ХХ ғасырдың басындағы солақай саясаттың зардабынан қазақ зиялылары тартқан тауқыметті зерттеп, зерделей түссек, төл тарихымыздан мол мағлұмат аларымыз хақ. Алмағайып кезеңде халықтың басым бөлігі босқын болып, елкезіп кетті. Оның ішінде басына нәубет түскен зиялы қауым өкілдері де көп еді.

Кеңес, Алашорда өкіметтері орнап, кейін Алашорда ыдыраған кезде Көкшетау Алашордасының басшысы, «Айқап» журналының хабаршысы, ақын Мұхамедсәлім (Сәлім) Кәшімовке де сол сойылдың сойқаны тиетін болған соң, ол кең сахарадан пана іздеп, жаяулап-жалпылап, оңтүстік аймаққа қарай ауып кетеді. Арып-ашып жүргенде әйтеуір, бір елге жетіп, сол елдің бір байының үйіне жалданып қызметшілікке тұрған екен. Бұл жерде ол Тәуірбек деген бүркеншек атпен жүрді. Байдың Жүзтайлақ есімді әйелі «Құдайдың жалшыға да кең маңдай беруін қарашы» деп қасындағы әйелдерге Тәуірбектің келбетіне таңданысын жасырмай айтып отырады екен.

Жаз айларының бір күнінде байдың үйіне бір топ салт атты жолаушылар келіп түседі. Келген жолаушыларды бай киіз үйге енгізіп, қонақасы беріп жатады. Сыртта жүрген Тәуірбек бір кезде киіз үйдің ішінде даурығысып жатқан дауысқа құлақ түреді. Сөйтсе, олар «Антанта» деген сөздің мән-мағынасын ажырата алмай жатыр екен. Осы кезде ол үй ішіне бас сұғады да: «Мырзалар, рұқсат болса мен білгенімді айтып көрейінші» дейді.

— Иә, иә шырағым, рұқсат әрине, — деп даурығысқан мырзалардың ішінде төрде отырған бір адаммен қас-қағым сәтте Тәуірбектің көз жанары ұшырасып қалады. Төрдегі отырған адам ым қағып, сыртта кездесуге ишарат білдіреді.

«Антанта» сөзінің мән-мағынасына қаныққан мырзалар:

— Сен мұны қайдан біліп жүрсің? — деп сұрайды. Бұл сұраққа ол: -Ташкентте оқыған бір ағайым бар, содан естіп едім, — деп жауап қайырады.

Кешқұрым, манағы ым қағып, сыртта кездесуге ишарат білдірген адамымен ауыл шетінде, көл жағасындағы қамыс тасасында кездеседі. Қамыс жағасында қос бауырдай қауышқан достар — Міржақып Дулатов және жоғарыда біз айтқан Мұхамедсәлім Кәшімов еді. Міржақып Мұхамедсәлімге:

— Мына мөлдіреген көл, сылдыраған қамыс айтады, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жетер, қазір өте сақ болу керек. Сен осы Тәуірбек деген лақап атпен жүре бер. Мен саған осы есіммен анықтама жазып берейін, — дейді. Сөйтіп, Мұхамедсәлім Кәшімов қағаз жүзінде де Иманбеков Тәуірбек деген лақап атқа иеболады. Міржақып Дулатов сол кеште үй иесіне:

— Біз таңертең жүреміз, бізге ерттеулі ат пен бір адамның бастан аяқ қол орамалына дейін жаңа киімі керек, — деп ескертеді. Ертеңіне жолаушылар жүрер кезде бай Міржақыптың айтқанын бұлжытпай орындап қойған екен. Бұл киімнің бәрі Тәуірбекке арналғанын көрген бай:

— Шырағым-ай, алдында жөніңді айтпадың ба? Мені жерге кіргіздің ғой, енді не істейміз? Ұятты болдым ғой, — деп налиды. Мұхамедсәлім өткеннің оқасы жоқтығын айтып, онымен қимастықпен қоштасады.

Жолаушылар ұзақ жолда бір ауылға аялдамақшы болады. Тоқтаған ауыл адамдарының берекесі кетіп, екі аяқтарын бір етікке тыққандай абыржып жүр екен. Сөйтсе, біреулер бір ауқатты қарияның үйіндегі мал-мүлкін кәмпескелеп жатқан көрінеді. Осы жайды естіген жолаушылар бұл іске немқұрайлы қарамай, анық-қанығын білгілері келіп және осы жайдың шикілігін сезіп, тексеріп көрсе, олар үкімет адамдары емес қаңғырған қарақшылар болып шығады. Жолаушылар жапа шеккендердің мал-мүліктерін иелеріне қайтарып бергізеді. Сөйтіп, олар қариялардың алғысын алып жүріп кетеді. Осы сапарда Көкше өңірі Алашордасының басшысы Мұхамедсәлім Кәшімов Тәуірбек Иманбеков болып, Ташкентке келіп жетеді. Елде қуғын көрген оған жырақтағы Ташкенттің бір мектебіне мұғалім болып орналасуына халқымыздың аяулы перзенті Міржақып Дулатовтың септігі тиген екен.

Ташкентте ол біраз жылдар қызмет жасап, ел жақтағы туған-туысқандары да қарым-қатынас жасап, барып тұрған.

Бір күні мектепте оқушыларға сабақ беріп тұрған уақытта есікті біреу тықылдатады. Сыртқа шықса бір қазақ суретті көрсетіп, «мына кісіні танисыз ба?» дейді. Ол:

— Бұл Мұхамедсәлім Кәшімов, яғни, менмін, — дейді лажсыздан.

— Онда сіз бізбен бірге жүріңіз, — деп сол жерден алып кетеді. Осыдан кейін ол Қызылжардың абақтысында азап шегіп, бір жылдан соң көз жұмады.

Сол аумалы-төкпелі заманда «қалың елім — қазағым» деп көкірегі қарс айрылған арыстарымызға аспан алақандай, жер тебінгідей болып көрінген кезеңде бір-біріне демеу, сүйеу бола білген зиялы қауымның жоғарыда айтылған осындай өнегесінен бүгінгі ұрпақ — біздер де үйренсек артық болмас еді.

Міне, ХХ ғасыр басындағы қазақ ағартушысы Көкшеден шыққан журналист, Көкшетау Алашордасының бірінші басшысы, ақын, қажы М.Кәшімов қаламынан туған туындылардан бізге жеткені осы жиырма үш жасында балаларға арнап ақыл-өсиет жазған қаламгердің 1914 жылы, яғни, отыз жасында «Мұңлы Мәриямы» шыққан. Мұхамедсәлім 1935 жылы қайтыс болды. Бізді ойға қалдыратын жайт, 1914-1935 жыл аралығында оның қаламынан еш нәрсе шықпауы мүмкін еместігі. Оған дәлел соңғы жылдары табылған өлеңдері.

Деректерге қарағанда, ол қуғынға ерте ұшыраған. Алғаш ұсталғанда ақталып шығып, Ташкентке барып мұғалім болады. Бір жылға жуық түрмеде жатқан уақытында жолдасы Гүлсім Жанбатырқызын да тергеуге алып, бір айдай ол да қамауда болған. Кейін Гүлсім апамыз тар қапастан шыққан соң, сол Петропавлда бір қазақтың үйінде тұрып, абақтыға тамақ апарып тұрған екен.

Қорыта келгенде, кешегі алмағайып кезеңде халықтың басым бөлігі босқын болып, ел кезіп кетті. Кейіннен ашаршылыққа ұшырады. Зиялы қауым өкілдері қуғынға тап болып, халық жауы атанып, оққа ұшты.

Келешекте ХХ ғасыр басындағы солақай саясаттың зардабынан қазақ зиялылары тартқан тауқыметті одан әрі зерттеп, зерделей түссек, төл тарихымыздан әлі де мол мағлұмат аларымыз хақ.

Теңдік МҰҚЫШЕВ,
ардагер ұстаз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA