( 31 мамыр — саяси қуғын-сүргін және ашаршылық
құрбандарын еске алу күні )
«Тарихыңды таны» жобасы жұмысы аясында Бурабай ОКЖ ұжымы АЛЖИР МЕМОРИАЛДЫ-МҰРАЖАЙ кешеніне саяхат жасады. «Қасірет қақпасы» монументінің алаңында саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына тағзым еттік.
«АЛЖИР» Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалдық кешені Астанадан 30 шақырымдай жерде, қазіргі Ақмола облысы Целиноград ауданының Ақмол ауылында орналасқан. Бұл мұражай 37-38 жылдары 58-бап бойынша, «халық жауы» ретінде ату жазасына кесіліп, жазықсыз атылып кеткен арыстарымыздың анасы, апасы, әжесі, үш жасқа дейінгі балалары мен әйелдеріне арнап құрылған еңбек лагерінің қасіретті жылдардағы тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Лагерь тұтқындар арасында «АЛЖИР», «Отанын сатқандардың Ақмола лагері» аталып кеткен.
Алжир мұражайының кіреберісінде «Қасірет қақпасы» монументі орналасқан. Биіктігі — 18 метр, ені — 8-9 метрдей болады. Бұл жерді тірілер мен қайтыс болғандар кездесетін орын деп атап кеткен. Монумент ақ және қара түстен салынды. Қара түс — ерлердің дулығасын, ақ түс — әйелдердің ақ жаулығын білдіреді.
Мұражай қызметкерлерінен рұқсат алып, ғимараттың ішін аралауға кірістік. «АЛЖИР» мұражайы 2007 жылы 31 мамыр күні ашылған. Мұражай екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаттағы «Алаш» залы Қазақстан тарихына арналған.
Лагерьге әйелдердің алғашқы легі 1938 жылғы 6 қаңтар күні жеткен. 70-ке жуық әйелмен бірге 30 сәби де келген. Оларды Ақмолаға жеткізу үшін Одесса қаласында арнайы қызыл вагондар жасап шығарған. Вагондар тұтқындар арасында «сталинский вагон», «теплушка» деп аталып кеткен. 20 адамға шақталып жасалғанымен, репрессия жылдары бір вагонға 70-80-дей әйелді тоғытып, Ресейден Ақмолаға аттандырып отырған.
Қазір мұражайда тұрған мына вагон — түпнұсқа вагондардың бірі. Оны мұражайға 2013 жылы реставрация жасатып, Атбасар қаласынан әкелген.
Монумент күйеуі мен балаларын жоқтап қайғырған әйелді бейнелейді. Бұл жердің жазылмаған заңы — қақпадан өткенде бас ию. Осылайша қуғын-сүргін жылдары мерт болғандар рухына тағзым еткендей боласың. Монументтегі ақ пен қара түстер тегіннен таңдалмаған секілді. Қара түс әйелдің жан-дүниесіндегі орны толмас қайғыны, шерді көрсетсе, ақ түс келер күнге деген үміттің белгісіндей әсер берді.
«Түңілу мен әлсіздік» композициясы шарасыздықтан тағдырдың салғанына мойынсұнған, бостандыққа шығудан күдері үзілген ер адамды бейнелеп тұр.
Ал «Күрес пен үміт» композициясындағы алысқа көз салып отырған әйел бейнесінен келер күнге деген үмітті көрдік. Бір-біріне қарама-қарсы орнатылған екі композициядан ер мен әйел табиғатынан көп дүниені аңғаруға болатындай.
Мұражай екі қабаттан тұрады. Бірінші қабаттағы «Алаш» залы Қазақстан тарихына арналған. «Алаш» залында Алаш қайраткерлерінің фотолары, еңбектері мен тарихи құжаттар қойылған.
Екінші қабат лагерь тарихына арналған. «АЛЖИР-дегі» тергеудің ең жеңіл түрі үстелге аяқты жерге тигізбей отырғызып қою болған. Қозғалмай отырған әйелдер шыдамай есінен танып құлап қалады екен.
Мұнда этаппен 20 мыңнан астам әйел келген, ал 8 мыңнан астам әйел «АЛЖИРде» «қоңыраудан-қоңырауға» дейінгі мерзімде отырып шыққан. Олар үшін ең қорқынышты бөлме тергеу бөлмесі болғанн. Ол бөлмеде әйелдерден жауап алған, қинаған, қорлаған, ұрып-соққан.
Мұнда отырған әйелдер қамыс орып, барақ салумен, жеміс-жидек өсірумен, мал шаруашылығымен, тігінмен айналысқан. Мал шаруашылығы жақсы дамығанымен, малдың етін тікелей этаппен Ресейдегі ГУЛАГ-қа жіберіп отырған. Ал әйелдерге малдың басы мен сирағын ғана қалдырған. Соның өзінде күніне 400 гр нан мен екі уақыт ыстық тамақ ретінде суда пісірілген сұйық ботқа берген.
Көлдің арғы бетінде қазақ ауылы болған, қазір ол Жаңажол деп аталады. Міне, осы ауыл тұрғындары репрессия жылдары аш құрсақ жүрген әйелдерді аяп, аз да болса көмек ретінде қамыстың арасына етін, сүтін, қаймақ, бауырсағын тығып кететін көрінеді. Қамыс шауып жүрген әйелдер сол тағамдарды тауып алып, талғажау еткен.
Әйелдер шамның жарығымен күн демей, түн демей, киім-кешек тігіп, соғыс жылдары майданға жіберіп отырған.
Кейіннен ол «АЛЖИР» — халық жаулары әйелдерінің Ақмола лагері. «АЛЖИРде» репрессия құрбандарының әйелдері, аналары, қыздары азап шекті.
1937 жылдың желтоқсан айында «АЛЖИР» лагерінің іргетасы қаланып, бір жылдан кейін онда халық жауы атанған азаматтардың әйелдері әкелінген. 8-15 мыңдай тұтқын әйелдің гүл өмірі көктей солып, көбі осында бақиға аттаныпты.
Дүниенің түкпір-түкпірінен айдалған әйелдердің арасында небір дарын иелері болған. Ақын, жазушы Бейімбет Майлиннің жұбайы Гүлжамал Майлина да осы лагерде болды.
1900 жылы Қостанай облысы, Қарабалық ауылында туған. 1938 жылы Бейімбет Майлин «халық жауы» ретінде жазықсыз айыпталып, атылғанда, жары Гүлжамал да «отанын сатқан опасыздың жұбайы» ретінде АЖИР-ге 5 жылға айдалды. 1943 жылы 5 мамырға дейін лагерде жазасын өтеген.
Гүлбаһрам Сейфуллина — Сәкен Сейфуллиннің жары.
Гүлбаһрам Батырбекқызы Сейфуллина 1908 жылы туған. Сәкен Сейфуллин екеуі 1923 жылы танысқан. Сәкен Сейфуллин оған арнап «Совпарттағы қарындасыма — Гүлбаһрамға» деген сынды өлеңдер, хаттар жазып тұрған. 1926 жылы желтоқсан айында екеуі отау құрған. 1937 жылы Сәкен Сейфуллин қудалауға ұшырағанда, «халық жауының жұбайы» ретінде Гүлбаһрам да айыпталды. Ол 1938 жылы 8 ақпанда Сәкенмен соңғы рет түрмеде кездеседі де, Ақмолаға жер аударылады. АЛЖИР лагерінде жазықсыз азап шекті. 1973 жылы өмірден өткен.
Әзиза Рысқұлова — Тұрар Рысқұловтың жары.
1937 жылы 21 мамырда Кисловодскіде демалыста жүрген Рысқұлов «пантүрікшіл», «халық жауы» деген айыппен тұтқынға алынды. Кеңестік қуғын-сүргінге ұшыраған Рысқұлов Мәскеу түрмесінде жүрек ауруынан қайтыс болды.
Тұрар Рысқұлов ұсталғаннан кейін әйелі Әзиза Түбекқызы да қамауға алынады. Әзиза Рысқұлова туған анасымен бірге 10 жылға сотталып, Қазақстандағы «АЛЖИР» лагерінде болады, анасы сол жерде өмірден өтеді. Өзі АЛЖИР-де 18 жыл айдауды бастан кешті.
Музей сыртындағы «Зерде қабырғасына» жүздеген әйелдің аты-жөні қашалып жазыпты. Әр жазудың артында қасіретке толы қаншама адамның ғұмыры жатқанын белгісіз.
«АЛЖИР» Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражай-мемориалдық кешенінің қызметкерлері «Ұрпақтар ұмытпайды» — «Потомки помнят» -«The descendants remember» атты кітабын сыйға берді.
«Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР-ның 1993 жылы 14 сәуірдегі заңына сәйкес қуғын-сүргіндерге ұшырағандар жаппай ақталды, қазақ қайраткерлерінің есімдері халқына қайтарылды. Сонда да халқымыздың басынан өткен қасіретін халық жадынан ешкім өшіре алмас. Бұл біздің Отанымыздың тарихындағы өзекті мәселе. Өткенге ой жіберіп, осы күнге жете алмай, армандап өткен асыл ағаларымызды еске алу, ұмытпау — әрбір ұрпақтың парызы.
А.Қабиденқызы, орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің
библиографы