Қаланың тазалығы, табиғаттың амандығы

Өткен сенбіде Щучинск қаласының орталығында таңертең ерте жергілікті тұрғындар жиналды. Иә, таңғы қарбалас. Бұл кісілер «неге ертелетіп жиналып жатыр?» деп ойламаңыз. Жергілікті тұрғындар сенбілікке шықты. Президент өткен үлкен ауқымды отырыста: «Елдің ішінде кірген қарғын судың бетін әрі бұрдық, бұның барлығы экологиямызға аса қатты мән бермегендіктен болуы ықтимал, сондықтан да бәріміз жаппай сенбілікке шығуымыз керек»,-деп басымдылықпен айтты. Бас шаһарда Президенттің өзі шығып қаланы аралады, халықпен кездесті, жүздесті.

Тоғыз жолдың торабында тұрған Бурабай өңірі қасиетті, киелі мекен ғой. Көктемнің лебі есіп, қыр гүлдеп, қырмызы бой көтеріп, жер көгеріп жатқан тұс. Оның үстіне биылғы қаңтарда басталған қар, ақпанның аяғына дейін ұзағынан жауды. Әйтеуір лезде еріді. Күн құрғады. Табиғат түледі.

Сенбілікке шыққандарды аудан әкімі Арай Садыков істеріне сәттілік тілеп, бұның барлығы қаламыздың таза болуына жасалып жатқан игі бастама екендігін баса айтты.

Жалғыз аудан орталығы ғана емес, ауыл, кент тұрғындары да сенбілікке шығып, бір үйдің баласындай боп, жұмыла көтерілген жүк жеңіл демекші, көшедегі ағаштардың түптерін ақтап, сай-салаға жиналған қоқыстарды тазалап, ретке келтірді. Бұл сенбілікке мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік мекеме қызметкерлері, дәрігерлер, ұстаздар мен студенттер де үлес қосты.

Қала бәрімізге ортақ, әрбір ауланың, әрбір өсіп тұрған ағаштың барлығына Біз бен Сіз жауаптымыз. Жауапкершілікті бірлесіп көтеріп, осындай игілікті істерге үлес қосқанымыз абзал-ау!..

Айтпақшы қаншама жылдан бері өсіп тұрған ағаштар «ебедейсіз» болып көшенің сәнін кетіріп тұр еді. Өткен аптадан бастап сол ағаштар оталып, ретке келтіріліп жатыр. Демек, қаламызда қайнаған тіршіліктің бастамасы басталды. Енді іске сәт болғай!

 «Бурабай-ақпарат»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA