Оқып қал, Әй балалар, жас шағыңда,

Оқуға уақыт кеңдік бар шағыңда,

Ендігі заманға оқу керек

Оқусыз өнер сатқан адам бар ма?

Пайғамбар хақ, алланың бір біліңіз.

Орысша, мұсылманша тіл біліңіз.

Қазіргі күнімізге қарағанда,

Қазақта еш жарықсыз түн біліңіз, —

                                                                                  Мұхаметсәлім Кәшімов

Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімов (1884, Ақмола облысы, Көкшетау уезі, Қотыркөл — 1935 ж.) болысында туған  журналист, ақын. Жас кезінде әкесінен, кейін молдадан оқып, хат таныған. Әкесіне еріп Меккеге қажылыққа барып, «Бала қажы» атанған. Ол — бірнеше тәлім-тәрбиелік еңбектердің авторы. «Әдеп» (1907), «Сабақ» (1907), «Насихат қазақия» (1908), «Ақыл кітабы» (1908), т.б. еңбектерінде қазақ балаларына оқу-білім, тәлім-тәрбие, тазалық, мәдениет мәселелері төңірегінде ақыл-кеңес, өнегелі тағлымдар ұсынады. Ол шәкірт тәрбиесін ұлттық салт-дәстүрге негіздей жүргізуді, мұны имандылық пен адамгершіліктің сан-алуан көріністерімен ұштастырып отыруды уағыздайды. Оқытудың тәрбиелік жағына үлкен мән береді.

Алаш қайраткері, ақын, педагог, ағартушы, «Айқап» журналының арнайы тілшісі болған Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімовтың өмір жолы мен шығармашылығын, мұрасын таныстыру және насихаттау, жас ұрпаққа Алаш қайраткерлерін таныту, рухани тәрбие беру мақсатында орталық аудандық кітапханада «Алаш ардақтысы — Мұхаметсәлім Кәшімов» атты еске алу кеші өтті. Іс-шараға ұрпақтары, жиен немересі, педагог, аға оқытушы, қазіргі таңда зейнеткер Т. Мұқышева, Ә. Ізбасова, Жаңаталап ауылының тұрғыны ақсақал туысы Сағымбай Ахметұлы қатысты.

Іс-шара барысында Алаш қайраткерінің ғылыми еңбектерін зерттеп, жазып жүрген немересі Т. Мұқышева өмір жолымен, жақынырақ таныстырып, деректі видео ұсынды. Немересі Ә. Ізбасова атасы туралы естелігімен бөлісті.

«Бурабай» газетінің редакторы Ж. Оспанов «Қазақтың елдігін көксеген ер — Алаш қайраткері Мұхаметсәлім Кәшімов», Тілдерді оқыту орталығының директоры Ж. Махметова «Ұрпақ жадын түлеткен Мұхамедсәлім Кәшімовтің ағартушылық қызметі», №7 мектеп-лицейінің тарих мұғалімі Д. Сарсекеева «Мұхамедсәлім Кәшімовтің «Айқап» журналындағы қызмет жолы», №9 мектеп-гимназия тарих мұғалімі С. Нұрдыбекұлы «Мұхаметсәлім Кәшімов — ақын, журналист» тақырыптарына баяндамалар жасады. Алаш ардақтысы Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімовтің өмірбаянына тоқталып, Мұхаметсәлім Кәшімов туралы 10 дерек видеосы ұсынылды.

Кітапханашы Қ.А.Бөкенова «Алаш ардақтысы — Мұхаметсәлім Кәшімов» атты кітап көрмесіне шолу жасады. «Айтарым бар» жастар клубы, студенттер өз пікірлерін білдірді.

Еске алу кешінің қорытындысы

Ұсыныстар мен пікірлер:

1. Бурабай ОКЖ-нің директоры Н. Рамазанова Алаш қайраткері Мұхаметсәлім Кәшімовтің мұрасын кеңінен насихаттау жұмысы жасалуы керектігін, ОКЖ кітапханаларының жұмыс жоспарына Мұхаметсәлім Кәшімовтің шығармашылығын дәріптеу бойынша арнайы жоспар құрылып, әр кітапханада іс-шаралар өтетіндігін айтып өтті.

2. Мұхаметсәлім Әбдірахманұлы Кәшімовтің ұрпағы, жиен немересі, педагог, аға оқытушы Т. Мұқышева қайраткердің мұрасы әлі толық зерттелмегенін, кітаптарын басып шығару, аудару керектігін және ұлы тұлғаның есімін ұлықтау қажет екендігіне, Мұхаметсәлім Кәшімовтің туған өлкесі Бурабай ауданында оның атында мектеп, көше атауы жоқтығына тоқталып, ол жұмыс қолға алынса нұр үстіне нұр болатынына тоқталып өтті.

3. Бурабай» газетінің редакторы Ж. Оспанов Алаш қайраткерін Бурабай өңірінде әлі дұрыс білмейтіндігін, насихаттау жұмысы жоқ екендігін, елеусіз қалып жатқандығы туралы және Мұхаметсәлім Кәшімовтің атына мектептің атын беруді ұсынды.

4. Тілдерді оқыту орталығының директоры Ж. Махметова орталықтың оқу-әдістемелік кеңесінің отырысында «Көкшетау өңірінің белгілі адамдары» бойынша жұмыс жоспарына Мұхаметсәлім Кәшімовті енгізіп, тыңдаушыларға насихаттау жұмысын жасайтыны туралы айтып өтті. Әдістемелік-библиографиялық бөлім

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA