(шағын сұхбат)

Тоғыз жолдың торабында тұрған Ақылбай ауылында Қызылағаш селолық округіне қарасты ауылдық емхана бар. Емхана дегеніміз дұрыс шығар. Өйткені, осы округке қарасты ауылдардың басы ауырып, балтыры сыздаса Нағима Баянқызы басқаратын ұжымнан келіп алғашқы көмек алады.

Нағима Баянқызы 1982 жылдан бері бір орында қызмет ауыстырмай, өзінің шипалы алақанымен сырқаттанып келген жандарға мейірімін төгіп еңбек етуде.

Ел Нағима Баянқызының еңбегін жақсы біледі. Оның үстіне білікті де, білімді дәрігер. Қарабауыр ауылының тумасы. Алма ағашынан алысқа түспес демекші, туған еліне, өзінің атамекеніне бір адамдай маңдай терін сіңіріп жүрген жанмен тілдесіп, сөйлесіп қайттық.

Дәрі иісі аңқыған ауылдық амбулаторияның ішінде қан тапсырып, қан қысымын өлшетіп дәрі алып жатқандар бар екен.

Нағима Баянқызы, алда келе жатқан ақ халатты абзал жандардың мерекесі құтты болсын! Сіз медицина саласында табан аудармай осы ауылда, осы округте еңбек етіп келе жатқан жанның бірісіз. Қалай ойлайсыз, еңбегіңіз жанды ма?

— Әрине жанды. Алдымен Абылайхан селолық округіне қарасты ауылдардың барлығы біздің амбулаторияға келіп ем-дом алады. Озерные, Жанқара, Ақылбай, Абылай хан, Қарабауыр осы ауылдардың барлығының үлкен-кішісі аура қалса, сырқаттана қалса жанұшырып келеді. Көмегімізді береміз. Тақа қатты науқас болса аудандық ауруханаға жеткіземіз. Ал енді менің өз басыма келетін болсам «бір көктен басқа сиынарым, бір еңбектен басқа сүйенерім жоқ», аудандық мәслихатқа депутат болдым, бірнеше орден-медаль алдым. Бұның барлығы менің еңбегімнің өтеуі. Бастысы халықтың ықылас ниеті ғой.

Дәрігер адам жанының емшісі ғой. Дәрігер қандай ауру болсын я болмаса басқа да оқыс жағдайда болсын, алдымен барып алғашқы көмек береді. Түн ұйқысын төрт бөлетін мамандық иесінің бірі дәрігер. Сондай сәтте қатты қорыққан сәтіңіз болды ма?

— Мен 1982 жылдан бері осы жерде қызмет етіп келе жатырмын. Совет үкіметінің дүрілдеп тұрған уақытынан бастап. Тәжірибем бар. Адам-жарты Құдай, жарты пенде деуші ме еді. Көз қорқақ, қол батыр. Оқыс жағдайларда қорықсаң несіне дәрігерсің. Өлім мен өмірдің арасында сәулелі ғұмырдың бір жұтым ауасын жұтуды армандап жатқан науқасқа қолымыздан келгенше көмектесуге, септесуге күшімізді саламыз. Тәні ауырған, жаны ауырған адам дәрігерден үміт күтеді. Үмітсіз сайтан. Күдерін үзгісі келмейді. Сол сәтте жанұшырған адамның көзіне қарап отырып кейде қолынан келмесе іштей уайымдап, жүрек басын күпті болып көпке дейін ойланып, есінен кетпей жүреді. Түрлі -түрлі тілекпен, пенделердің күні өткен. Адам баласы күтінбей, денсаулығына мән бермей көп уақыт ауруды асқындырып алады. Ал асқынған ауру ақыры өліммен түйінделеді. Кез-келген адам шынығып, спортпен айналысса, зиянды әдеттерден аулақ болса, ол адамның ғұмыры да ұзақ болуы тиіс. Оқыстан бірдеңеге ұшырамаса.

Ұжымыңыз жайлы не айтар едіңіз?

— Менің әріптестерім бір үйдің баласындай. Әсіресе, ауылдық жерде медбикелерім. Олар да дамыл жоқ. Түннің бір уағында телефондары шырылдаса міндетті түрде барып ауырған адамға алғашқы көмек көрсетіп зыр қағып жүгіріп жүреді. Жақсы адам жанашыр келеді дейді. Ал біздің міндетіміз сен осы саланың маманысың ба, ендеше халық үшін еңбек ет, артынан сөз ермесін деген миссия ғой. Адамның жаны ішінде, жанары сыртында. Кейде аяқ астынан кейбір адамдар қатты дертке шалдығады. Иә… ондайлар боп тұрады. Соңғы кездері экология ма, кіп-кішкентай туған балалардың өзі сырқат боп дүниеге кеп жатқаның көргенде қатты күйзелетін болдық. Биологиялық құндылығы басым азық-түлікті қолдану керек. Әрбір адамның денсаулығы өзінің басты байлығы.

Нағима Баянқызы уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет. Мерекеңіз құтты болсын!

Ақылбай ауылының амбулаториясынан шығып тас жолға түсіп қаланы бетке алдық. Ақ халатты абзал жан Нағима Баянқызы басқарып отырған ұжым бір үйдің баласындай болып елге қызмет атқарып жатыр. Айтпақшы сол күні ауданнан арнайы дәрігерлер келіп елді аралап жүр екен. Ауылдағы ауданға бара алмайтын қарияларды медициналық қабылдау жасап, денсаулықтарын тексеруге келе жатқан әріптестерін қарсы алам,-дейді Нағима Баянқызы.

Мерекеңізбен, ақ халатты абзал жан Нағима Баянқызы.

Жеңіс Оспанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA