Ұстаздар отбасы
Іргесі кең, суы мол, ауасы тамаша Бурабай кентіндегі Ысқақовтар отбасын елдің көпшілігі жақсы біледі. Серікжан Ысқақов пен құдай қосқан бәйбішесі екеуі осыдан он шақты жыл бұрын, Абылай алаңында «Қымызхана» ұстап, Бурабайдың төңірегіне ат басын бұрған туристердің талайы келіп Қымызханадан дәм татты. Иә, бұл Қымызхананы ұстап тұрған Серікжан Ысқақов пен Сара Кәкенқызы еді.
Одан бері де қаншама уақыт өтті. Өткенде отағасымен хабарласып хал-жағдайларын сұрастық, Отбасы күні мерекесі жайлы айтып, сұхбат беруін өтіндік.
— Мұндай мерекенің бар екендігін естігенбіз. Қазір жақсы-жақсы атаулы күндер шығып жатыр «Аналар мерекесі» деп өткенде дүниеден өткен аналарымызды еске алып со-нау алпыс қырдың ар жағында қалған беймарал, балалық шаққа ойша бір қияндап келдік. Отбасы мерекесі жайлы не айтуға болады.
Қазіргі жастарға кейде көңілін толмайды. Бүгін бас құрап, ертеңіне шаңырағының шаттығын бұзып жолайырығында тұрып жатады. Дұрыс емес бұл!.. Біз талай қиындықты бастан кешірдік. Соның бірі 1990 жылдары еді. Еліміз тәуелсіздігін алып жатқан тұста Сара екеуміз жоғары оқу орнын бітіріп, Бурабайға ағартушылық саласына қызметке келдік.
Нағыз қиын кезең мен де мұғаліммін. Сара да жас маман. Мен болсам Балаларды оңалту орталығына қызметке тұрдым. Сара С. Сейфуллин атындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиет пәнінен мұғалім болды. Нағыз бір өлара шақ. Дүкендердің сөрелері қаңырап, жұрт жамырап, жұмыссыздық басталып, тоқырап қалған тұста шаңырақ көтердік. Өлген жоқпыз. Тырысып бақтық. Қиындықты жеңіп, жетістікке жеткен болдық!
Міне бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірдік. Ұлымыз әлі шаңырақ көтерген жоқ, шағын бизнесі бар, соны дөңгелетіп жүр. Қызым тұрмыста. Екі баланың анасы. Тәубе!
Өмір атты ұлы көштің соңынан ақырын аяңдап жүріп, міне келер жылы зейнеткерлік жасқа да таяп қалыппыз. Зыр етіп өте шыққан уақытта іркілу жоқ ә?
Қазақтың саны көбейсе, үрімі өссе деп отырам. Өйткені, ұлан-ғайыр даланың иесі де, киесі де қазақ қой. Қазір демографиялық құндылыққа жастар аса қатты мән бермейді. Баяғыда заманның қытымыр, заңның қатқылдау уақытында аналарымыз өмірге ең азы алты, жеті баланы әкелетін. Жастар алды-артын қарап, жай-жапсарын жасап ап, бірақ шаңырақ көтереді. Бір жағынан бұл да дұрыс шығар. Бірақ, қазақтың саны көбейсе, ертең ел мен жердің иесі де, егесі де жас ұрпақ қой.
«Отбасы күні» құтты болсын! Отан — отбасынан басталады дегенді ұмытпағанымыз абзал, әрбір отбасыға амандық, жақсылық пен игілік тілеймін,-дейді Серікжан Ысқақов.
Жеңіс Оспанов