Өткен жексенбіде Медицина қызметкерінің кәсіби мерекесін атап өттік. Ел азаматтарының өмірі мен денсаулығын сақтау медицина саласында еңбек етіп жүрген әр маманның басты миссиясы деп білеміз. Бұл міндетті орындау асқан жауапкершілікті, адалдықты, адамгершілік пен қайырымдылықты, есіл еңбекті қажет етеді. Сол үшін де ел-жұрт медицина қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалайды.
Басқару ісіне өзгеріс енгізіледі
Денсаулық сақтау саласының дамуы — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Мысалы, жақында Мемлекет басшысы екі маңызды медициналық нысанды аралады. Соның бірі — биылғы тамыз айында ашылады деп жоспарланған Ұлттық ғылыми онкология орталығының жаңа корпусы болса, екіншісі — Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы. Екі орталық та медициналық қызметтердің сапасын арттыруға және азаматтардың денсаулығын нығайтуға дайын екенін көрсетті.
Елдегі 3 323 амбулаториялық-емханалық ұйымда және 872 стационарда 81,3 мың дәрігер, жоғары медициналық білімі бар 5,2 мың мейіргер және 190,6 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Дәл осындай ұйымдармен қоса тәжірибесі толысқан медицина мамандары отандастарымыздың өмір сүру ұзақтығын арттырып, ауру-сырқаудан болатын өлімді азайтуға үлес қосады.
Кейінгі 5 жылдың шамасында елде өмір сүру ұзақтығы 2 жасқа (73-тен 75 жасқа дейін) артып, жалпы өлім — 9%-ға, ана өлімі — 16,8%-ға, нәресте өлімі — 8,5%-ға, қанайналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім — 11,9%-ға және қатерлі ісіктерден болатын өлім 15,3%-ға төмендеді. Саланы қаржыландыру көлемі де жоспарлы түрде өсіп келеді. Былтыр біз 4,7 трлн теңге нақты белгіге немесе ішкі жалпы өнімнің 4%-ына жеттік. Бұл соманың 67%-ы мемлекетке, 33%-ы жеке шығыстарға тиесілі.
Денсаулық сақтау министрлігі мен бүкіл мемлекеттік аппарат мемлекеттік көздерден бөлінетін қаражаттың есесіне азаматтардың ем-шараға жұмсайтын шығынын азайтып, медициналық көмекті барынша қолжетімді етуге күш салады. Осылайша, негізгі басымдық медициналық көмекте және аурулар профилактикасының барлық деңгейінде қаражатты тиімді пайдаланып, ашықтықты арттыруға бағытталады.
Денсаулық сақтау — мемлекет көп көңіл бөлетін әлеуметтік маңызды саланың бірі. Кейінгі жылдары салада көптеген реформа іске асты. Алайда әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты бірнеше сұрақ алаңдатты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес барлық тарапта тепе-теңдікті сақтауды ескере отырып, біз қоғамның сұраныстары мен азаматтардың мүдделеріне уақтылы жауап беруге тырысамыз. Сондықтан әрбір арыз-шағым біз үшін өте маңызды.
Мемлекет басшысы биыл 7 ақпанда жаңа Үкіметтің алдына мемлекеттік қаражаттың жұмсалуына тиісті бақылауды, ашықтықты қамтамасыз етіп, медициналық көмек сапасын арттыруды тапсырды. Сондай-ақ медициналық көмектің бірыңғай пакетін енгізіп, азаматтардың жекелеген әлеуметтік әлсіз санаттарын, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық сақтандырумен қамтуды кеңейту жайын басшылыққа алғаны белгілі.
Денсаулық сақтау министрлігі жүйелі диагностика жүргізіп, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі және жалпы саладағы мәселелердің себеп-салдарын анықтады. Бүгінде біз денсаулық сақтау жүйесінің барлық басқару буындарында іркілісті жою бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Материалдық және қаржылық ресурстарды басқару бойынша институционалдық негіз құрудамыз. Нәтижеге қол жеткізу үшін басқарудың барлық деңгейлерінде дербес жауапкершілікті арттырдық.
Сақтандыру жүйесінің маңызы
Енді медициналық көмек көрсетудің барлық жүйесін қайта құрып, бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Денсаулық сақтау жүйесін мемлекеттік басқару сапасын арттырумен қатар бірыңғай пакетті қалыптастырып, қаржыландырудың аралас моделінен сақтандыру моделіне өту өзекті болып отыр. Алда міндет көп. Мысалы, денсаулық сақтау жүйесінің азаматтардың қажеттіліктері мен мүдделеріне жауаптылығын қамтамасыз ету керек. Сақтандырылмаған азаматтар үшін диагностика мен емдеудің жекелеген түрлерінің қолжетімділігін және Медициналық сақтандыру қоры қызметінің ашықтығын арттыру міндеті тұр.
Денсаулық сақтау министрлігі толыққанды ведомстволық статистиканы жетілдіру бойынша жұмыс істеп келеді. Бұл – еліміздің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы трендтерді және мемлекеттік кірістердің елеулі көлемінің түпкілікті нәтижесін сенімді бағалауға мүмкіндік береді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысты айтылған сын-пікірлерге қарамастан, бұл жүйені сақтау қажет. Өйткені бұл салаға жылына 1,4 трлн теңгеден астам, оның ішінде республикалық бюджеттен тыс 1 трлн теңге табыс әкеледі. Мемлекетке саланы қаржыландырудың осы көзінің шығындарын өтеу қиынға соғады. Қоғамның сала қаражатын пайдаланудың ашықтығы мен тиімділігіне қатысты сыны негізді. Экономикалық және қаржылық менеджмент пен үйлестіру деңгейін арттыру үшін Денсаулық сақтау министрлігінің өзінде басқару құрылымы жетілдірілді.
Медициналық көмектің бірыңғай пакетін әзірлеу бойынша жұмыс басталды. Ол — мемлекет кепілдік берген базалық бөліктен және саланың қолда бар ресурстарын ескере отырып, жұмыс берушілер мен азаматтардың өз аударымдарының есебінен қалыптасатын сақтандыру бөлігінен тұрады. Бұл міндет 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен іске асады.
Сапалы қызметке не кедергі?
Дәрігерлердің міндеттеріне көптеген медициналық ақпараттық жүйелерге деректерді енгізу функциясы еніп, бұл дәрігердің пациенттің проблемаларын шешудегі басты миссиясынан айырды. Бүгінде дәрігер алғашқы қабылдау кезінде пациентті қабылдауға арналған норматив бойынша 15-20 минуттан тұратын ақпараттық жүйелерге мәліметтерді енгізуге шамамен 13 минут жұмсайды. Халықтың наразылығын тудыратын мәселелердің бірі – осы.
Осыған байланысты стандарттарды, клиникалық хаттамаларды, пациенттердің маршруттарын және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ-пен өзара іс-қимыл тәртібі мен қағидаларын қайта қарау бойынша жұмыс басталды.
Ауылда медициналық көмектің қолжетімдігі мен сапасын жақсарту үшін 2023 жылдан бастап ауылдық елді мекендерді 655 жаңа медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанымен қамтамасыз ету мәселесін, 32 аудандық орталық аурухананы жаңғырту жолымен шұғыл медициналық көмек сапасын арттыруды, ауылдық жерлерде еңбек етуге 1 100 медицина қызметкерін даярлау жоспарын қамтитын «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты ұлттық жобасы іске асып жатыр. Мұндағы жоба-жоспарлар ауру-сырқауды ерте анықтауға, профилактика мен скринингтік бағдарламаларды жақсартуға, ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізуге мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі 34 басты жобада көзделген денсаулық сақтаудың негізгі нысандарын жобалау мен салуды қамтиды. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға бөлінген қаржыландыру шегінде медициналық мекемелерді күрделі жөндеу және жарақтандыру жөніндегі жұмыс жалғасады. Екінші кезеңде жаңа құрылыс, жөндеу және толық жарақтандыру жолымен 2,5 мың медициналық нысанды жаңғырту жоспарланды.
Биыл 1 маусымнан бастап босандыру, неонатология, балалар неврологиясы, балалар аллергологиясы, ревматология бойынша медициналық көмек көрсететін ұйымдар үшін тарифтердің мөлшері артып келеді. Қыркүйекке қарай қажетті рәсімдердің аяқталуына байланысты абдоминалдық хирургия, инфекция, неврология, гастроэнтерология, кардиология, травматология және ортопедия, нефрология, эндокринология, онкогематология сияқты бағыттар бойынша тарифтерді көтеру жоспарланып жатыр.
Қабылданған іс-шаралар халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге, азаматтардың шығыстарын азайтуға, сондай-ақ медициналық ұйымдардың шығын қаупінің деңгейін төмендетуге арналған. Осыған қоса статистиканың қолжетімдігі мен дұрыстығы, оның ішінде кадр және материалдық-техникалық ресурстарды басқару жүйесі бойынша проблемаларды шешу талап етіледі. Бұл саланың осы бағыттарын сапалы жоспарлауға және басқаруға мүмкіндік береді.
Босандыру және балалар қызметін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінеді. Қазір елімізде орта есеппен бір тәулікте мыңға жуық нәресте дүниеге келеді. Жыл сайын 400 мыңнан астам жүкті әйел амбулаториялық қызмет мамандарында бақылауда болады. Жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығын сақтау және патологияларын ерте анықтау үшін 11 миллионнан астам нәрестені қамтитын скринингтер жүргізіледі. «Бір күндік клиника» қанатқақты жобасы енгізілуде. Жоба барлық өңірлерде кезең-кезеңімен іске асады. Бұл пренаталдық диагностиканың инновациялық әдістерін қолдануға және патологиясы бар балалардың туу қаупін уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету тәсілдері қайта қаралады. Алғашқы іс-шаралар қазірдің өзінде қабылданды. Биыл наурыз айынан бастап жоспарлы емдеуге жатқызуға арналған талдаулардың тізбесі 42 зерттеуге қысқарды. Талдаулардың жарамдылық мерзімі 3-6 есеге ұлғайды. Сондай-ақ пациенттердің маршруттарын оңтайландыру бойынша іс-шаралар қабылданды.
Денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту және ағымдағы жағдайларда қалыпты жұмыс істеуді қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Халықаралық озық тәжірибені, медициналық ұйымдардың басшыларын іріктеу жүйесін ескере отырып, ауруханалық менеджменттің жаңа стандарттарын әзірлеу және енгізу, бөлінетін ресурстарды пайдалану тиімділігі мен қаржылық тұрақтылығы үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мен тартылуын одан әрі арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
Маман мәселесі өзекті
Дәрігерлердің тапшылығы, әсіресе арнайы мамандандыру туралы көп айтылады. Бірақ осы күнге дейін салада медициналық қызметтер мен сервистердің жоғары сапасына бағытталған медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеуді ынталандырудың моделі жасалмаған. Біз кадр даярлау және оқыту сапасы саласындағы саясатқа, олардың сапалы және нәтижелі қызметін қамтамасыз етудің қолданыстағы тетіктерін қайта бағалауға талдау жүргіздік.
Өкінішке қарай, медициналық ұйымдарда дәрігер тапшылығы әлі де бар. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендерде байқалады. Тапшылықтың негізгі себептері — ерік-жігердің аздығы, сенімсіздік, жоғары психоэмоционалдық жүктеменің көбеюі және әлеуметтік кепілдіктердің жеткіліксіздігі. Осындай себеп-салдардан кейін медицина мамандары жұмыстан шығып жатады.
Денсаулық сақтаудың кадрлық саясатын дамыту тұжырымдамасы, ең алдымен, кәсіптің имиджі мен беделін арттыруға бағытталады. Есепке алу үдерісін цифрландыру және бірыңғай жүйені құру амалдары бұрын да қолға алынған еді. Алайда бастаған іс аяқсыз қалды. Денсаулық сақтаудың кадр ресурстарын есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесін құруды аяқтау жоспарланып отыр. Онда 1-курс студентінен бастап жұмыс істейтін денсаулық сақтау маманына дейінгі барлық дерлік ақпарат мемлекеттік тапсырысты бөлу, түсу, оқыту, жұмысқа орналастыру және бүкіл кәсіби қызмет бойы үздіксіз даму рәсімінен бастап цифрландырылатын болады.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін жетілдіру мақсатында емхана дәрігерлері мен мейіргерлердің біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешені іске асып келеді. Мамандықтың беделін арттыруға негіз болатын шаруалар пысықталуда (жалақыны көтеру, төлемдерді ынталандыру, кәсіби өсу, еңбек және әлеуметтік жеңілдіктер, қолайлы еңбек жағдайларын жасау).
Қорыта келе сала алдына қойылған міндеттерді шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі сақтандыру жүйесін жаңғыртуға, медициналық көмекті ұйымдастыруға, бизнес-үдерістерді қайта құруға, ашықтықты, тиімділікті, бөлінетін қаржылық және материалдық ресурстарды қамтамасыз етуге басымдық берілгенін атап өткім келеді. Сондай-ақ тұрғындар мен пациенттердің қажеттілігіне баса назар аудара отырып, сала кадрларын сала алдында тұрған сын-қатерлерді шешуді бағдарлауға кіріскенін хабарлаймын. Медицина қызметкерлерімен бірге біз алға қойған барлық мақсат-міндетке қол жеткіземіз деп ойлаймын.
Нәтижесінде, біз халыққа пациенттердің сұранысына бағдарланған медициналық көмек көрсетудің жетілдірілген моделін ұсынамыз. Дәрігерлерге негізсіз бару мен зерттеулерді барынша алып тастаймыз. Пациенттердің маршруттары қайта құрылады. Медициналық көмек көрсетудің барлық буынының жұмысы үйлесіп, өзара интеграцияланады. Мемлекеттің міндеттемелері теңгерімділікке қол жеткізу үшін саланың қолда бар ресурстарына сәйкес келтіріледі.
Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шынайылық қағидаттарына негізделеді. Медициналық ұйымдар қызметінің тұрақтылығы қамтамасыз етіледі. Медициналық технологиялар мен дәрілік формуляр дәлелденген тиімділікке негізделеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің пакеті бойынша ақылы қызметтердің көмегіне қолжетімділікті арттыру есебінен азаматтардың қалтасына жүктемені бір мезгілде төмендете отырып, бірқатар дәрілік зат пен медициналық қызмет бойынша қосымша төлем енгізу жайы пысықталады.
Иә, медицинаның барлық дерлік бағыттары бойынша алда әлі аса маңызды міндеттер мен жоспарлар бар. Мамандарға артылған жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Әріптестерімді кәсіби мерекемен, Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтай отырып, еңбектеріне табыс тілеймін. Түрлі қиындықпен бетпе-бет келіп, адам жанын арашалаған қызметтеріңіз елдің береке-бірлігін арттыра берсін.
Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,Денсаулық сақтау министрі