Сан ғасырлық тарихы бар Бурабай өлкесі қазақтың құтты мекенінің бірі. Мың бұлағы сылдырлап ағып, сексен көлі тербетіліп, толқыны жағаны сүйіп жатқан қасиетті Бурабайдың таза ауасы, баяу соққан самалы дертке дауа, жүрекке шипа ғой.

Өткен сенбі күні Бурабай ауданының барлық тұрғындары бір адамдай жұмылып, ұлағатты іске белсене кірісті. «Ұлағатты» деп отырғанымыз, мұндай игілікті іс-шара бұрын-соңды болмаған еді. Өйткені, жазғы маусымда жан-жақтан ағылатын мыңдаған туристердің басты бағыты, дем алатын, ем алатын орны ол-Бурабай, Бурабайдың көлінің жағасы. Иә, «бабын тапсаң-байлық жерде, береке, салтанат елде» демекші, қасиетті жеріміздің экологиялық жағдайына сіз бен сіз — бәріміз жауаптымыз. Жауапкершілікті бір адамдай түсінгеніміз абзал!..

Бурабай ауданының әкімі алқалы ел болып жиналып, туған жердің әрбір бұлағын тазалаймыз деген белсенді азаматтар мен азаматшаларға өзінің жүрек жарды ақ тілегін бөлісті.

Бұл игілікті бастамаға мемлекеттік қызметкерлер, бюджет саласының қызметкерлері, студенттер мен еріктілер, аудандық мәслихат депутаттары барлығы бір адамдай ат салысты. Көшеттер отырғызды. Бұл көшеттер бірер жылда жапырағы қамқадай болып жайқалып өсіп, аялы да, саялы ағаш боп жетілетіндігіне кәміл сенімдіміз. Орман көп болса-олжаң көп дегенді қазірден бастап жас өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, әрбір талға мейірімділікпен қарау керектігін ескертіп айтып отырғанымыз абзал да шығар!..

Сулы өңір болғандықтан, қазіргі таңда Бурабайдың орманына кіріп аралай қалсаңыз, мыңдаған бұлақ көзі бар. Бұлақ тіршілік көзі. Бұлақ басынан тұнады демекші, осы бұлақтардың көпшілігіне көңіл бөлмегендіктен «көздері» жабылып жатқандығын да естіп жатамыз. Бұның барлығы елдің ертеңгі байлығы.

Өйткені, Әлемде құрғақшылық болуы мүмкін деген қорқынышты болжам бар. Қазірдің өзінде Үкімет су тапшылығын болдырмау жөнінде арнайы жұмыстар атқарып, болашаққа деген нық сенімді жоспарды бекітіп жатыр. Сондықтан, Бурабай төңірегіндегі бұлақтардың көзін ашу күн тәртібіне қойғандығымыз дұрыс та шығар.

«Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясына белсене қатысқандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қоршаған ортаның таза болуы бәрімізге жақсы ғой.

Айтпақшы бұл акцияға ауданымызға қарасты барлық елді-мекендер қатысқандығын еске саламыз.

 Ж. Оспанов

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA