1 маусым — балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай «Ашық аспан астындағы кітапхана» жобасы аясында қалалық саябақта орталық аудандық балалар кітапханасы және № 2, 4 қалалық кітапханалар «Бақытты балалар -бейбіт елдің тірегі» атты жазғы оқуларының ашылуы өтті.
Бірнеше алаңдар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» «Бір ел — бір кітап» акция аясында жалпыхалықтық оқуға ұсынылған көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі, 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетін, қазақ жазушысы Бердібек Соқпақбаев шығармалары бойынша ашық микрофон, «Әжемнің ертегілері» дауыстап оқулар, «Балалық шақтың жарқын бояуы» шығармашылық алаңы, «Кім тапқыр» интеллектуалды time және «Бақытты балалар әлемі» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Кітап көрмесіне жазушы Бердібек Соқпақбаевтың шығармалар, қазақ және әлем ертегілері, балаларға арналған энциклопедиялар, «Айгөлек», «Балдырған», «Ақ желкен», «Мурзилка», «Непоседа» журналдары ұсынылды.
Аталмыш жоба аясында жазғы оқу маусымының ашылуы Веденовка, Мәдениет, Златополье, Қатаркөл, Қызылағаш, Жасыл, Наурызбай батыр, Дмитриевка, Савинка ауылының кітапханаларында: «Балалық шақтың көңілді әлемі», «Өлкенің гүл жайнаған балғындары», «Балаларға базарлық», «Балауса бағым — шаттық пен қуаныш ордасы», «Демалысым кітаппен бірге», «Балалық шақ әлемі» т.б. тақырыптарда өткізілді. Кітапханашылар көрмелер ұйымдастырып, балаларға мерекелік бағдарлама ұсынып, жақсы көңіл-күй сыйлады. Балалар викторина сұрақтарына жауап беріп, жұмбақтар шешіп, ашық ойындарға қатысты. Жазғы іс-шараға кішкентай келушілер тағы да қызықты кітаптар мен тамаша балалар журналдарымен таныса алды. Балалар сүйікті ертегілерін дауыстап оқып, өлеңдерін жатқа айтты.
Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің
әдістемелік-библиографиялық бөлім