Қасиетінен айналайын қазақтың кең даласы. Шалқар көлі. Ақырын баяу соғатын желі кімді болсын ынтықтырып, туған жерге атажұртты аңсатып қояды ғой. Заманның қыспағымен қазақтың жері көршілес елге өтіп кеткен. Әйтпесе, әу бастан бұ жерді кеңқолтық қазекем мекендеген. Ошақтың үш аяғындай туысқан халыққа өтіп кеткенімен бұл жердің қазағы өзінің таным, түсінігіне әсте қылау түсірмеген. Солай-ақ! Бұған заман куә, адам куә, атажұртқа келген азаматтар куә!..

Тәжінұрды бұрыннан танимын. Көп сөзі жоқ, қашан көрсең екі аяғы бір етікке тығылып тыпырлап жүгіреді де жүреді. «Бурабай-Авиценна» ЖШС-нің жансақтау бөлімінде, сонсоң балалар дәрігері болып қосымша қызмет атқарды. Әйтеуір жансақтау бөлімінің меңгерушісі боп жүргенде бірер мәрте жұмысына шаруам боп бас сұқтым. Күн ыстық еді, қапырық. Ақ халат киген Тәжінұрдан жайды білдім, жағдайға қанықтым. Жағдайды айтып, жапсарды түсіндірді. Одан кейін ара-тұра кездесіп, сұқбаттасып жүрдік.

— Оу, Тәке, оңтүстік өңірінің қай жерінің тумасы боласыз деп сұрадым бірде.

— Туған жерім Ташкент облысы, Бостандық ауданында дүниеге келгем. 1979 жылы. Сосын елімізге келіп 1986 жылы Ж. Жабаев атындағы мектепке бірінші сыныпқа бардым. 1996 жылы мектепті аяқтап, 2002 жылы Ташкенттегі Педиатрия медициналық институтына оқуға түсіп, сегіз жыл оқып, Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданы, Дархан ауылында еңбек жолымды бастадым.

2012 жылы Щучинск қаласына көшіп келдім. Балалар дәрігері қызметін атқардым. Аудандық емханада балалар дәрігері бөлімінің меңгерушісі болды. Білікті дәрігер болған соң барлығына қол ұшын беріп, барынша көмектесіп, дамыл көрмейді. Былтыр 2023 жылы қыркүйек айынан бастап аты республикаға мәлім «Балдәурен» балаларды оқу-сауықтыру орталығына медицина кешені директорының орынбасары лауазымын атқарып отыр.

Иә, айтпақшы Тәжінұр Утепов жеті баланың әкесі.

Тәжінұр Утеповке әрдайым толағай табыстар тілейміз. Әрқашан биіктен көрініп, елдің ертеңгі ұландары мен қырандарының денсаулықтарына қарап, қырағы бола беріңіз. Отбасыңызға амандық, өзіңізге зор денсаулық тілейміз.

                                                                       Ж. Оспанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA