Тұрақтылық бар жерде ертеңге деген сенімнің туы биік, үміті зор болады. Халықтың ұйқысы тыныш, күлкісі күміс болғаны абзал ғой. Кейбі елдерді қарасақ, аспаны бұлтқа оранып, күндіз тұман, түнде бұлтты болып халықтың абыржыған еңсесі түскендігін көріп отырмыз. ХХІ ғасырдың өзіндік бағыты мен байламы басқа. Әлемдік дағдарыстың басталуы, тіпті кейбір елдерде ауыз судың тапшылығы, экономиканың әлсіреуі, халықтың жағдайының нашарлауы, айналып келгенде экономикалық тоқыраудан зардап шегіп отырған мемлекеттер бар.

Жан-жағымыздағы қырғи-қабақ соғыс, шекарының бекімеуінен қазіргі күні кейбір мемлекеттер бір-біріне қару кезеніп, адам шығыны болып жатады. Бұл көршіміз де аман болсын деген біздегі нәзік тілек қой. Ал қазақ даласы сонау ХХ ғасырдан бастап (тәубе!) соғыс көрген жоқ, баяғы ақ пен қызылдың арасындағы азамат соғысынан кейін халық әйтеуір бейбіт кезеңде өмір сүрді, бұны мойындауымыз керек. Колбиннің келуімен желтоқсандағы қазақ жастарының талап-тілегімен біраз дүмпу болып, қолымызға егемендік тиді. Жеке ел «елең-алаң таң» бозарып атып, қазақ «ақсарбас айтып» аяғын тәй-тәй басып еңселі ордалы мемлекет болды. Қазіргі күні кейбіреулер ортақ Отанымнан да баяғы советтік системамыз тыныш деп гөй-гөйлейді. Жоқ, олардың құзыретіне бас ұрып, жаппарқұл болып отырсақ, қазіргі қазақтың күйі не болатындығын бір құдайға ғана аян болатын еді.

Он тоғызыншы наурыз еліміз үшін саяси дода болып, біраз адамдар бағын сынады. Жалпы дерек бойынша осы жолғы аудандық, облыстық, Парламентке өте көп адам үміткер болған деген ақпарат шығып жатыр. Өз-өзін ұсынғандары бар, жекелеген, партияның атынан қатысқандар бар барлығы үміткер болып тіркелді.

Дүниеге келгенде ешкім қолына папкі ұстап келмеген болар. Баласы бәйгеге шапса, анасы тақымын қысады дейді халық даналығы. Осы жолы саяси бағытын өзгертіп, адамшылық мұратымен жұмыс істеп, бұқара халықтың сенімін ақтаймыз дегендер саяси додаға түскенде қазақстандықтар тақым қысты. Мұндайда сонау қатпарлы тарих қойнауында қалған бабалар жыры еске түседі.

Еліне тұлға болам деп,

Астана жұртын айналып,-демекші елдің жағдайын жасауға ат салысамыз деген қалаулылар Парламетке барды. Осы жолғы сайлауда баяғыда оппозиция болып пікірлерін ашық айтып жүрген азаматтар, айтары бар ақын да,спортшылар, мемлекеттік қызметте жүргендер, ауыл мәселесін көтеріп жүргендер, алаш қайраткерлерінің ізбасарлары Парламенттен орын алды.

Алтыннан тоқпақ соқтырса,

Күмістен қазық қақтырса.

Жібектен желі тарттырса.

Саяси сахна болып табылатын жаңадан құрылымданған Парламент алдағы уақытта халыққа керекті заңды шығарып, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажына көңіл аударады деген зор сенім мен үміт бар. Үмітсіз халық емеспіз. Елге керегі бірлік. Бірлігі басым елдің-тірлігі көркем болады. Әйтпесе соңғы кездері бір байқағанымыз ішімізден ірітіп, ішкі эмоциясын сыртқа шығарып, қазақ елінің тәуелсіздігін мойындағысы келмей отырғандарды да көріп жүрміз. Оң көзіңе сол көзің қарауыл болсын демекші тұрақтылықты сақтап, ішімізден ірімей, жарақтыға ермей, елдігімізді нығайту керек. Сенатты жаңартты, Парламентті жаңартты, ауыс-түйіс болып жатыр.  

Жаңа Қазақстанның болашағы тұғырлы болсын! Кілем төсеп астына, салтанатты қазақтың жұлдызы жансын! Шашу оңай, жинау қиын деген, саяси додада бағы жанғандар халыққа адал қызмет атқарады деген үміт зор. Сол үміт орта жолда қалмаса екен деймін.

 Жеңіс Оспанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA