Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы Ғылым ордасында жас ғалымдармен кездесіп, осы салаға қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды.
– Бүгін сіздермен Ғылым ордасында жиналып отырмыз. Бұл – қазақ ғылымының қара шаңырағы, – деп сөз бастаған Президент біраз жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттың қайта жаңарғанына қуанышын білдірді.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, соңғы кездері бұл ғимарат әбден тозып кетті. Сондықтан мен осыдан екі жыл бұрын бұл жерде күрделі жөндеу жүргізу жөнінде нақты тапсырма бердім. Содан бері біраз шаруа атқарылды. Іші де, сырты да заман талабына сай жаңғыртылды. Ең бастысы, ғимараттың тарихи келбеті сақталды. Жыл соңына дейін бұл жұмыс толық аяқталады, абаттандыру жұмысы жүргізіледі. Жаңарған Ғылым ордасы бүгінгі және болашақ ғалымдар үшін қызмет ете береді. Жалпы, осы жерде халқымыздың көптеген көрнекті ғалымы еңбек еткен. Ғылым ордасында есімі ел тарихында жазылған біртуар тұлғаларымыздың ізі қалған. Сондай ұлт перзенттерінің бірі әрі бірегейі – академик Қаныш Сәтбаев. Биыл ғалымның туғанына 125 жыл толды. Академик Қаныш Сәтбаев елімізді өркендетуге орасан зор үлес қосты. «Ғалымның хаты өлмейді» деген. Халқымыз әлі күнге дейін оның ашқан жаңалықтарының игілігін көріп отыр. Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ, – деп ой сабақтады.
Жиында ғылым саласына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.
Мемлекет басшысы шикізатқа арқа сүйеп отырған ел алысқа бармайтынын, бізге инженерлер, өнертапқыштар қажет екенін жеткізді.
– Мамандарымыз әлемдік бәсекеге төтеп бере алатындай білімді, білікті болуы керек. Бүгінде алпауыт елдердің арасында барлық салада бақталастық өршіп тұр. Біз осы күрделі кезеңде экономиканың жаңа үлгісіне көше бастадық. Әділ, инклюзивті әрі бәсекеге қабілетті экономика құруға кірістік. Ғылым мен инновация оның басты тірегі болуға тиіс.Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда. Қазір «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы Парламентте қаралып жатыр. Кеше Сенат оны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл – өте маңызды әрі көптен күткен құжат. Ғылымды басқару жүйесін жетілдіру керек. Ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету мәселесі де өте маңызды. Сондықтан Заңда ғылыми қауымдастық мүддесі барынша ескерілетін болады, – деді ол.