Дәрігер болу ерекше жауапкершілікті талап ететін мамандық. Мұнда адам тағдыры, оның өміріне жауаптылық тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Өмірін адам жанының арашасысы болу жолына арнаған, осы салада жемісті еңбек етіп, ел алғысына бөленіп жүрген азаматтардың бірі Самалхан Қабдолла ұлының өнегелі істері жайлы бір-екі ауыз жылы лебіз білдіргенді жөн көрдік.

Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген, саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнап, «Денсаулық – зор байлық» деген ұстанымына берік, зейнет жасына жетсе де емдеу саласында ауыз толтырып айтарлықтай қомақты еңбек етіп жүрген Самалхан Қабдолла ұлы Қытай Халық Республикасында 1947 жылы дүние есігін ашқан екен. Өзі туған ауылынды қазақ орта мектебін ойдағыдай аяқтап, дәрігерлік мамандықты таңдаған Самалхан медицина оқу орнына түсіп, осы жоғарғы оқу орнын жақсы деген бағамен аяқтап, диплом алып, дәрігер атанды. Сол Қытай жерінде аудандық ауруханада терапевт дәрігер болып 40 жылға жуық қызмет атқарды. Бәйбішесі Томай екеуі төрт бала өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды, немере сүйіп, ата-әже атанып отыр. Балаларының бәрі де жоғары білімді маман. Әр салада қызмет атқарады. Немерелерінің алды студент, жасы кішілері мектеп оқушылары.

Қазақ халқының тарихындағы ащы қасіретАқтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама. Осы Ел басына күн туған аса қайғылы кезең 1723 жылдың көктемінде жайлауға көшуге қамданып, бейқам жатқан қазақ еліне жоңғардың қалың қолы тұтқиылдан шабуыл жасады. Жоңғар қалмақтары әрқайсысы 10 мың жауынгері бар 7 қолмен қазақ елін шауып, қолбасшы Қалдан Серен Балқаш, Қаратау бағытымен жылжып Алтай асып, қонтайшы Құлан Батур Көктал өзені бойымен өрледі, Әмірсана Нұра өңірін қанға батырып, Доржы Шелек өзені, Лама Доржы Есік көлі маңын, Дода Доржы Шу өңірін таптап, Севан Рабдан тоқтаусыз Іледен өтіп қарудың күшімен, найзаның ұшымен қазақ жерлерін иемденді. Қазақ халқы жауға төтеп бере алмай, әр тарапқа босып кетті, сөйтіп жан сақтады. Осы аласапыран кезеңде Самалхан Қадоллаұлының бабалары да жаудан қашып, Қытай тарапынан пана іздеген екен. Сөйтіп, сол елде ұзақ уақыт тұрақтап қалып, өсіп- өніп ұрпақ өсіріп, еңбек етіп күн көрді. Бірақ, ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар жер бетінде Қазақ елінің бар екенін, сол жер, сол ел бабалар отаны екенін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп тапсырып, заманы туғанда ата жұртқа оралу қажеттілігін өскелең ұрпақ санасына құя берді, құя берді…

Міне, сол ата жұрт, Қазақ елі тәуелсіздік алды, егемен ел болды. Мұны естігенде шекара асқан бауырлардың қуанышы көз жасы боп төгілді. Енді Қазақияға қайту, ата жұртқа оралуға болатынын білген Самалхан осы мүмкіндікті пайдаланып, 2006 жылы отбасымен бабалар жұртына, елге оралды. Ел шетіне келген отандастар ата жұрттың ауасын жұтып, сағынышын басқан соң, мұндағы жағдайға, тұрмыс тауқыметіне төселіп, күн көріс қамын жасауға кірісті. Зейнеткер жасына енді ғана іліккен Самалхан өзінің сүйікті ісі-мамандығы бойынша қызмет істеп, жергілікті тұрғындарды емдеу ісіне аралассам деген тілегін жергілікті билік өкілдеріне жеткізді. Алғашында бір шағын бөлме бөлініп, сырқат адамдарды сонда қабылдау мүмкіндігі туды. Кейін, өзі үй сатып алып, оның төменгі қабатында емхана ашты.

– Қытайда ауылдық жерде де, аудандық жерде де тұрдық. Ауылдың учаскелік ауруханасында дәрігер боп жұмыс істедім. Ол жерде жоғары білімді дәрігерлер саусақпен санарлықтай еді. Маман тапшы болғандықтан бір өзім терапевттің де, хирургтің де, лор, тіс дәрігерінің де, акушер-гинекологтың да қызметтерін қатар атқара беретінмін,-деп сонау бір артта қалған жылдарды есіне алады ағамыз. Осылай Самалхан Қабдолла ұлы тұрғындардың сүйікті дәрігері атанады.

Қаншама сырқат жандар Самалхан ағаның алдына келіп дертіне шипа тауып жатқанын естіп жүрміз. Мұнда кәрі де, жас та келіп емделіп, науқасына ем тауып, алтын қолды шипагерге шексіз алғысын білдіріп жатады. Самалхан Қабдолла ұлының адам емдеу ісіндегі еңбегі елеусіз де емес. «Ең бастысы, халықтың алғысына ие болсақ, соның өзі мен үшін үлкен марапат»-дейді ол. Қандай атаққа ие болса да, ең бастысы халықтың берген батасы мен алғысына жетпейтіні шындық. Облыс, аудан басшылығынан алған Алғыс хаттары да бар. Ел алғысына бөленген жан бақытты болатыны сөзсіз.

Республикамыздың әр өңірінен қолы шипалы дәрігерді арнайы іздеп келіп, сырқаттарынан сауығып кеткен науқастар саны да жеткілікті. Мамандығын, халық емімен тиімді ұштастыра білген ақ халатты абзал жанды жұртшылық «қолы алтын дәрігер» деп атайды екен. Тағдырдың тауқыметінен енді құтыла алмаспын деп үміті үзілуге жақындаған жандардың өзін емдеп, сырқатынан айықтырып жазып жүрген шипагер Самалхан ағамыз антына адал, абыройлы жан. Ағамызға жақсылық тілеп, ең бастысы халықтың риза көңілінен шыққан алғысына бөлене беріңіз дегіміз келеді. Абырой-беделіңіз арта берсін, Адам жанының арашашысы! Дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек.

Ө. Бейсенов,

«Бурабай» газетінің директоры

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA