Елдегі атом өнеркәсібінің рөлі жыл санап артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Мәселен, Қазақстан табиғи уранның барланған қоры бойынша әлемде 2-ші орында тұр. Сондай-ақ уран өндіру саласында да жетекші орынға ие. Мәселен, әлемдегі әр үшінші ядролық реактор қазақстандық шикізатпен жұмыс істейді. Бүгінде елде уранның минералды ресурстары шамамен 89 мың тоннаға артқан. Сәйкесінше атом саласының мамандары да жеткілікті. Бүгінде әлем елдерінің көбі бейбіт атомның дамуына назар аудара бастады. Бұған себеп те көп. Жаһандық энергетикалық дағдарыс, экологияның нашарлауы, жер қойнауындағы көмірсутектер қорының сарқылып бара жатқаны тағы бар. Ал бұл тұста сала мамандары біздің елде атом энергетикасын қалыптастыруға алғышарттардың барын айтады. Демек Қазақстанда инженерлік дәстүр, уран өндіру және ядролық отын дайындау толық қалыптасқан. Салалық мамандар дайындау мәселесінде де кідіріс жоқ. Елдегі 7 ЖОО атом өнеркәсібі саласына мамандар оқытады. Білікті ғалымдардың бірқатары шетелдік атом өнеркәсібіне өз үлесін қосып жүр.
Нұрлан Амангелді, ЕҰУ ядролық физика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD:
— Жалпы біз энергетикалық тәуелсіз мемлекетке айналуымыз керек. Мәселен, қазір біздің оңтүстік облыстарға электр энергиясы жетпейді. Сондықтан біз АЭС дамытқан дұрыс деп ойлаймын. Бізде мамандар да мүмкіндіктер де бар. Бізде 4 жерде ядролық физика мамандарын дайындайды. Мысалы, қазір Түркияда Ақкөйде АЭС салынып жатыр. Сол жерде біздің мамандарымыз жұмыс істеп жатыр. МАГАТЭ ұйымында да біздің елдің ядролық физика мамандары жұмыс істеп жатыр.
Қазақстанда атом саласы тек бейбіт атом бағытында дамып отыр. Алайда уранның мол қорына ие бола тұра еліміздің энергетикалық жүйесі кейінгі жылдары тапшылықты сезіне бастады. Энергетика министрлігі өткен жылы 6 миллиард киловатт/сағатқа жуық электр энергиясының жетпегенін мәлімдеді. Министрліктің дерегіне сүйенсек, 2029 жылға қарай елдің энергия тұтынуы 20% артады. Ал елімізде энергия өндірудің 60%-і әлі күнге дейін көмір отынға тәуелді болып отыр.
Гүлмира Мұрсалова, ҚР Энергетика министрлігі департамент директорының орынбасары:
— Біз 2021 жылдан бастап дайын ядролық отын дайындайтын болдық. Бұл отын қазір Қытайдағы АЭС пайдаланып жатыр. Бұдан басқа да зерттеу жұмыстары бүкіл әлемге әйгілі. Мысалы, Курчатов қаламсында орналасқан реакторда бізге Жапониядан арнайы мамандар келіп, біздің реактор мамандарымен бірігіп, зерттеулер жасап нәтиже шығарды. Оны өз қауіпсіздік жүйесіне енгізбек.
Қазақстан 2022 жылы әлемдік нарықтағы уранның ең көп бөлігін өндірген ел қатарына енді. Яғни, әлемдік уран үлесінің 43%-і бізде өндірілді. Одан кейін Канада және Намибия елдері тұр. Ал дүниежүзіндегі табиғи уран қоры мол елдердің арасында алғашқы орындардан көріндік. «Сондықтан бейбіт атом энергиясын игеруде еліміздің әлеуеті орасан зор», – дейді мамандар.
Мейіржан Юсупов, ұлттық атом компаниясының басқарма төрағасы:
— Қазақстандағы ықтимал АЭС үшін жеткізілімдерге қатысты сұраққа жауап ретінде айтсақ, «Қазатомөнеркәсіпте» АЭС қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жеткілікті уран ресурстары бар. «Қазатомөнеркәсіп» отынмен қамтамасыз ете алатын атом электр стансыларының саны, уранды байыту деңгейі, реактордың түрі, реактордың қуаты және басқа да параметрлер сияқты көптеген техникалық факторға байланысты.
«Бүгінде Қазақстанда атом саласының кадрлық әлеуеті білімді мамандармен толыққан», – дейді сарапшылар. Мысалы, еліміздің осы саласында 20 мыңнан астам адам, оның ішінде негізгі өндірісте 15 мың адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ көптеген мамандар Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында жұмыс істейді. Бұл екі мекемеде ондаған жылдар бойы атом реакторлары табысты пайдаланылып келеді. Сондай-ақ ядролық энергетикалық қондырғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар атқарылып жатыр.