Еліміз тәуелсіздік алып енді-енді еңсесін көтеріп жатқан мезгіл. Ол кездегі жастардың бойында Отанға деген ыстық ықыласы, махаббаты зор еді. Иә, Ұрымқай ауылдық округіне қарасты Ынталы ауылының азаматы Ербол Бекебаев, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып кете барды. От пен оқтың ортасында қыршын жастың ғұмыры қиылатындығын қайдан білсін.

Ербол Бекебаев жас кезінен спортқа бейім, елгезек, өте мейірімді болып өсті. 1997 жыл 7 сәуір Тәжік-Ауған шекарасына барған қазақстандық КАЗБАТ-қа аяқ астынан ауғанстандық маждохеттер шабуыл жасайды. Түні бойы ысылдап атылған автомат оғына қазақстандық жауынгерлер қарымта жауап беріп, қарсыласып бағады. Бірақ мұздай қаруланып келген ашкөз жау КАЗБАТ жауынгерлерінің он жетісін бірдей қыршынынан қиып екі жақ жан алысып, жан берісіп ақыры лаңкестердің көздері жойылады. Бұл қанды қақтығыста жерлесіміз Ербол Бекебаев ерлікпен қаза тауып, туған жеріне табытпен оралады. Қазіргі күні батыр азаматтың анасы Жанат Бекебаева Щучинск қаласында тұрып жатыр.

Өткен аптада Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Бегахмет Махметов, Тәжік-Ауған шекарасының ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбек Шалмұқанов пен Болатбек Рысмағанбетов, батырдың анасына барып сол бір сұрапыл күнді еске алып, хал-жайымен танысып шықты.

— Тағдырдың салған ісі шығар,-деп бастады әңгімесін Жанат апай. Құдай-ау, дүниеде соғыс болмасын-шы! Экраннан соғыс жайлы кино т.б. бір ақпарат болып жатса төбе шашым тік тұрып қорқамын. Бұлар «кімнің жалғызын жалмады екен» деп үрейленіп отырам. Балам әскерге кеткенде «жүрегіме қорқыныш ұялады» шынымды айтсам. Бекер-ақ, әскерге жібердім бе деген көкейімде сұрақ тұрды. Өйткені, ана жүрегі бәрін сезіп, түйсік алдамайды ғой… Ерболымнан ылғи хат кеп тұрады. Ол кезде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Дін аман «борышымды аман-есен өтеп жүрмін, үйге қайтамын бұйыртса…» дейтін. Әжептәуір болып әзірленіп той қамына кірісіп білек сыбанып жүргем. Ол кезде отағасы тірі… Таңғы шайымызды алдымызға алып жатқанымыз мұң еді. Біздің үйге қарай ызғытып келе жатқан көліктерді көрдік терезеден. Ылғи әскери киім киген формалы азаматтар. Үйге кірді. Ерболым келіп қалды ма деп дәмеленіп қарай бердім. Бірақ шынымды айтсам… Уһ! Ешқандай жүрегімде қорқыныш болмады. Үлкен әскери шенді азамат:

— Берік болыңыз, балаңыз Ербол Отан алдындағы борышын өтеп жүріп лаңкестердің қолынан қаза тапты,- дегенде төбемнен жайдың оғы түскендей сілейдім де қалдым.

Үміт артып отырған ұлымның лаңкестердің қолынан қаза тапқаны күні бүгінге дейін жаныма батып, жүрегімді ауыртады. Кімге барып, кімге мұң шағайын!? Құдайдың ісі шығар? Сосын мәйітті алып келді. Жерледік. Ауылдың зиратына ,-дейді әз ана күрсініп.

Жерлесіміздің лаңкестердің қолынан қаза тапқанына да жиырма жеті жыл уақыт өтіпті. Жылыстап бара жатқан қайран уақыт. Дүниеде мейірімділік мәңгілік болып соғыс болмаса, тек бейбітшілік болса, аналар әсте жыламас еді. Батырдың анасы келген меймандарға алғысын айтып, батасын берді. Ерлерін ұмытпаған ел бақытты. Иә, Ербол Бекебаевтың есімі ел жадында мәңгілік қала береді.

«Бурабай-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA