Рәміздер күні… Қазақ үшін ерекше дата. Осылай дейікші. Өйткені, сан ғасыр бойы бабаларымыз осы күнді, осы сағатты, осы уақытты аңсады. Қилы кезеңді бастан кешіре жүріп жеттік. Не көрмеген елміз? Жан-жақтан анталап, жеріне қарақұрттай қаптаған талай жаумен бетпе-бет келіп, ақыры бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр даланы сақтап қалды. Оттан да, жаудан да бәрінен сұңғылалығымен аман қалды.

Қаншама уақыт бодан болып, өксігі ішінде шемен боп қатқан қазақ, тәуелсіздігін алғанда төбесі көкке жеткендей ақсақалдардың көзіне жас келіп, аналар тәубелеп шүкірлік қылды. Бұл күнге жете алмай кеткен баһадүрлерлердің арманы орындалды. Қазақтың байрағы – қазақтың басты байлығы. Қазақтың байрағы – қазақтың көзінің қарашығы. Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен асқақ, Байрағымен байтақ қазақтың мерейі үстем.

Щучинск қаласының орталығы. Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледждің курсанттары сап түзеп ортаға келді. Аспан түстес, көк байрақ ашық аспан астында көз тартып, көңіл мерейімізді одан сайын айрықша сезімге бөлеп әлдилегендей. Асқақ ән!.. Шағын қаланың төбесінде құс боп қалықтап айналып жүр. Қазақтың азаттығын, қазақтың ел болғандығын паш ететін ән. Бойды шымырлататын рухты ән!.. Әнұран орындалды. Осы жолы оқушылар Әнұранды таза дауыспен айтты. Иә, мектеп қабырғасында өсіп келе жатқан өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке баулу үшін осы бастан жеті атасын танитындай қып, Әнұранды жатқа айтқызғанымыз абзал! Себебі, бүгінгі жас-ертеңгі болашақ. Мемлекеттің негізін әрі қарай сабақтастыратын бүгінгі балауса балғындар.

Салтанатты жиынға қатысушылармен бірге Көк байрағымыз асқақтап биікке көтеріліп, Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледждің курсанттары үлкен байрақты ортаға алып шықты.

Осы жиынға Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мерей Рамазан, аудандық мәслихат төрағасы Малика Нұрпанова, «аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы», «Бурабай» аудандық қоғамдық-саяси газетінің директоры Өтелбай Бейсенов, қоғамдық ұйым төрағалары, мемлекеттік қызмет саласының басшылары мен мамандары қатысты.

Жиын соңында жиналғандар естелік суретке түсті. Рәміздер күні құтты болсын, ағайын! Еліміз аман, халқымыздың құт-берекесі артып, мерекелі күндеріміз көп болғай!..

Ж. Оспанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA