Соғыстың қос құрбаны
Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да биылғы жылы -79 жыл! Миллиондаған адамның қаны судай аққан қасірет пен қайғы әкелген атың өшкір соғыстың халыққа қасірет әкелгеннен басқа берері болмады. Мыңдаған адам хабарсыз кетті. Қаншама адам «соғыс мүгедегі» болды.
Бұл соғыс қазақ даласына да қасірет пен қайғыны үйіп берді. Өйткені, сол кездегі Кеңестер Одағының құрамында болған республикалардың барлығы бұл соғысқа жұмылдырылды. Шіркін-ай, кімдер кетпеді ішінде талай-талай шаңырақтың иесі атанар, атан нарды алып ұрар, білекті де, жүректі азаматтар Отан қорғау жолында шейіт болды.
Иә, биыл бұл қасіреттің аяқталғаны да жетпіс тоғыз жыл!.. Осы соғыста жат жерден мәңгілік мекен тауып, тұтқында болып азапты өмірді бастан кешіріп дүние салған Көрнекті ауылының қос соғыс ардагерінің топырағы туған жерге жеткізілді. Екеуі де бір жерде Гитлердің лагерінде тұтқында болып, сол жақта мәңгілік тоң топырақ жамылған.
Екеуі де Отан қорғау жолында азаматтық борышын өтеу үшін соғысқа аттанған. Апыр-ай ә? Жалындаған жас жігіттердің басқа түскен ауыр тағдырларын ойлаудың өзі қорқынышты. Айналасы күзет. Арпылдаған ит. Қарулы күзетпен басқа тілде, басқа үнде сөйлеп тұрған мүлдем жат ел! Адамның тұла бойын түршіктіретін көрініс.
Қос азаматпен бірге тағы қаншама ұлт болды. Миллиондаған тағдыр кіріптар болып отырды. Иә, қос ардагер Салық Тоқсанбаев пен Қазбек Қазғожа екеуінің мәңгілік мекен тапқан қорымынан туған елге топырақ жеткізілді. Щучинск қаласының орталығында соғыста хабарсыз кетіп, табылған қос ардагердің рухына арналған жиын өтті. Аудан басшылары Көрнекті ауылының тұрғындары, ардагерлердің туыстары мен туғандары жиналып бір сәт үнсіздікпен қасіретке толы жылдарды еске алды.
Ер болып елге қорған болған ардагерлердің өзі дүниеден өтсе де хабарсыз кетпей табылғаны да көңілге аздап болсын медеу ғой. Туған жерден топырақ бұйырды қос жауынгерге, бірақ жетпіс тоғыз жылдан соң барып.
Ж. Оспанов