Щучинск қаласының Жоғары техникалық колледжінде, Бурабай аудандық Мәдениет үйінің және аудандық Жастар ресурстарының мұрындық болуымен «Бурабай аруы-2024» сайысы болып өтті. Сайысқа сегіз бұрымды қатысты. Иә, сайыс болған соң бап пен бақ қатар шабады. Сахнаға шыққан әрбір бақ сынаушының бойында қазақ қызына тән ұяңдық, қазақ қызына тән парасаттылық пен білімділік керек. Әу баста қазақ қызын қырық үйден тиым жасап, қырық жерден қарауыл қойып тәрбие берген. Заман ырғағымен кейбірлеулер «қазіргі жастардың психологиялық тұрғыдан мінезі өзгеріп кетті» деп дабыл қағып кереғар пікірлерін айтып жазып жатады. Жоқ, қоғамның негізгі құраушысы адам болған соң, елдің ішінде түрлі мінезді адам болуы керек. Жарайды, негізгі тақырыбымызға қайта оралайық. Сегіз аруымыз сахнаға көтерілгенде бойларына жарасқан ұлттық киімнің ерекшелігі көрерменді тәнті етіп, жиналғандар шапалақ ұрып, шабыт бергендей болды. Иә, жалпы алдымызда көңілге нұр сыйлайтын көктем мерекесі келе жатыр. Әрбір қазақтың баласы Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ұлттық киімді киіп жүрсе, қазақтың азаттығын, еркіндігін айқындап көрсетіп тұратын еді. Бірақ, ол үшін әрине бастама қажет.
Алдымен таныстыру. Таныстыруда өзінің шыққан тегін, руын, ата-анасы жайлы айту керек. Сахна мәдениеті басқа, өмір сахнасы басқа. Кейбір аруларымыз өзінің таныстыру мәтінің жаттамай қағазға қарап оқыды. Әрине сайыстың шарты бойынша жаттағаны абзал еді. Бірақ келер жолы бұны ескерер деп айтып отырмыз. Келесі шарт ол ұлттық тағамдарды насихаттау, көшпенді ғұмыр кешкен қазақ халқының асына жетер дүниеде тағам аз шығар! Құдай біздің аруларымыз қазақтың бауырсағын, сары май мен жент, қоспасын, тіпті айран қымызына дейін насихаттап көпшіліктің алдында сөйлегенде, шынымен-ақ ұлттық бай дүниеміз уақыт көшінен қалып қоймай, жаңарып жатыр екен.
Сәмбі талдай иілген, бойында бір міні жоқ аруларымыз өнерден де құр алақан емес екендіктерін көрсетіп, көрерменнің көзайымына айналды. Иә, әділ қазылар алқасы сайысты қортындылай келе І-орынды Д. Жақсылықоваға, ІІ-орынды С.Сумбаеваға, ІІІ-орынды Д. Зенкеубаеваға табыстаса. «Көрікті ару» номинациясы бойынша Л. Жетпісбаева, «Ажарлы ару» номинациясы бойынша С. Турлубекова, «Кербез сұлу» номинациясы А. Габдулина, «Сымбатты ару» Г. Айтмағанбетоваларға табыс етілді. Өз қатарласынан өнерімен, өлеңімен оқ бойы озып көпшіліктің көңілінен шыққан 9 мектеп-гимназиясының мұғалімі Алтынай Комиева Бас жүлденің иегері атанды. Жиын соңында сайыс мерекелік концертке ұласып, көпшілік естелік суретке түсті.
Ж. Оспанов