-Мына ауылға бұрыла кетейік,-деді көлікті тізгіндеген жігіт.
— Ол ауылда не бар, тікелей тарта бер,-деп қабағы салыңқы боп отырған аға таңдайын қақты.
— Нағашым тұрады. Жасы сексеннен асты. Сәлем бере кетейін, кеше анам марқұм түсіме кіріп еді, рұқсат болса..,-деді шопыр.
— Жарай-ды болмадың ғой, соқ, бірақ көп бөгелме, қаншама жұмыс тұр,-деді жетекшіміз. Көк шатырлы үлкен үй екен. Жүргізуші жігіт. Үйге кіріп кетті. Лезде кішкентай бала шығып: — Сіздерді атам шақырып жатыр. Қазақ баласы емес пе? Шаңыраққа кіріп сәлем бермей ме қазақ болса,-деп айтты деп таңдайы тақ ете түсіп бізден бұрын ішке кірді.
Қазақы үстелде басында ақ тақия, жағасы тіккөйлек киген қарияға алдымен ағам, сон-соң барып мен сәлем бердім. Қария қабағын жазып, сәлемімізді алды. Алдымен өкпесін айтты.
— Еліміз тәуелсіздігін алғанда «қазақтығым жасайды ғой» деп қуанып едім, әй балалар, мына үйде ақсақал бар деп тым құрыса менің аппақ сақалымды басымды сыйлап, хош көріп, сәлем берсеңдер хандықтарыңнан түсіп қалмайсыңдар, қымыз ішіңдер,-деді. Қарияның өкпесі орынды. Қазақ ауылында өссек те, кейде кісінің қабағына қарап басқа ұлттың ортасында өскендердің «дегеніне көне кететін» мінезім бар. Үнсіз отырып қымыз іштік. Қария домбырасын алып бізге ойланып қарады. Музыка түсінетін. Күй түсінетін біреулер ме, әлде қаланың қарасирақтары ма екен дегендей
— Ал балалар бір күй орындап берейін деп саусағының ұшын домбыраға тигізіп еді, күмбірлей жөнелді. Біз естімеген ерекше күй. Ұзақ толғады күйші қария. Уһ деп маңдай терін сүртті. Алдымда академия бітірген дәулескер ғажап, ғаламат күйші отыр. Жоқ қателесіппін. Кәдімгі ауылда қырық жыл жылқы баққан жылқышы бопты. Қанжығасынан қысы-жазы домбыра кетпеген, дала мектебінің соңғы тұяғы. Біраз әңгімелестік. Шопырдың туған нағашысы атасы екен. Қимай қоштастық.
— Ел іші өнер кеніші,- дедім былай шыққан соң…
— ІҺім… деді жетекші басшымыз. Домбыра ұстаған «адамды тақа жақтырмаймын», -деп қоңқ ете түсті. Әрі қарай әңгіме қозғаған жоқпын. Өйткені, бұл әңгіме Ол үшін артықтау. Қалада өскен, таза ауа көрмеген, түйсігі, өскен ортасы бөлек жан.
Араға жылдар салып былтыр жиенінен сұрадым. Жарықтық дәулескер күйші дүние салыпты. Ел ішінде біз білмейтін, білмей келген қаншама дәулескер күйшілер, мықты әншілер көп. Әлі де бар. Бірақ сұрыптап, сараптап жарыққа шығара бермейміз. Себебі өнер өлкесін арзанқол әншілер мен сайқымазақтар басып кетті. Халықтың талғамы мен танымын санасын той әндері арзансөзге жазылған көбік дүниелер жаулап алды.
***
Хош сонымен осы аптада еліміз үшін «Домбыра күні» екі ішекті тоғыз пернелі қасиетті қазақтың қара домбырасының үні күмбірлейтін күн. Сан ғасырдан бері өзіндік үндестігін үзбей ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан домбыра жарықтықтың үні кімнің болсын жан әлемін айрықша күйге түсіретіндігі жасырын емес. Көне аңыздарда атақты Шыңғыс ханның ұлы Жошының өлімін естірткен Кетбұқа күйшінің күйі. Сол заманнан әлі үні бәсеңдеген жоқ.
Қасиетті қарт Бурабайдың тарихы да әріде. Бұл өлкеден талай-талай әлі де мықты өнер иелері шығуы керек, шығады да. 2019 жыл. Бурабай ауданының «Беркімбай сазы» оркестірі республикадан бас жүлде алып елге оралды. Ақиқатын айтқанда осы күнге дейін мүлгіп тұрған ауданның бұл жетістігі кімді болсын таңдай қақтырды. Жетекшісі Бибігүл Дүйсембайқызы Әуенова.
Қазіргі таңда бұл оркестрде елуге жуық бала домбыраны жетік меңгеріп, түрлі додаларға қатысып, сайыстардан жүлделі оралып жүр. Иә, сонымен Бибігүл Әуенова ханымды іздеп барып тілдесіп қайттық.
— Жас кезімнен домбыраға әуес болдым. Атам Беркімбай Үсейұлы өте талантты домбырашы болды. Екі ішекті, тоғыз пернелі қасиетті қара домбыраны күмбірлетіп сөйлеткенде кез-келген домбырашыдан артық ойнайтын-ды. Маған нота үйретіп, домбыраға деген оятқан атам еді. Ел ішінде «Домбырашы Беркімбай» атанып кеткен. Кез-келген тойдың сәні де, мәні де атам болатын. Мектеп сахнасынан бастап домбырамен өнер көрсетіп күй тартып жүрдім. 2001 жылы Щучинск қаласындағы Жоғары педагогикалық колледжіне музыка саласы бойынша оқуға түстім. 2008 жылдан бастап «Арман» өнер мектебінде домбырадан дәріс беремін. Қазіргі күні елуге тарта шәкіртім бар. Талай жүлделі орындарға ие болып, ауданымыздың есімін елге мәшһүр қып жүр.
Қасиетті қазақтың қара домбырасының үні кімді болсын өзіне еліктіріп, мүлгіп отырған әлемге оятатын зор мүмкіндігі бар. Төрінде домбыра ілінбесе, демек ол-үйдің қазақы ұғымы, қазаққа деген махаббатының аздығы деп білем өз басым,-дейді Бибігүл Әуенова.
Иә, ұлтымыздың басты құндылығы «Домбыра күні» құтты болсын ағайын!
Қоңыр күйдің иесі болатын ұрпақ өсіп жетіле берсін! Домбыра қазақтың басты құндылығы екендігін естен шығармайық.
Ж. Оспанов