Ақ халатты ханымдар
«Еңбек — ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» дейді дана халқымыз. Біз қазақ халқы тәуелсіздік алғалы, қуанышты бақытты күндерді бастан кешіріп, мұратымызға жетіп отырмыз. Міне осы күнге жеткенімізге де 32 жыл толып отыр. Тәуелсіздік алғаннан кейін, Қазақстанның ұл-қыздары теңдік алып, барлығы өз ынта-жігерімен қызмет алып, болашаққа құлшына ұмтылып жұмыстар ашып өмірге деген көзқарастарын қалыптастыра түсті.
Елімізде маусымның әр үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлерінің күні. Осы атаулы күні адам жанының арашашысы, ақ халатты абзал жандарға арнайы құрмет көрсетіліп, еңбектері ерекше еленеді. Дегенмен денсаулығымыз сыр беріп, жанымыз қысылғанда көмек қолын созуға қашанда дайын тұратын дəрігерлерді əрдайым дəріптеуіміз керек. Өйткені олар әрбір адамның денсаулығы үшін жауапты.
Тәуелсіздігімізді алғаннан соң, қазақ жастары түрлі кәсіп ашып, бизнестерін жүргізе бастады. Қазіргі таңда шағын бизнесті дамытып, бизнес саласының жілігін шағып, майын ішкен әлемді аузына қаратқан елімізде небір мықты майталман мамандар шығып, ел экономикасы үшін ауқымды жұмыстар атқарып жатыр.
Бүгінгі күні Щучинск қаласында жұмыс орнын ашып, халыққа қызмет істеп жатқан Абылайхан көшесіндегі №49 мекенжайында орналасқан «SANITAS» халыққа ем-шара жасау кабинеті бар екендігін біреу білсе, біреу білмес. Біз сияқты қарт адамдарға нағыз керекті орын. Өйткені, қаланың бір шетінен екінші шетіне жету біздер қаншама қиындықтар туғызады. Басың ауырып, балтырың сыздап жүргенде көлікпен болсын әйтеуір жеткенше ебіл-дебіліміз шығатын-ды. Аталмыш кабинет ашылғалы барлық орталықта тұратындар адамдар, осы жерге келіп емдерін алып, қуанышқа бөленіп жатыр.
Бұл жерге кірсең бөлмелері таза, ауасы демалуға қолайлы, дәрігердің берген тапсырмасын аса ыждаһаттылықпен орындап мұқият қарайтын әмбебап медбикелер қызмет атқарады. Қаракөз қыздарымыз үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, кішкентай балаларды да қарсы алып ем жасайды. Гүлмира, Диана есімді қыздар өте жылы жүзді, ақ жарқын. Алақандары шипалы қыздардан талай мәрте ем алдым.
Гүлмира мен Диана кабинетті өз күштерімен ашып, қазіргі күні халыққа қызмет атқарып жатыр. Ем-шараларының бағасы да басқалардан қарағанда әдәуір арзан. Мінездері де көркіне сай, ақжарқын, ашық қабақ қыздарымызға мың да бір алғыс. Өз істерін тиянақты атқаратын ақ жүректі абзал жанды жастарымыз көбейе берсін. Себебі, бүгін заман талабы басқа. Кәсіп ашып, қарекет қыл, еңбек ет, жетістікке жет деген тәмсілдің аясында қолайлы өмір сүруге болатын уақыт екендігін бәріміз жақсы білеміз.
Мен бұл жерге жиі барамын, жалғыз мен ғана емес, жергілікті халық көп келеді, барлығының айтатындары тек қана алғыс пен ақ баталарын беріп, риза боп жатады.