Өткен сәрсенбі күні көрікті Бурабай баурайындағы Абылай хан алаңында елімізде баламасы жоқ мультимедиялық интерактивті кешен жаңғыртудан кейін қайта ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөнінде өткізген кеңесте саланың әлемдік экономиканы қарқынды дамытудың катализаторы екенін айтып, бірқатар нақты тапсырмалар берген болатын. Осынау оңынан оңғарылған шаруа Мемлекет басшысының тапсырмасын мүлтіксіз орындау барысында атқарылған іс екендігін атап айтуымыз қажет. Табиғаты тамылжыған ерке Көкшенің баурайында ел туризмі жаңа сипатқа ие болып келе жатыр. Негізінде бұл сала инвесторлар үшін мейлінше тартымды екендігі де белгілі. Алыс-жақын шет елден келген демалушыларды қабылдап, төл тарихымыздың тылсым сырын ұқтыратын мол мүмкіндік туып отыр. Заманауи кешен еліміздегі ең жоғары технологиялық интерактивті мұражайлардың біріне айналмақ.
Ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев қатысты. Көгілдір лента кесіліп, шашу шашылды. Қуаныш кернеген Бурабай баурайы әсем әнмен тербеліп тұрды. Облыс әкімі Марат Мұратұлы өз сөзінде киелі Көкше өңірінің тарихы аса бай екендігін, бұл өлке сал-серілердің ғана мекені емес, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың тәрбиесіне қажетті рухани құндылықтарға мелтектеп тұрғандығын айтып өтті.
Күніне бес жүзге дейін демалушыларды қабылдай алатын заманауи кешен жаңа анимациялық және аудиовизуалды технологиялардың арқасында ел тарихын білмекке ұмтылған адамдарды Алаштың рухани әлеміне енгізіп, көкірегіне көне мұраның ең асылын сіңіре алады.
— Бүгінгі жастар технологиялық жаңалықтарға бейім, — деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, — осы мүмкіндікті молынан пайдалана отырып, жастар тәрбиесіне орасан зор үлес қосуға болады. Алыс-жақын шет елдерден келетін адамдарға қазақ топырағындағы киелі жерлер тарихымен танысуға мүмкіндік туып отыр. Ендігі жылы осы жерде кезекті құрылтай өтеді деп межелеп отырмыз. Демек, хан ордасы тегін таңдалып алынып отырған жоқ. Халықтың сүйікті орнына айналған Бурабай баурайында дәл осындай кешеннің болуы өте орынды.
Жазушы-драматург Жабал Ерғалиев аруақ қонып, нар шөккен қасиетті Көкше топырағының, жалғыз Көкше ғана емес Алтайдан Атырауға дейінгі Алаш даласының қадір-қасиетін тереңнен толғап, сипаттап берді. Сол қадір-қасиетті туристер бүгінгі жағымды жаңалық арқылы толыққанды біле алады. Жаңа кешеннің медиаконтенті ойын-сауық және танымдық материалдарды негізге ала отырып, тұрақты жаңартылмақ. Бұл әртүрлі бағдарламалардан рухани ләззат алуға, жаңа қызықты да мазмұнды дүниелерді білуге мүмкіндік тудырады.
Кешенді қайта құру және жөндеу жұмыстары «Kaspi.kz» акционерлік қоғамының демеушілігімен атқарылған. «Куб 360» залы бейнені кескіндейтін бірегей технологиясы бар Қазақстандағы жалғыз зал. Бес проектормен, екі бүйірлік экран 270 градустық панорамалық кескін жасайды. Бұл көрермендерге фильмнің бір бөлігі тәрізді әсер етеді екен. Сол сәтте ақселеулі қазақ даласын өзің аралап жүргендей сезінесің. Кешенде 3Д орындауында аруақты Абылай ханның ақ батасын естіп, ілкі заманда ел дауын, жер дауын жалғыз ауыз сөзбен шешкен, ел ұйытқысы болған билердің бейнесін көруге болады.
Жастар мен жасөспірімдерді баурайтын тұсы да аз емес. Ойын түріндегі интерактивті экспозициялар балалар мен шетелдік қонақтарға ұлттық музыкалық аспаптар, ою-өрнектер, сондай-ақ, қазақ даласының бар болмысын көрсете алады. Осы кешенде келушілер қазақтың ежелгі руларын, олардың таңбаларын, мекендеген өлкелерін тамашалай келіп, көз жанарлары символдық ағашқа тіреледі екен.
Қорыта айтқанда, мультимедиялық интерактивті кешеннің ашылуы ел туризмін дамыту бағытындағы бағалы іс болды.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.