжымдық жинақтарға енген. «Жанары жәудір дүние», «Айдыным менің», «Ғашық жүрек», «Еңлікгүл», «Менің Атлантидам», «Аққуым менің қайдасың?», «Озера души», «Белый парус мечты» жыр жинақтарының авторы. Ақынның аударуымен «Жыр жауһар» сериясымен Анна Ахматованың туындыларын қазақшаға аударып, оқырманға ұсынды.
Сонымен Жоғары педагогикалық колледждің мәжіліс залына жиналған ел ардақтылары алдымен Марфуға Бектемірованың шығармаларынан құрылған көрмені тамашалады. Газет, журналдарға, кітаптарын тамашалап залға келіп жайғасты. Щучинск қаласының әкімі Асхат Мұхаметжанов, ақынға қаланың орталық көшесінен көше берілгендігін салтанатты түрде баяндап берді.
Бұдан кейін ақынның жары, жазушы Есенгелді Сүйінов Марфуға Бектемірованың шығармашылығы жайлы өзінің баяндамасымен бөлісті.
Астана қаласындағы «Қазақ әдебиеті» сайтының бас редакторы Асылбек Байтанұлы, Ш. Уәлиханов атындағы университетінің оқытушысы Сәбит Жәмбек, тарихшы, Ш. Уәлиханов атындағы университетінің ректорының кеңесшісі Аманбай Сейтқасымов, көкшетаулық ақын Құдайберлі Мырзабек сахнаға шығып, ақынның туындырыларымен ой бөлісті.
Мектеп қабырғасында бірге жүріп, бірге оқыған Марфуға ақынның құрбылары өткен шақтарын еске алып, ақын жайлы жүрекжарды сағыныштарын ортаға салды.
№9 мектеп гимназиясының директоры Бибігүл Кушекова сөз алып, ақын жерлесінің болмыс-бітімін, ол кісінің өмірге деген ерекше ықылас махаббаты жайлы сонау балалық шағында ақынмен көрші болып, өлеңдерін жаттап өскендігін айтып, алдағы уақытта мектеп-гимназиясынан «Марфуғатану» жұмысы жүретіндігін арнайы сынып бөлмесін ашатындығын айтып пайымды пікірімен бөлісті.
Жиын соңында Марфуға ақынның шығармалары оқылып, ақын рухына арнау айтылды.
Жерлес ақынымыздың бір топ туындыларын (5-бетте) жолдап отырмыз.
Ж. Оспанов