Еліміздің тәуелсіздік алуымен бірге қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды. Қазақ тіліміз дамып, оның қоғамдық маңызы арта түсті. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңының 4-бабында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс. Өйткені өркениетке құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауаты ұрпақ тәрбиелеу. Сонымен қатар, сот жүйесінде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесіне жіті көңіл бөлінуде. Ресми құжаттар негізінен мемлекеттік тілде жазылады, ал орыс тілінде жазылған құжаттың аударма нұсқасы болуы бұлжымас талап.
Сот өзінің қызметінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, Қазақстан азаматтарының объективті ақпарат алудағы конституциялық құқығын жүзеге асыра отырып қана қоймай, сот билігінің беделін нығайтып, сот жұмысының сапасын жақсартады. Сот істерінің басым бөлігінің ресми тілде жүргізілу себептерінің бірі, сотқа жүгінушілердің мүддесін қорғаушы адвокаттар, заңдық көмек көрсетуші өкілдердің қазақ тілін жетік білмеуінен. ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінде сот ісін жүргізу тілі, сотқа талап арыз берілген тілге қарай, сот ұйғарымымен белгіленетіні көрсетілген. Бұл дегеніміз, сотқа талап арыз қай тілде берілсе, іс сол тілде қаралып, сот актісі де сол тілде қабылданады деген сөз. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту, тілдің қолданылу аясын арттыруға күш салу. Қазірігі таңда мемлекет тарапынан тілдік қорымызды үздіксіз жетілдіріп отыру үшін заңдар қабылданып, бағдарламалар жасалған. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып мемлекеттік тілдің қолдану өрісін кеңейту өз қолымызда. Елбасымыздың «Біздің, бүкіл қазақстандықтардың басын біріктіретін басты фактор – мемлекеттік тіл. Қазақ елінің туған тілін дамыту үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек»,- деуінің өзі-ақ әрбір саналы азаматқа көп жайды аңғартса керек. Мемлекет басшысы айтқандай: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді». Мемлекеттік тілдің дамуына, қолданысқа толығымен, елнуіне бір кісідей ат салысайық.
Әділ Момынов,
Бурабай аудандық соты
бас маман-сот мәжілісінің хатшысы