Атақты Біржан елі!

Біржан салдың жүрген жері, жүйрігінің тұяғының ізі қалған ел.

Көз салып қарасаң тұнығынан тереңдігі көрінетін Жөкей көлі. Иә, бұл төңіректің бәрі ән салып тұрғандай. Сыңсыған бала қайыңдар, тобылғы-тораңдар. Бәрі де табиғаттың қай мезгілі болса да айрықша реңінен, сұлулығынан әсте ажырамаған. Біржан салдың елінің жастары да, жасамысы да бәрі де өнерлі.

Күмбірлетіп күй тартады,

Ән салады.

Асау үйретеді. Бір жылдары ағаштан ертұман шапқан жігіттерді де естідік. Біржан сал елі десе, Біржан атамыздың әдемін әні, әсерлі үні құлағымызға келеді.

Осы төңіректің тумасы. Сәуле деген ауыл. Шағын ғана етек-жеңі жып-жинақы. Осы ауылдан түлеп ұшқан Мейрам Смағұлов деген азамат бар. Шын өнерге берілген. Өлеңге берілген. Әдемі қоңыр дауысты. 1970 жылы қыстың басы һәм қарашаның бесінші жұлдызы күні көпбалалы отбасында дүниеге келген.

Шағын ауылдың мектебінде оқып жүріп қос ішекті, тоғыз пернелі домбыраға әуес болып мектепте «домбыра классын» аяқтаған. Одан кейін қазіргі Астана (Целиноградтағы) музыка училищесіне оқуға түседі. Бұл жерді де жақсы аяқтап, Целиноград қаласындағы филормонияға жұмысқа орналасады.

Өнер саласы ізденуді талап етеді. Бойындағы өнерге деген ұлы махаббаты бар жалындаған жас жігіт Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы педагогикалық институтқа оқуға түсіп «Халық аспаптар оркестрі мен ансамбль жетекшісі» деген мамандықты алып шығады.

1996-1997 Казгородок орта мектебінде музыка пәнінен дәріс береді. Шәкірт тәрбиелейді. 1999 жылы Щучинск қаласына көшіп келіп, аудан орталығындағы Мәдениет үйіне қызметке тұрады. Сахнаның сәніне көркіне айналады. Талай сайыстарға қатысып, жұлдызы жанады, бағы үстем болады.

Ұлттық қорғаныс университетінде. Ш. Уәлиханов атындағы Кадет корпусында, Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледжде музыкадан дәріс береді. Студент жастарды өнерге баулып, қанатын қатайтуға күш салысады.

Бүгінгі күні «Балалар өнер мектебінде» музыка пәнінен дәріс беріп жүр. Бір ұлы, бір қызы бар. Қызы тұрмыста.

Иә, Мейрам Смағұлов өнерге шын жүрегімен берілген азамат. Жас кезінен қазақтың басты аспабы домбыраны толық меңгеріп, бүгінгі күні жастарға өзінің бойындағы талантын бөлісіп жүр. Жүздеген шәкіртке ұстаздық қып, ұлттық аспабымызды елге кеңінен насихаттап жүрген Мейрам Смағұловты «Ұлттық Домбыра күнімен» құттықтаймыз. Әрдайым жұлдызыңыз жоғары болғай!

Ж. Оспанов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

CAPTCHA