…Ұстаз болып еңбек жолын бастадым,
Ұлы жолда еңбек етті жас жаным.
Бар арманым ұрпақ үшін тер төгу,
Бір сол үшін қиындықтан қашпадым…
Ия, осы бір өлең шумағындағы мәнді де мағыналы сөз иірімдері Бурабай ауданы Щучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер, «Үздік педагог-2023» байқауының жүлдегері, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ұлағатты ұстаз Қалмағанбетова Гүлайым Тастанқызының ұстаздық жолындағы ерен еңбегін суреттеген іспетті.
Мұғалім — мамандық болса, ұстаздық адам бойындағы ұлы қасиет. Ұстаз мәртебесінің артуы ең алдымен ұстаз деген есімге қаншалықты лайық болуына байланысты. Бүгінгі жаңа дәуірдің, жаңарған білімнің мұғалімге қояр талабының жүгі ауыр, олар үлгі боларлық бар жақсылық атаулының ең биігінен көрінуі тиіс. «Жақсы адам — Алланың нұры» демекші, жақсылық атаулыны ішкі жан дүниесімен қабылдап, өз бойындағы сезімді, берік қалыптасқан көзқарасты оқушы бойына дарыта білетін, өз бойындағы жасампаздық пен шығармашылық, өз-өзіне сенімділік пен сабырлылық, табандылық пен төзімдік сияқты мінез-құлық ерекшеліктерімен, сондай-ақ өзгелерге қолдау көрсете білетін, жылы жүрегімен жақсылық сәулесін шашып, мейірім шуағын төгіп тұратын ұстаздың бірі- Қалмағанбетова Гүлайым Тастанқызы.
Бақытым-мамандығым, байлығым — шәкірттерім, бала тәрбиесі деп білген, ойы биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, періште пейілді, тұғыры биік жан білім беру саласында қарапайым мұғалім мамандығына деген сүйіспеншілігі, ерекше құрметі бойына қуат, жанына жігер береді. Кез келген істе тәуекелге бара алуы, өзіне тапсырылған істі жауапкершілік ала отырып, оны ұйымдастыра білуі оның іскерлік жетістіктерін шыңдай түседі. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме, бүгінгі таңда шәкірт бойындағы табиғи дарын ұшқындарын сөндіріп алмай, шығармашылық еңбек үстінде оған қанат бітіру, білімге шексіз құштарлық дәнін себу — ұстаз қызметінің тағылымды өлшемі, ізденіс нәтижесі.
Ия, болашағымыз ғаламат, келешегіміз ғажайып, өйткені бүгінгі ұрпақ білім жолында аянбай тер төгіп, елінің болашағына кірпіш болып қаланғысы келеді. Әрине, естіген құлақтың өзіне ерекше жағымды әсер сыйлайтын сөз «ел болашағы, кірпіш болып қалану» деген сөзді тамсанбай, жай айту мүмкін емес. Бәлкім, қанымызда бар қасиет шығар, болам деген баланың бетінен қақпай белін буу. №9 мектеп-гимназиясында да осы үрдіс әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді, өйткені білім бәйгесіне түсетін әрбір дарынды баланың кемел келешегі үшін әр ұстаз аянбай еңбек етуде. Жас жеткіншектердің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның одан әрі дамуыны бағыт бағдар беру, әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу — ұстаздың парызы. Баланы уақыт талабына қарай икемдеп, санасына өз заманының озық өнегесін сіңіре білу, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту — бүгінгі күннің басты талабы.
Гүлайым Тастанқызы — барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білетін, өз пәніне, бала тәрбиесіне жаны ашып, мектептегі оқу — ісін басқаруда асқан жауапкершілік танытатын, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі. Бергенінен берері көп, тәжірибелі ұстаз бүгін де мектеп мұғалімдерін, мектеп оқушыларын жаппай шығармашылық тұрғыда шыңдап, аудан, облыс, республика, тіпті халықаралық деңгейдегі жетістіктер әкелуіне септігін тигізуде.
Ол қызмет атқаратын Бурабай ауданындағы №9 мектеп-гимназиясының негізгі мақсаты оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, білімді, жасампаз, өз елінің адал азаматтарын тәрбиелеу болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру жолында «Білімділер алаңы» геймификациялық ойынының авторы. Белгілі педагог В.А.Сухомлинский айтқандай: «Ойынсыз, музыкасыз, ертегісіз, шығармашылықсыз, фантазиясыз толық мәніндегі ақыл-ой тәрбиесі болмайды!». Ендеше, баланы ойынға қатыстырып үйрету арқылы ойыны қайсы, үйретуі қайсы екенін балалар айырмастай, сезбестей етіп сабақ өткізгені оның ұстаздық шеберлігін танытады.
«Әр бала өзінше бір әлем» дегендей, сабақ барысында оқушы сабақты қалай қабылдап, қалай сезініп отырғанына аса мән береді. Оқушылардың эмоционалдық қабілеттерін сабақ барысында қалыптастыру да мұғалім үшін аса маңызды. «Оқушылардың IQ және EQ қабілеттерін қалыптастыру жолдары» тақырыбындағы авторлық бағдарламасында оқушының сабақ барысында алдына мақсат қойғызып, кітапты оқыту арқылы өздігінен ізденуге, пазл тапсырмалар құрастыру арқылы есте сақтап алуға, суреттермен жұмыс арқылы кез келген нәрсені сипаттап беруге, ойын жеткізе алуға бағыттаса, медитация, дене жаттығуларын сергіту сәтінде жасатып, оқушыға сергектік сыйлап отырады.
Ұстаздық дарын үздіксіз ізденіс көрігінде шыңдалса ғана, мәуелі табыс тезірек тұлғаланбақ, оқушы санасында ұстаз қалдырған із ұзақ сақталмақ. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деп айтқандай, ұстаздың өткеніне қарап қуанары бар, өйткені осындай ұлағатты ұстаздың алдынан сан мыңдаған шәкірттер білім алып, бүгінгі таңда егеменді еліміздің әрбір бұрышына кірпіш болып қаланып, алған білімдерін өмір қажеттілігіне сай қолдануда.
Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, білім көшіне дұрыс бағыт берген, Бурабай ауданындағы қара шаңырақ атанған №9 мектеп-гимназиясында білім бәйгелерінде олжалы болып, оза шауып, жеңіспен оралған Гүлайым Тастанқызы — мектебіміздің мақтанышы.
Гүлайым Тастанқызының «Үздік педагог» мәртебесін иелену мақтаныш-оны абыроймен алып жүру-жауапкершілік!»- деген кредосы өз соңынан еріп келе жатқан жас мамандарға үлгі-өнеге болмақ. Еңбегімен еленген Гүлайым Тастанқызына деніңіз сау, еңбегіңіз елеулі, табысты болыңыз деп тілек білдіреміз.
№9 мектеп-гимназиясы ұжымы