Ынтымақ пен келісімнің тұрағына айналған қазіргі Қазақстан — көп этностардың өкілдері мекендеген, бірнеше конфессиялардың келісім үлгісі болып табылатын тұрақты мемлекет. Республикада тұратын барлық ұлыстар мен ұлттар, діни және саяси ұстанымына қарамастан тең құқылы. Қазіргі таңда Қазақстан барлық этностардың мәдени дамуы мен өзін-өзі жүзеге асыруын қамтамасыз ететін ережелерден негіз алған этносаралық және мәдениет аралық өзара бірлескен іс — қимыл білдіретін қоғам екені баршаға белгілі. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы мәдени, рухани даму, ана тілінде сөйлеп, өз ойын білдіру, ұлттық мұра, ұлттық құндылықтарды, дәстүрін сақтау және одан әрі дамыту құқығына ие.
Қазақстан халқы ассамблеясының негізгі бағыты — жалпы ұлттық бірлікті нығайту. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, оны нығайту жолындағы ұлан ғайыр жұмысқа өз үлесін қосу Ассамблеяның басты бағыттарының бірі болып табылады. Ассамблеяның тұрақты да, қомақты жұмыстарының арқасында Қазақстандағы этносаралық, діни көзқарас негізіндегі қақтығыстар болған емес.
Бурабай ауданында 74 мыңнан астам тұрғын тұрмыс кешіп отыр. Оның ішінде 50-ден астам ұлт өкілдері бар. Ауданда үш этнобірлестік ресми тіркелген. Олар-Бурабай аудандық немістердің «Возрождение» (Wiedergeburt) мәдени ағарту қоғамы, «Казактардың Щучье жерлестігі» қоғамдық бірлестігі, «Қатаркөл ауылының казактары» қоғамдық бірлестігі. Бұл бірлестіктердің негізгі мақсат-міндеті — этностар арасындағы жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ауданның экономикалық, қоғамдық дамуына үлес қосып, ат салысу.
Сонымен қатар, ауданның ересек тұрғындары үшін мемлекеттік тілді кедергісіз, тегін меңгеруге де жағдай жасалған. Бұл қомақты жұмысты тілдерді оқыту орталығы жүзеге асырады.Орталық 2007 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осы орталықтан мемлекеттік тілді үйренуге ынталы 700-ден астам адам оқып шықты. Мемлекеттік тілдің қолдану аясы барған сайын кеңейіп, қоғамдық қарым-қатынас тіліне айналып келеді. Бурабай ауданында ҚХА қоғамдық құрылымдары болып табылатын Ақсақалдар Кеңесі және Аналар Кеңесі жұмыс істейді. Кеңес мүшелері көптеген даулы мәселелердің түйінін шешудегі жұмыстарда, қоғамда татулық пен ынтымақ-бірлік жолында қызмет етіп келеді. 2023 жылы Ақсақалдар Кеңесінің көмегімен Савинка, Веденовка ауылдарында спорт алаңдары салынды. Мұндай игілікті істерде Аналар Кеңесі де шет қалмай, көптеген қайырымдылық іс-шаралар өткізілді. Соның ішінде, биылғы су тасқыны кезінде атқарған еңбектері зор. Кәсіпкер аналар су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға азық-түлік, киім, төсек орын жіберіп, көмек қолын созды.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ауыртпалыққа ұшыраған азаматтарға қолдау көрсету біздің басты парызымыз. Ұлт ұлысқа бөлінбей, бірлесіп атқарған іс-шаралар мемлекеттің абыройын асқақтатып, туын биікке көтереді деген сенімдеміз.
Арай САДЫКОВ,
Бурабай ауданының әкімі