Он жылға созылған соғыстың қасірет қайғысын бүгінгі бейбіт заманда өмір сүріп жатқан ауған соғысының ардагерлері де, осы соғысқа ұлдарын жіберген аналар да ұмытпайды. Он жыл бойы қаншама азаматты жалмаған бұл соғыс жайлы ойлаудың өзі қорқынышты. Қазақстаннан Ауған соғысына 22000 адам қатысып, олардың 761-і қаза тапты. 21 адам хабарсыз кетті. Бүгінгі таңда Қазақ елінде 10000-ға жуық ауған ардагерлері бар. Олардың 3000-дайы мүгедектер қатарда екендігін біреу білсе, біреу білмес. Алып державаның сойқан соғысында кеткен боздақтардың ерлігін елі ұмытпайды.

Биылғы жылы ауған соғысының аяқталғанына 34 жыл толып отыр. Бұл күн әрине мереке емес, қаралы күн, қасіретті күн екендігі барлығымызға мәлім. Осыған орай Щучинск қаласының Ауған соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішінің алдында, ауданымызға қарасты ауған соғыс ардагерлері, аудан басшылары жиналып митинг өткізді. Осы алапат қырғында шейіт кеткен боздақтарды бір минуттық үнсіздікпен еске алып, боздақтардың рухына арналып ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Сонымен қатар Щучинск қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы әскери колледжде ауған соғыс ардагерлерінің құрметіне арналған мерекелік концерт жалғасын тапты. Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев жиында сөз алып, от пен оқтың ортасынан аман-есен елге оралған ардагерлерді мерекелерімен құттықтады.

 «Бурабай-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA